Құмның екінші тынысы
Құмның екінші тынысы
10 жыл бұрын 6091
Тамара Қуанышбекқызы

Құмы сусыған даланың да өзіне тән өмірі бар дейді... Құм да сөйлейді, сызылтып ән салады дейді... Қызық, сонда не айтады екен? Әндері де тек мұнды болып келетін шығар... Бірақ, мінезі сондай қатты, қайтуы қиын қатал әке секілді, дейді бір жағынан. Сондайда өзінің сызылтып ән салатын өнерінің бар екеніне сенбей қаласың... Бірақ, өзіне бір келіп қалған адамның орнынан тік қопарылып, қайта көшіп кетуі қиын көрінеді. Неге? Мұның себебін сонау балалығын осы далада өткізген қарттың өзі де айтып бере алмайды.

...Менің алдыма екі таңдау қойды. Бірі құм дала, екіншісі алдынғысына қарағанда нағыз жұмақ – Қазығұрт тауы. Қазақ атамның басынан кешірген қалың шежіресін белінен бір бүктеп, қойнында сақтаған Қазығұрт – өзіңе деген көңілім алабөтен!.. Тасқа айналған қырық қызыңмен бір жүздесіп қалудың өзі не тұрады... Бірақ, осы жолы бар сырын ішіне бүгіп, тымырайған Қызылқұмды таңдадым. Шекарашылардың төл газеті үшін апталап іссапарда жүретін әріптестерімнің бірі оңтүстікке жасаған сапарында Қызылқұмды шарлауға тілек білдіріпті. Осы сапардан тым  әсерленіп оралған ол сосын газетке мінезі жібектей деуге келмейтін Қызылқұм туралы мақалалардың бірінен соң бірін ағытты-ай, келіп. Менің жұмақ таудан гөрі құмды таңдауыма сол әріптесімнің сондағы алабұртқан мінезі себеп болған сияқты. Шардара қаласының дәл жанында үстінен аппақ шағаласы шаңқылдап ұшқан теңіз бар. Дәлірегі бұл – адамдардың «туындысы». Осы теңіз бітісімен, өзін бір көруді арман еткен Қызылқұм да басталады.

Қазбалай берсең, шекараның, осы шекарада қызмет еткен, ететін жандардың басынан кешірген оқиғалары шексіз. Осы аймақтың комендатымен бірге Қызылқұмның шетіне аяқ басқан кезімізде бір қарт шекарашының айтқан әңгімесі ғайыптан жадыма оралып, еріксіз езу тарттым.

...Түркіменнің шеті көрінбейтін құм даласында қызмет етіп жатқан заставаға бір күні сонау Мәскеуден ат арылтып, бір тілші келеді. Келе салып, әйда, қолындағы фотоаппаратымен алай да сыртылдатып, былай да сыртылдатып, шекарашылардың нарядтағы қызметін, атпен, итпен қалай қозғалатындарына дейін суретке түсіреді. Қызметке кедергі келтірді деп іштей қынжылғанымен жоғарыдан түскен бұйрықты аттай алмаған застава бастығына амалсыз өзге шаруаны жиып қоюға тура келеді. Әйтсе де әлгі тілшінің осы сапар кезінде сыртылдатқан суреттерінің бірі кейін халықаралық көрмелердің біріне қатысып, жүлдеге ие болды. Ол қандай сурет дейсіз ғой. Бір күні шекара нарядына шығып, қылтанақсыз құмның төсінде келе жатқан шекарашыларды ойына бірдене түсіп кеткендей аяқ астынан тоқтатқан тілші застава бастығынан атымен біраз жерге дейін барып, кері қарай қайта жаяу аяндап жүруін өтінеді. Застава бастығы келіседі. Әудем жерге дейін барған ол тілшінің белгісімен атын жетектеп кері жүреді. Тілші осы кезде қасындағы екі шекарашыға «қолдан құйын тұрғызуды» бұйырады. Ойында ештеңе жоқ, заства бастығы қастарына қайта оралып келе бергенде тілшінің: «ал бастандар» деген бұйрығымен жауынгерлер, құдды артқы аяқтарымен топырақ шашқан шибөрілердей командирлеріне қарай құм шаша бастайды. Аяқ астынан «құм дауылға» тап болған офицер сасқалақтап, шаң-тозаңнан бетін көлегейлей бергенде тілшінің де «қаруына» жан бітеді. Застава бастығы шынында да кейіннен құмды дауылға қалып қойған шекарашының кейпінде нанымды шыққан суретті газеттен көргенде екі сағат бойы езуін жия алмапты.

