Жатырда жатқан жақсылық жасаушы
Жатырда  жатқан  жақсылық   жасаушы
2 жыл бұрын 5517
Абай Хамза

Аппараттың айнасына үңілген дәрігер кенет: «Сіз қай жақтансыз?» деді.

Ұлбосын құрсақ тұсын сап-салқын сайманмен басып отырған дәрігерге: «Семейдің Абыралысынан» деп қысқа жауап қайтарды.

Дәрігер әйелдің «І... і... і..м» деген үні сөзге бергісіз мағыналы әрі үрейлі естілді. Ұлбосын «нендей жағдай?» деп сұрауға жүрегі дауаламады.

Көңіліне ызғарлы күдік көлеңкесі түсе қалды. Суық ойлар да қыраудай ұшқындап қаптап келеді: «Тұрғанға күйеуге шығып, сегіз жыл бойы бір шаранаға зар болып, енді бірдеңе бола ма, дегенде не болды тағы?!»

Ұлбосын: «Екіқабатпын ба, жоқ па?» деген сөздің тілінен қалай шығып кеткенін де аңдамады.

Дәрігер болса: «Иә...» дегендей сөз бен үннің арадығындағы бір сараң жауабына: «бірақ....» деген сөзді қосты.

Жаңағы күдік көлеңкесі енді, қорқыныштың  қараңғылығына қарай ауысып барады. Ұлбосынның көз жасы емханадан үйге жеткенше тиылмады. «Өзің сақтай гөр, жасаған...» деп, күбірлей береді.

Үш күн өткенде бәрі де айқын болды. Тұрған мен Ұлбосынды шақырған дәрігерлер кеңесі: «Үш айлық шарананы аборт арқылы алып тасатау қажет» деген шешім шығарғанын хабарлады.

Ұлбосын дәл төбесінен сел құлап келе жатқандай: «Неге!!!» деп шар ете түсті.

Бас дәрігердің: «Іштегі үш айлық шарананың оң жақ аяғы тізеден төмен кем екендігі УЗИ-де анықталды» дегенде Тұрғанның: «неліктен олай?!!» деп өксік араласа ышқына шыққан сұрағына: «Радиация тұқымға әсер еткен...» деген қысқа жауап айтылды.

Әттең! Адамның өмірі сұрақ пен жауап арқылы шешіле салса, жан қиналысы деген болмас еді-ау! Жиналып отырғандардың бәрінің көңіл күйі астаң-кестең болды. Аяушылдық пен заңшылдық, адамгершілдік пен сөзуарлық, кісілік пен ресмилік тайталасқан ой-пікірлер су бетіндегі сеңдей соғылысты.

Бас дәрігердің: «бұл кемшілік ұлтымыздың генофондына зиян» дегені, басқаларының «кем сәби туғанша, сау сәби тауып аласыз ғой...» деп алдаусыратқаны Ұлбосынды иліктіре алмады.

Қабағын қайғы көлеңкесі жапқан екіқабат келіншек: «Шолақаяқ болса да өз баламды өз жатырымда өлтірте алмаймын!» деген сөзі, сонша нәзік үнмен естілсе де анттан да салмақты естілді.

Алай-дүлей боран сап тиылғандай тым-тырыс орнады. Үнсіздікті бес дәрігердің ішінде отырған ең жастауы Ыдырыс есімді жігіттің сөзі оятты:

«Тәні кем болса да, жаны кемел болса ше?!»

Сеңге соғылғандай қос алақанымен басын  ұстап, бір сөз айта алмай отырған Тұрған: «Әмин...» деп күбір етті... көзінен де тырс, тырс жас тамып жатты. Осы жалғыз ауыз сөз дәрігери кеңестің шешімін тоқтатты, аборт жасауға қол қойылмай қалды.

Осынау қайғы мен қуаныш қайшыласқан оқиғадан кейін де аққан өзендей арқырап отыз жыл өте шыққан еді...

