Бұзылған бейіт
Бұзылған бейіт
2 жыл бұрын 8789
Төлеубай Ермекбаев

Маужыраған мамыр айы. Күн шайдай ашық. Лүп еткен жел жоқ. Жер беті жасыл желекпен көмкеріліп, масаты кілемдей құлпырып жатыр.

Ағзам ақсақал күндегі әдетімен таң намазынан тұрған соң, кемпірі екеуі күңкілдесіп отырып, таңғы шайын ұзақ сораптап, асықпай ішті. Әлден уақытта самайынан сорғалаған терін орамалмен сүртіп, дастарқанға бата жасады да, сыртқа беттеді.

Күн құрық бойы көтеріліп қалған екен. Әлгінде малды өріске жіберген кезде қорадан сыртқа шығарып жіберген үйрек-қаздары есік алдына ентелеп келіп қалыпты.

- Әй, бәтшағарлар-ай, Құдайдың кең даласында жүрмейсіңдер ме рахаттанып? Не бар осы қараңғы қорада?-деп ұрсып жүріп, құстарын қораға қайта қамады.

- Апыр-ай, бүгін күн ысиын деп тұр-ау. Кемпір, әлгі біздің Оразжан қайда жүр екен? Үйде жоқ па? - деп есік алдында күйбеңдеп жүрген бәйбішесіне қарады.

- Бұзауларын айдап кеткен шығар құлыным. Өзі әлі оразасын да ашқан жоқ. Қарны ашып қалды-ау.

- Ә, онда келіп қалар. Шайы суып қалмасын. Мен бір мызғып алайын, - деп Ағзам ақсақал аяғын сылти басып, үйге беттеді.

Көзі ілініп кеткен екен. Біреудің жұлқылағанынан шошып оянды.

- Ата, тұршы деймін саған! Далаға шықшы! - деп қасында қаладан демалысқа келген он жастағы немересі Ораз шоқиып отыр. Жүрегі шым ете қалды.

- Құлыным-ау, не болды? Біреу тиісті ме? - деді қауқылдап. Үш ұмтылып барып, орнынан әрең тұрғаны.  

- Ата, бір аға анау төбенің басындағы бейітті бұзып жатыр, - деді немересі мұрны пысылдап. Өзі үрейленіп қалған секілді. Көздері бақырайып кетіпті. Тосын хабарды естігенде шал да шоқ басқандай шоршып түсті.

- Не дейді, пәруардігер! Бейітті бұзғаны несі? Ол қай жынды болды екен? Кімнің бейітін бұзып жатыр өзі? Ішіп алған біреу ме? Ой, Алла-ай, бұл не сұмдық тағы да? - деп даурыға сөйлеп, далаға ұмтылды. Немересі де шалғайына оралып, қалбалақтап келеді.

- Ата, бұзауларымды айдап бара жатқанмын. Қарасам, бір аға қолындағы балтасымен бейітті құлатып жүр. Қорқып кеттім де, үйге жүгірдім.

Ағзам ақсақал немересін жетелеп, ауыл сыртындағы төбеге қарай тартты. Әншейінде сылти басатын аяқтарының ауырғанын да ұмытты.

Ауыл сыртындағы төбенің басында қорым бар еді. Осы ауылдың небір марқасқа азаматтары мынау бес күндік фәни жалғаннан бақилық сапарға аттанып, сол қорымда мәңгі дамылдап жатыр.

Қорымның орта тұсында әлдебір мұндар Ағзамның құрдасы Қарауылбектің зиратын балталап, кірпіштерін құлатып тұр екен. Бейіттің бір жақ қабырғасын жартылай бұзып тастапты. Ағзамның жан дауысы шықты.

- Әй, сұмырай! Таста балтаңды! Әкеңнің құны бар ма бұл бейітте? Мынау не сұмдық өзі? - деп тұла бойын кернеген ашудан қап-қара болып түтігіп кеткен Ағзам ақсақал шойнаңдай басып келіп, әлгі жігіттің қолындағы балтаны жұлып алды.