... Қалың құмның ішінде жолдан адасып, шөлдің азабын әбден тартқан адамдар да қайда шықса да жандарынан су құтысын тастамайтын әдет пайда болатын көрінеді. Адам әсіресе шөл далада қанша уақыт сусыз шыдайды? Бір, екі, үш күн, әлде сағат па... Жоқ, адам тамақсыз шыдар, ал сусыз... Құмның ішіне дендеп енген сайын сауалдар да ызыңдаған масаша қаптай бастады. Сағымға оранған далаға қарай-қарай көзім талды. Құмның екінші тынысын құлағыммен естіп, көңіліммен тезірек түйсінгім келеді.

Түн. Төменде заставадан әудем жердегі малшы қосынының оттары жымыңдайды. Айнала дүние ұйқыға бас қойып, маужырап жатыр. Бәрі-бәрі, тіпті күні бойы жағына бір тыным болмаған шілделіктің үні де толас тауыпты. Неге екенін, дәл осы сәтте жарықтық жер-Ананы тәтті ұйқысынан оятып алып, сырласқым келді. Сонда, айналайын жер-Ана жайланып отырып алып, төсіндегі тіршілікті асықпай айта бастар еді. Оның ішінде, дүние жаратылғалы құмның өгей баласы екенін, бірақ мінезі адамдар ойлағандай тастай қатты еместігін баппен түсіндіреді. Сосын, қарашы дер еді, менің төсімде қаншама адам тіршілік етеді. Олар кеудеме өсіп шыққан тау мен жазық далада, құм да берген ризығыма шүкіршілік етіп, күнін көріп жатыр. Құмның екінші тынысы деймісің, ол менің өгей ұлымның тынысы ғой. Өгей демейінші, ол да төсімді емген балам ғой, күнұзақ тіршіліктен қатты қажиды. Сондайда менің уайымдаған көңілімді аулап, өзінің ән салатыны бар. Онысы кейде мұңды болып шығады. Адамдардың кейде түн баласына толастамайтын қыбыр-жыбырынан ұлым ұйықтай алмай ұзақ дөңбекшиді. Шаршағанда сөйлейтіні де бар. Сонысын адамдардың құлағына жел шіркін жеткізген болар. Адамдардың қыбыр-жыбыры. Әу, бұл – менің әріптестерімнің түнді елемеген суыт жүрістері болмағай. Ұлыңның төсіне келіп тұрақтағанына оншақты жылдың жүзі болды. Түн тыныштығын бұзған жүрістерін кешіре гөр, олар елінің тыныштығы үшін өз ұйқысын ұмытқандар.

- Тыңдашы, Ана! Бір кездері үдере көшкен адамдар ата қонысы - ұлыңның төсіне қайта оралып жатыр екен. Малдарын бағып, тіршілігін күйттеуге кірісіпті. Келе жатып байқадым...

- Е-е, онысына да шүкір. Кезінде сәл қиналғаннан кеткен болар, енді қайта оралып, ұлымның бергенін теріп жесе де әжеп емес...

