Кепиет
Кепиет
10 жыл бұрын 5954
Жанболат Башар

Терезелері тұмшаланған қара «Джип» көлігі Арқарлы асуынан асқан соң жер танабын қуырып, қатты жүрді. Жол жиегін қуалай өскен сидам ағаштар жалт етіп, қол бұлғағандай дөңгелеп артта қалып барады. Кей тұста текше-текше егін алқаптары көзге шалынады. Алыста мұнартқан тау жоталары бұлармен қапталдаса жарысып қалар емес. Үлкен  машинаның артқы орындығына жайғасқан Мергенбай терезе әйнегінен төңірекке сүзіле көз тастап, осынау әсем көрініске телміре қарауда.

Қатты жүрген көлік бір мезет жүрісін бәсеңдетіп, тас жолдан түсіп оң қапталдағы биік тау қолатына қарай маңдай берген. Таптауыр дала жолымен сүт пісірімнен артық жүріп келіп, манадан көз тартқан жоталы биіктің етегіне жетіп тоқтады.

- Міне, осы жер, - деді Мергенбай жерге түскен бетте жігіттерге бұрылып. - Бұдан әрі тауға жаяу шығамыз. Біраз жер жүрсек, алдымыздан Найзатастың қасиетті бұлағы көрінеді. Ол бір керемет жер. Қазір көресіңдер. Осыны айтқан ол:

- Дасан, менің кешегі атсоғарым қайда? Ол бізге керек, - деді. Сонсоң биік таудың жоталарына қызыға көз тастап: - Көрдіңдер ме, Жетісудың кереметін?! - деп сүйсіне тіл қатты.

Осы кезде соңдарына ілескен екінші көліктегі жігіттер де жетіп тоқтаған. Мергенбай Дасан әкеп берген бұзаутіс, жуан атсоғарды қолына алып жатып: 

- Осы арада бөлінеміз. Біз төртеуіміз тауға шығып, жер жағдайын көріп келейік, қалғандарың осында қалыңдар, - деді. Сонсоң қасына Дасан мен өзінің қарулы оққағары, көпшілік жуан жұдырық атап кеткен Оқанды, ел жақтан ала келген сәулетші жігітті ертіп тауға беттеді. Ұзақ жүрістен құрысқан денелерін жазған аптал азаматтар тау басына лезде көтерілді. Қатты жүргеннен болар, жотаға шыққанда Мергенбай мырза сәл алқынып қалды. Сосын бүлдіргесін қолына ілген атсоғарын бүктеп ұстап, балағына жабысқан шөп-шаламды қағып жатып:

- Енді біраз жүрсек, Найзатасқа ілігеміз.

Сәл тыныстап алған  жолаушылар ентелей басып қайтадан алға көтерілгенде, қарсы алдынан шағын ауыл шықты. Бір жерде палатка, бір жерде киіз үй тігілген кішігірім ауыл секілді. Үлкенді-кішілі бала-шаға, ақ жаулықты аналар мен қартаң адамдар. Бәрі әлденеге үймелесіп, өзді-өзі әбігер. Сол сәтте Мергенбаймен қатарласа келе жатқан Дасан:

- Аға! Аға!Ананы қараңыз! -  деді шошына тіл қатып.

Қалт тұра қалған Мергенбай, өзіне таяқтастам жерде бұған айбат шегіп, шаншыла ысылдап тұрған қарашұбар жыланды байқады. Кәпірдің түрі не деген суық?! - деді іштей тіксініп, бойын тез жиаған ол. Іле-шала шалт қимылдап, қолындағы жуан атсоғарын жыланға қарай ысқырта сермеп қалды. Кісінің қаһарынан ықты ма, жылан да көзден ғайып болды.

- Қайда кетті? - деді ол, - қамшы тиген жоқ, тисе басын бөліп түсетін еді. Тигізейін деген мен де жоқ, әншейін жасқадым. Енді жоламайды,- деді ол.

Бұлар келгенде мұндағы адамдар бұлақтан су алып, бірі жуынып, бірі ішіп, енді біреулері үстеріне бұлақтың табанындағы ақ балшықты тізелеріне, денелеріне жағып емделу үстінде екен.