Бұдан 20 жыл бұрын үш күн тоқтамай соққан Арқаның ақ боранында мал іздеп жүріп, адасып кеткен Қарауылбек құрдасының қатып қалған денесін ауыл жігіттері бір аптадан кейін әрең тауып алған еді. Жаз шыққан соң Қарауылбектің өрен-жарандары мен ауыл жігіттері марқұм құрдасының басын қарайтқан.

Бейітті бұзып жүрген мұндар жас шамасы қырықты қусырып қалған біреу екен. Көздері шүңірейген жүн-сақал біреу. Тобықтан келетін шалбары шолтаң-шолтаң етеді.

- Ақсақал, менің жұмысымда шаруаңыз қанша? Балтамды бері әкеліңіз! - деді түнере қарап.

- Әй, сен өзің қайдан келген пәлесің? Бұл бейітте не әкеңнің құны бар?

- Бұзсам, өз әкемнің бейітін бұзып жатырмын. Едің менде шаруасы болмасын.

- Ау, сен Қарауылбектің қай баласысың? Әлгі қалаға кетіп, ауылды ұмытқан Тоқсаны емессің бе?

- Болсақ болармыз.

- Апыр-ай, өзгеріп кетіпсің ғой, шырағым. Танымай қалдым. Ал енді мына тірлігіңе жол болсын? Өз әкеңнің бейітін өзің бұзып, басыңа соншама не көрінді? Қарауылбек құрдасымды тым болмаса бейітінде тыныш жатқызбадың ғой, ит-ау!

- Ақсақал, арабтар өлген адамның басына біз сияқты бейіт тұрғызбайды. Бұл – ширк! Мен мұсылмандық парызымды атқару үшін қаладан кеше арнайы келдім. Енді маған бөгет болмаңыз! Балтамды бері әкеліңіз.

Ағзамның кәрі жыны қозып, қаны басына шапты.

- Міне, саған балта!-деп қаба сақал Тоқсанға саусағын шығарды да: - Енді осы арадан көзіңді жоғалтпасаң, сен иттің өзіңді балталаймын. Білдің бе? Жоғал, мұндар! - деп ақырып жіберді.

- Ата, үйге кетейікші. Мен мына ағадан қорқамын, - деп Оразы ботадай боздап жүр жанында.  

Бейіт басындағы жанжалды естіген ауыл адамдары да осылай қарай құстай ұшып келеді екен. Мұны көрген Тоқсан қолын бір сілтеді де, анандай жерде тұрған машинасына мініп, қалаға қарай тартып отырды.

- Ата, жаңағы аға сізбен төбелессе, оны балтамен ұратын ба едіңіз? - дейді немересі.

Ағзам еңкейіп, жерден бір уыс топырақ алды да, жүн сақал мұндардың артынан шашты.

- Барлық пәле сенімен кетсін, қу мұндар! - деп күбірледі де, жанында жаутаңдап тұрған немересін жетелеп, ауылға қарай беттеді.   

Отты Күн де лаулай жанып, тас төбеге көтеріліп қалған екен...

