Өгей өмір
Өгей өмір
2 жыл бұрын 2129
Нұрлан Қалқа

Ерсайын аға көршіміз еді. Өте бір ақ көңіл, қалжыңбас, иман жүзді, жас кезінде серілеу болған жігіт ағасы мені өзіне жақын тартып, “інім” деп кетті. Түр-түсіміз ұқсас-ты. Ал, зайыбы Гүлбүбі тәте сондай бір керемет кісі. Былай қарағанда, оларда бәрі болды. Басында жатақханада тұрғандарымен, кейінен үш бөлмелі пәтерге қолдары жетті. Жекелік көлік те алды. Тұрмыстары жақсара түсті. Өздері бір-бірін қатты қадір тұтып, ерекше сыйласатын. Біз қарап тұрып қызығатынбыз. Ерекең ішімдік ішпейтін. “Кезінде “нормасын” асыра орындадық қой” деп әзілдейтін. Алғашқы кездері шын бақытты жұптар екен дестік сырттай қызығып. Араласа келе, олардың шын мәнінде жүректері жаралы екенін білдік. Бәрі бар, құдай тек қана бір шаранаға зар қылып қойған. Ерекең азамат емес пе, бұл жөнінде сөз қозғамауға тырысатын. Гүлбүбі қанша дегенмен әйел заты ғой, менің келіншегіме ішкі арманын сыр ғып шертіп, көз жасын төгіп-төгіп алады. “Амал қанша, бір нәресте сүйсек қой” деп еңірегенде етегі жасқа толады. Кейде бұған күйеуін кінәлап отыратын. Мен оған онша мән бермедім ол кезде. Ойымда “Күйеуіңіз бе, әлде, өзіңіз бе, кінәлі?” деген сауал көкейімде тұрушы еді. Әрине, бұл ойымды сыртқа әсте шығарған емеспін. Жаны күйзелген жанның жарасына тұз сеуіп қайтем. 

Бір күні ол үйде ұлан-асыр той болды. Ерекең туған інісінің қызын алты айлығыннан бағып алатын болып шешіпті. Інісі балалы-шағалы-тұғын. Бір ұлы барын естігем. Мына қызын ағасына беріпті. Сондағы Гүлбүбінің қуанғанын көрсеңіз. Тегінде, әйел бақытынан асқан бақыт жоқ-ау. Жеңгеміз де, ағамыз да құлпырып сала берді. Ерекең інісінің қызын өз баласындай бауырына басып, өте жақсы көріп кетті. Балажан–ақ екен. Тәте болса, барын соның аузына тосып, арқасынан тастамай жүріп өсірді. Не ішем, не кием демеді. Енді алты айлығынан бақса, туған анасындай болмағанда қайтеді. Ойыншықтың түр-түрі де сол Меруерттікі еді. Туған күнін, бірде-бір қуанышын атаусыз қалдырмайтын. Үйлерінен қонақ арылмайтын.

Өзім куәгермін. Ерекең жұмыстан келіп, қызын аймалап отырып, тақпақ үйретіп, ертегі айтып беретін. Менің әйелім “Сен туған қызыңды Ерсайын ағадай жақсы көрмейсің. Балаға суықсың” дейтін. Мен іштей қанша жақсы көрсем де сырттай сездірмеуге тырысатын едім. Өйткені, бізді әкеміз солай өсірді. Тәрбие солай болды. Әйтпесе, менен өткен балажан әке болмас.

Арада үш жыл өтті. Меруерт балпанақтай болып өсті. Кішкентай кезінде қаншама ауырды десеңші. Аяғын сындырып алған да кездер болды. Гүлбүбі мен Ерсайын соның бәрін қабағын еш шытпастан көтере білді. Қыз баланы мәпелеп өсірді. Бір күні әйелім түйеден түскендей:

- Меруертті шешесі алып кетіпті,- деп салғаны. Не дерімді білмей, табанда:

- Кім? – деппін.

- Кім болушы еді, Ерсайын ағаның келінін айтам да,- деп мән-жайды түсіндірді. Кейіннен Ерсайын ағаға:    

- Неге бердіңіз Меруертті? – деп сұрадым. Ол:      

- Келін қызымды бермесе, ажырасамын депті,- деді бар болғаны.         

Міне, содан кейін олардың қабағын қайтадан уайым бұлты торлады. Інісі мен келінінің бұл ісіне айдалада жүріп, әйелім екеуміз күйіп-пістік. Кім де болса, ашуланар еді ғой. Алты айлығынан бастап үш жасқа дейін бағып-қағып өсірген баладан ажырау оңай болсын ба?! Мен іні мен келіннің қатыгездігіне налыдым. Өздерінде бала болмаса, жөн-ау. Осыдан кейін бұл өмірді - өгей өмір, бұл тірлікті - өгей тірлік, мұндай бауырды бір анадан туса да – “өгей бауыр” демеске шарам қалмады.    

Одан бері қаншама жыл өтті. Әлі күнге дейін сол оқиғаны есіме алсам, жүрегім қан жылайды. Ерекеңнің “Біздің үйде бір қыз бар, шекесінде жұлдыз бар…” деп әндетіп отырғаны көз алдыма келеді. Гүлбүбі болса, Меруертті арқалап алып, бір қолына ауыр қапшық ұстап, бір қолымен шанасын сүйретіп, жүзі бал-бұл жанып, үйіне кетіп бара жатқандай болады да тұрады…

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.0
43 дауыс
0 пікір