Мергенбай демалушылармен жылы амандасып, кейбіреулерін сөзге тартып, жағдайларын сұрап, ілтипат жасады.

 Тау басындағы жазыққа өздерімен бірге ала келген ақ кенепті жайғызып, соның үстіне жайғасқан ол жігіттеріне қасиетті бұлақтан үлкен ыдыспен су алдырды.

- Көпшілік осы араның суының ғажайып емдік қасиеті бар деп жыр қылып айтады. Жалғыз су емес, әлгі бұлақ табанындағы ақ балшық та дертке дауа деседі. Арқаның апай төсіне үйірлеп жылқы өсірдім. Теңіздің теріскейі мен түскейін жайладым. Енді  жер жәннаты Жетісудың осы бір қасиетті жерін меншікке алып, ел демалатын кереметтей шипажай ашуды ойлап келдім, - деді Мерген мырза  төңірегіне барлай қарап.

- Бұл жер менің назарыма ертеден іліккен, - деді ол жайылған ақ кенептің үстіне малдасын құрып жайғасқан қалпы.

- Көкейде жүрген, ойдағы жоспар еді. Бүгін сәті түсіп осында кеп отырмын. Сіздер алаңсыз демала беріңіздер. Ұзамай үлкен құрылыс жұмысын бастаймын. Әуелі қай жерден не салатынымызды ойластырып алған соң іске кірісеміз. Сондықтан, жер жағдайымен танысқалы келген бетім, - деді.

- Әркім әрқалай айта береді ғой. Бұл жердің қожасы әлгі жыландар деген секілді. Жылан жерге қожалық етпей-ақ, өзінің амандығын ойлап алсын. Бұл жердің ендігі қожасы мен боламын. Есімім-Мергенбай, - деп ол жағалай жиналып қалған адамдарға  шола көз тастап. Көпшілікте үн жоқ. Бәрі Мергенбай мырзаға үрке қарап тұрған секілді ме, қалай?.. Оны елеп жатқан Мекең жоқ, бұлақтан әкелген  дәу ожау толы суды қолына алып:

- Мөп-мөлдірін қарашы, таудың суы ғой жарықтық! Қасиеті де сол шығар, - деп ожаудағы суға тамсана қарады. Осыны айтқан ол ыдыстағы суға әуелі ернін тигізіп, ауыз толтыра ұрттады. Сол мезет, адам сенгісіз оқиға болды. Ұрттап қалған жылы қоңыр су, су емес, әлде бір гәп аузына жабысып тілін суыра жөнелді. Мергенбай не болғанын білмей қалды. Су толы ожау қолынан ұшып кетті. Оның орнында ирелеңдеген бәле бет-аузына жабысып, мойнына оралып қалған. Мына сұмдықты көрген адамдар үрейлері ұшып, отырған орындарынан сонадайға ыршыды.

Мергенбай болса «а,..а,..а,..а,..» деп қарлыққан, қыстыққан үнмен тұншыға дауыстап, екі қолы ербеңдеді де қалды. Бәрі қас пен көздің арасында болды.

Келесі сәтте айғайлаған адамның зор денесі сылқ етіп, шалқалай берді. Соны тосқандай қара шұбар жылан да, мырзаны жайына қалдырып жөніне кетті. Жиналғандар не болып, не қойғанын түсінбей үрей үстінде. Сонда ғана мырзаның соңына ерген серіктері, естерін жинап:

- Ойпырмай! Меке, Меке! - деп қожаларының қасына құрақ ұшып жеткен. Көзі апалақтаған Мергенбай жігіттеріне қолымен: «әкетіңдер» деп ымдаған болды. Екі қолтығынан демей көтерген көмекшілері мырзаны ала жөнелді. Таудың балағында қалған көлікке дейін бірқауым  жер.

- Тез, дәрігерге жеткізу керек.

- Алла ұшығынан сақтасын, - деп қожаларын қолтықтаған  екі жігіт жүгіре басып таудан түсіп келеді. Сәулетші жігітте де ес қалмаған. Мекеңнің түсіп қалған атсоғарын алып, соңдарынан еңкеңдеп, жүгіре басуда.