Қасиетті жер-Ананың үнінен мен күткендей реніштің табы сезілмейді. Жарықтық, адамды дүниеге әкелген Ана мен жер-Ананың арасында айырмашылық жоқ, екеуі де кеңпейіл, екеуі де кешірімшіл. Құмның бар байлығы – сексеуіл, жыңғылдар ретсіз оталып кетіп жатыр. Бүйте берсе, оншақты жылдан соң тұттай болып жалаңаштанып шыға келер. Жер-Ана ауыр күрсінді. Кей адамдардың тойымсыз әрекеті жанын жегідей жейтін болар, осы сәт маған ананың мейірімге толы қос жанары меймілдеген жасқа толып шыға келгендей көрінді... Осы сәт табиғаттың байлығын аяусыз бұтарлаған балтаның өткір жүзіне қалайда тосқауыл болғым келді. Бұған да тоқтамағандарға: «Естеріңді жинаңдар, адамдар! Не істеп жатқандарыңды білесіңдер ме?», -деп Қызылқұмды ғана емес, бар дүниені басыма көтеріп, жан дауысыммен айқайлар едім. Анау Бетпақтың шөл даласы, мынау Қызылқұм, түйелері маң-маң басқан Маңғыстаудың сары даласы... Сұлулығын көздеріңмен емес, көңілдеріңмен сезініңдерші. Сызылтып салған әніне құлақ түріңдер. Жоқ, жоқ, дала кезген желдің ызыңы ғой дей салмаңдар, өйдесеңдер, сендер керең ғана емес, көкірек сарайларыңның бітеу болғаны!

...Аяқ астынан сырт ете түскен дыбыс мені нақты өмірге қайта жетектеп әкелді. Сол-ақ екен, жер-Ананың іші самаладай жап-жарық отауымен бірге құмның бойымды баураған әні де демнің арасында жым-жылас жоқ болды. Өкінгенім сонша, жер-Ананың кеудесін дүрсілдетіп, елестің соңынан қуғым келді. Бірақ, Анасын әнмен әлдилеп ұйықтатқысы келген құм даладан бата алмадым. Жер-Анамен сырласып, құмның екінші тынысы мен әнін тыңдағанымды місе тұтып, заставаға оралдым. 

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.5
200 дауыс
14 пікір
  • Өте тамаша жазылған, қаламыңыздың сиясы кеппесін, басқа да мақалаңызды күтеміз, іске сәт. Бұл жалғанда әділдік болса жеңіске жетесіз деп ойлаймын.
    10 жыл бұрын
  • Мен сізге сәттілік тілеймін! Өте тамаша жазылған!
    10 жыл бұрын
  • Құмның екінші тынысы... тақырыбы жақсы екен. Оқып шықтым. Маған ұнады.
    10 жыл бұрын
  • Тамара апай, өте тамаша! Қаламыңыз мұқалмасын! Тек қана жеңіс тілеймін!!!
    10 жыл бұрын
  • Мақала өте жақсы жазылған. жаксы дүниелерді окитын окырмандар катарынын көбеюіне тілекшіміз. макаланын такырыбы да, ішкі мазмұны да жоғары деңгейде.
    10 жыл бұрын
  • Мақаланы оқып шығып жақсы әсерде қалдым. Авторды ішкі ойы, оқырман көкейіне бұқпасыз жетері анық. Сәттілік, Тамара апай!
    10 жыл бұрын
  • Әңгімеңіз жақсы әсер қалдырады екен. Сізге сәттілік тілеймін. Жүлдеге лайық шығарма.
    10 жыл бұрын
  • Әңгімеңіз жақсы екен. Сізге сәттілік тілеймін!
    10 жыл бұрын
  • Тамара Қуанышбекқызы, сіз әңгіме арқауына айналдырған Қызылқұмның төсінде мен де қызмет атқардым. Қызылқұмның мінезіне кез келген жан шыдай бермейді...
    10 жыл бұрын
  • Құрметті оқырмандар (дауыс берушілер),
    Біреуіне 5 деген бағаны қойып, ал қалғандарына 1 қойғандарыңыз әділетсіздік болып табылады.
    Кім қай әңгімеге, қандай баға беріп отырғанының барлығы бізде бақылануда.
    Олай жасамауларыңызды қатаң түрде ескертеміз!
    10 жыл бұрын
    • Мен журналистика саласында жүргеніме 20 жылдан асты. Менің мақала жазудағы өз стилім бар. Менің шығармаммен жақсы таныстар маған бестік бағаны қойғандары әділ. Түсінбейтінім, біреулер солақ екен 1-ді қояды. Мен басқа әңгімелерді оқып шығып, өзімнің әділ бағамды қойдым деп ойлаймын.
      10 жыл бұрын
  • Әдеміііі екен! Өмірімде құмды жерді көрмесем де, көргендей болдым. Рахмет!
    10 жыл бұрын