Тұрған мен Ұлбосын оң аяғы кем туған ұлдарының  атын «Таңырыс» деп қойған-ды. Жандары жалғыз ұлдарының үстінде болды. Оның көңіліне қаяу түсірмеуге барын салды, бар тірліктерін соның жақсы тәрбиесіне арнады. Таңырыс та оқуда алдына бала салмай саңлақ оқушы деп атты шықты. Ол анасының тілегі бойынша медик мамандығын таңдады. Алматы медуниверситетін ерекше үздік бітірген соң, аз жылда Шанхай, Сеул, Токиода кәсіби білімін жетілдіріп, дүниежүзінің медиктерін дүр сілкіндірген жаңалық та ашты... дәрігери атағы Қазақстаннан шығып шетелге жайылды...

Қартаң дәрігер реанимация бөлімінде есі кіргенде өзінің тірі екеніне қайран қалды. «Кең көлемдегі инфаркт» деген диагноз қойылған адамның тірі қалуы екіталай болатын.

Кардиолог қыз Нұрәбия сырқатының көзін ашқанын көріп, жанына қуана жетіп келді: «Ыдырыс аға, сізге көмек болған мынау дәрі!» деп көз алдына бір ампуланы тосты.

Дүниеге қайта  келгендей болып, айналасына таңырқап жатқан қарт дәрігер шыны сауыттың бүйіріне латынша жазылған «TANIRIS-I» деген сөзді оқыды.

Кардиолог қыздың: «Бұл ерекше дәрі жүрек қан тамырындағы тромбыларды бірнеше секундта-ақ ерітіп жібереді. Тек үлгеріп егілсе болды, қандай ауыр инфарк те аман қалады!» дегенді мақтанышпен айтып тұрды.

Қарт дәрігер Ыдырыс: «Бұл – Таңырыс Тұрғанұлының ойлап тапқан атақты дәрісі ғой!» дегенде көз алдына осыдан отыз жыл бұрынғы құрсағын қос алақанымен басып, мөлдір жанарынан моншақтай жасы төгіліп отырған аққұба келіншек елес болып келе қалды.

Сырқат халдегі қарт дәрігердің көз жасымен қоса ауызынан шыққан:

«Жатырдағы жақсылық  жасаушым менің...» деген өзіне ғана түсінікті сөзін дәрігер қыз пайымдай алған жоқ. Қарт дәрігер сауыққан соң мынау жас дәрігер қызға бәрін де айтармын, деп толғанып жатты. 

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
4.1
30 дауыс
5 пікір
  • Керемет! Қаламыңыз шыңдала берсін! Тақырыбының өзі қандай тамаша! Ерекше әсер алдым... Мынадай ғибратты әңгімеңізге көп рахмет!
    2 жыл бұрын
  • Керемет! Биреуге жаксылык жасасан, аддыннан шыгар сол жаксылык демекши, бир-биринин омирин аман алып калган жандар-ай! Оте ой толгандырар керемет ангиме екен!
    2 жыл бұрын
  • Ассалямуалейкум, құрбан айт қабыл болсын! Осы мақаланы осыдан бірнеше жыл бұрын бір газеттен оқып, қатты тебіренгем. Көпке дейін ұмыта алмай жүрдім. Ия, тамаша. Адамның жандүниесі атына қарай қалыптасады ма екен әлде? Есімінің өзі жаныңа сондай жылы. Таңырыс. Жақсы атты қалай тауып қойған!? Мақалаңыз үшін авторға алғыс. Алла разы болсын!
    2 жыл бұрын
  • CSM
    Керемет жазылған мақала! Оқып алып, көз жасыма ие бола алмай отырмын. Жатырда жатқан баланың ауру екенін естімей-ақ, болмашы себептермен қаншама баланы өлтіріп жатырмыз. Елімізде жасалатын жасанды түсік туралы статистикалық мәліметтерді оқығанда жаның түршігеді. Сондықтан, кімде-кім болсын бір іс-әрекетке бармас бұрын жақсылап ойланғаны дұрыс болар. Осы мақаладан ұққаным осы. Мақалаңыз үшін сізге алғысымды білдіремін.
    2 жыл бұрын
  • Tangajaiup okiga!Okup oturup kattu aser aladi eken.Omirde ar turli jagdai orun alatunu ras,tek wewimdi kabildarda oilanu kerek ekenin ygindim,Makalaniz soz jok keremet,kolinizga dert bermesin!
    2 жыл бұрын