Мергенбайда үн жоқ. Жылан тура тілінен шаққан. Пәленің тісі тиген жер бірден суынып, тілі аузына симай бара жатты. Таудың  орта тұсына келгенде Мергенбайдың бүкіл алқымы мен тамағы жансызданып, көзі бұлдырап, аяғын басудан қалды. Жандары түршігіп, жанталасқан серіктері де қайратты жігіттер еді, қожаларының зор денесін екеулеп көтеріп көлікке алып келді. Бұл кезде мырзаның денесі суып бара жатты.

Жігіттер қалай да мырзаны аман алып қалу үшін денесіне у тарап кетпей тездетіп дәрігерге жеткізуге асығып, дала жолымен құйындай заулап, күре жолды өкпе тұстан қиып алуға асықты.

Бұл уақытта Найзатастағы емделушілер қас-пен көздің арасында болған әлгі жағдайға сене алмай үрейленіп қалған-ды. Кейбіреулері тіпті көріп те үлгермеген екен, «не болды, не болды?» деп бір бірінен сұрап жатты. Сонда демалушылардың арасында жүрген ақ жаулықты ана:

- Ей, қарақтарым-ай! - деді қинала қынжылып. - Бұл жердің суының өзі дертке дауа, бір лайланбайды, қашан көрсең сол мөп-мөлдір қалпынан жазбайды ғой. «Бұлақ басынан тұнады» деген қайнардан бұрқылдап шығып жатқан судың өзі тұмадай. Қасиеті бар. Жұрт бекер айта ма?! - деді.Содан соң әжімді жүзі сәл күлімдеп:

- Таңертең мына Назым, немерем ғой, жарығым, ұйықтап жатқан. Мен таң намазынан соң таспих тартып отырдым. Шатырдың іші ағараңдап қалғанда байқадым,немеремнің ар жағында баламның бойымен бірдей боп, ирелеңдеген қарашұбар ұзынынан-ұзақ созылып жатыр екен. Зәре-құтым   қалмады. Ішімнен білген дұғамды оқып қозғалмай отыра бердім. Бір Аллаға сыйынып, жаратқанға жалбарындым. Бір кезде әлгі ирелеңдеп шатырдың іргесінен сыртқа шығып кетті.

Жаратқан-ай, десейші!.. Көзің жамандық көрмесін, қарақтарым. Тәңертең тұрсам, баламның бетіндегі жарадан із қалмаған. Бүгін жұма ғой. Біз дүйсенбіде келген едік. Бұл жердің емі шипа болды. Екі жылдан бері немеремді апармаған дәрігеріміз қалмаған, бетіне түскен жара жазылмай уайымдап едік. Алла сәтін салып оңалды, - деді. Осыны айтқан Зағипа  апа ойланып отырып қалды. Отырғандардың бәрі де үнсіз.

- Егер, анау жерден осында келе жатқанда алдыңнан ирелеңдеп шыға келсе, кірмей-ақ, кері қайтқаның абзал. Ол сенің ниетіңді біліп тұр. Өзіңе жамандық тілеп қайтесің, ал әлгі жігіттер аман болсын. Бұл бір қасиетті жер ғой, соның кепиетіне ұшырамаса жарар еді, - деп сөзін аяқтады Зағипа апай.

Отырғандар да апайдың не туралы айтып отырғанын іштей ұғып, үнсіз қалған.

Бұл кезде Мерген мырзаны қалайда аман алып қалуға жанталасқан жігіттер «дәрігерге, дәрігерге, жеткізейік» деп құстай ұшып келе жатты.  Мырзаны артқы орындыққа жайғастырған Дасанда ес жоқ:

-Меке, Меке! - деп науқастың маңдайын суық сумен сүртіп, жанұшырып келеді. Жүйткіген көлік  күрежолды қиып алған кезде мырзаның да ұлы кеудесінен шыбын жан шіркін шырылдап ұшып бара жатты. «Ажал айтып келмейді» деген сол.

Не керек, атқан оқтай тура келген ажал, найзадай қадалған қарашұбар жыланнан келді.

Неге ол жердің аты Найзатас екен? Жылан мен найзаның арасында қандай байланыс бар? Ешкімнің оны ойларға шамасы жоқ-ты. Және енді оны ойлағаннан не пайда?!

Осы кезде артқы орындықта отырған Дасан:

- Жігіттер, тоқтаңдар. Мергенбай ағадан айырылдық,- деді. Жұлдыздай ағып келе жатқан көлік қара жолдан ауытқып кете жаздап барып, әзер тоқтады.

Іле-шала арттағы көлік те өкшелей жетті. Жерге түскен жолаушылардың бәрі де үнсіз. Жол жиегінде  состиып-состиып тұрып қалған. Құдды абаданын алдырған ұялы қасқыр секілді. Әрі қарай не істеу керек екенін білмей дал.

- Суды сен әкелдің ғой, Оқан. Жылан оның қай жерінен шықты? - деді осы үнсіздікті бұзған Дасан қожасының неден өлгеніне, қалай өлгеніне әлі де сене алмай.

- Жоқ, оның ішінде жылан жоқ-ты. Суды әкеле жатып менің өзім бір ұрттап іштім, - дейді ол.

- Онда қайдан келді ол?

Бәрі де үнсіз, иықтарын көтереді.

Сарыарқаның сауырын жайлап үйірлеп мыңды айдаған бай, түкірігі теңізге де, жерге түспей тұрған Мерген мырзаның ажалы қайдағы бір жәндіктен келеді деп кім ойлаған?! Кім біледі, жердің кепиеті ұрды ма, киеге жолықты ма, әйтеуір бұл бір жұмбақ өлім болды.

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
3.4
118 дауыс
14 пікір
  • өте жақсы
    10 жыл бұрын
    • Жанболат аға, қаламыңыз талмасын, еңбегіңіз жана берсін. Осындай шығармаларыңызбен оқырман қауымын қуанта беріңіз. Сізге барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін.
      10 жыл бұрын
    • Жанболат аға, Сіздің әр еңбегіңізді оқып, ойға түйіп отыратын оқырманыңыздың бірімін. Шығармаларыңыздан керемет бір қазақтың өзгелерде қайталанбайтын шынайы оқиғалары көрініс тауып тұрады. Оза шауып бәйге алыңыз. Соған тілеулеспін.
      10 жыл бұрын
  • Жанболат аға, шығармаңыз көңілімнен шықты.... Жеңіске жетуіңізге тілектеспін!
    10 жыл бұрын
  • Жатай, сізге жеңіс тілеймін, шығармаңыз жоғары дәрежеде жазылған, бәйгеден озып шығады деген үміттемін.
    10 жыл бұрын
  • Жанболат аға, шығармаңыз көңілімнен шықты.
    Жеңіске жетуіңізге тілектеспін!
    10 жыл бұрын
  • Исі нен қазақилық шығып тұрған шығарма деп баға берер ем. Зұлымдақ пен қаныпезерліктен тайынбай тұратын осынау қара көз бауырларыңыз бен қарындастарыңыз мынандай шығармаларды оқитын болса, тым болмаса қорқыныш деген сезімдері ойанар деп ойлаймын. Бұл шығарма осы тұрғыдан алғанда көлге тамған тамшыдай қызмет етеді дегенге мен кәміл сенімдімін. Сиясы кепеген шығарманың ғұмыры ұзақ, оқырманы көп болғай....
    10 жыл бұрын
  • Құрметті оқырмандар (дауыс берушілер),
    Біреуіне 5 деген бағаны қойып, ал қалғандарына 1 қойғандарыңыз әділетсіздік болып табылады.
    Кім қай әңгімеге, қандай баға беріп отырғанының барлығы бізде бақылануда.
    Олай жасамауларыңызды қатаң түрде ескертеміз!
    10 жыл бұрын
  • Жеңіске жетуіңізге тілектеспін!
    10 жыл бұрын
  • жолыныс болсын
    10 жыл бұрын
  • Жолыңыз болсын АҒА сізге жеңіс тілейміз.
    10 жыл бұрын
  • женіс тілеймін
    10 жыл бұрын
  • Жанболат ага, жеңіс тілеймін!
    10 жыл бұрын
  • Шығарма қатты ұнады! Алдағы уақытта сайттың бетінен осындай әңгімелер көргіміз келеді.
    10 жыл бұрын