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
4.3
427 дауыс
27 пікір
  • Сәтті шыққан.
    2 жыл бұрын
  • Иә, ойланатын нәрсе екен. Ассалаумалейкум, Қайрат аға! Рамазан айы мүбәрәк болсын! Қайрат аға, осы сияқты ант ұрғандар қай жерден шығады. Осыдан бір ай бұрын, Қызылорда облысында болған кезімде бір шоқша сақалды, өзін "сәләфпын" деп санайтын бір жігіт, дастархан басында отырып, Аллаға шүкіршілік етіп бет сипаған бізге қарап, Исламда, Пайғамбарымыз с.ғ.с. бет сипаған емес деп қалғаны. Содан, дастархан басында отырған екі жігіт оған қарап, сонда Ислам діні қазақ даласында тарағаннан бастап, мұсылмандықтың бір белгісі ретінде бет сипауды бала кезімізден үйреткен ата-бабаларымыз барлығымыз ширк жасап жүргеніміз бе, бұл не сұмдық, тоқтау салатын күн бола ма осы арабтардың сойылын соғып жүргендерге?
    2 жыл бұрын
  • Жаратушы хақ тағала дінін толықтырды, аяқтады, бүкіл адамзатқа тыныштығын, рахметін қалады.
    Хадж сүресі,78 аятта: «Құдай жолында шамаларың келгенше күресіңдер.Исламға көмектесү үшін Алла сені таңдады,сонымен бірге бұл жолда ешқандай ауырлық қаламады. Бұл дін аталарың Ибрахимнің діні. Сендерді Алла бұрын ақ мұсылман деп атаған \Құранға дейін түскен кітаптарда\Құранда да дәл солай атады .Сендерге күә болсын деп пайғамбар жіберді,пайғамбарға куә болсын деп сендерді таңдады.» Кейінгі жастар арасында кімсін деп сұрасаң «мұсылманмын» деп жауап беретіндер үрдіске айналуда ,олар қазақпын деп жауап қатуға намыстанады. Ол неліктен десек тарихқа шегініс жасап аталарымыздың әлімсақтан мұсылманмын деген тұжырымына тоқталамыз.Аят соны дәлелдейді.Біз арапқа дейін , Мұхаммед пайғамбарға с.ғ.с.дейін де мұсылман болғанбыз.Сондықтан қазақты мұсылман етпек болып араптандырмақ болғандарға жол берілмейді,ешкімнің сүйегі ақ емес ,қазақ қара емес. «Біздің өткенімізде,ата-бабалар саралаған тағдыр жолында қазақ ұялатын еш нәрсе жоқ».Дана да дара ,ерекше қабілетті халық өз тағдырын ,болмысын, дәстүрін өмір бойы мұсылманға тән жалғастырып келеді. Ұят беттің пердесі деген қазақ халқы,шариғатқа тән киім үлгісін жасай білген.Жас ерекшелігіне орай түрліше киім үлгілерін, әшекейлерін жасаған.Құраннын Ағраф сүресінің 26 аятына сәйкес, имани киім негіз болған.Кейбір мектептерде бастауыш сыныптын қыздарына ақ орамал тартқызып қойған ата-ана қазақтын салтын білмейді,немесе ол қазақ емес рудан.Бір сыныпта бір ғана кыз араптын киімін киінсе,басқалардың алдында оның психологиясы калай қалыптасары айтпаса да белгілі,Бүкіл мектептің «шулы» атын шығарған ,сен шайтани білім беріп жатырсын деп ұстазына қарсы шыққан молданың кызы болса, ойланатын жағдай. Тарихты топшыласақ арап халқы пайғамбар келгенге дейін сақал жіберіп әйелдері хиджаб киген ,ол оның мәдениеті, салт дәстүрі.Сиыну мен сыйлауды, құлшылық пен құрметті ажырата алмағандар дінді білемін деп халықты адастырмасын, ислам мәдениеті мен арап мәдениетін шатастырмасын
    2 жыл бұрын
  • Бұл - менің әкемнің жазған әңгімесі. Мен өз әкемді мақтан етемін. Қазақтың жастарын халқымыздың ғұрпына жат діни ағымдардан сақтануға шақырамын.
    2 жыл бұрын
  • Keremet shikkan eken. Tagida jazsaniz.
    2 жыл бұрын
  • Қазақ баласы - ата-бабалар әруағын қастерлеп келе жатқан қасиетті ұрпақ. Тірілер өлгендердің көзің жұмады, өлгендер тірілердің көзін ашады. Білімділерді "Көзі ашық " деп қазақ халқым бекер айтпаған, дін жолындағыларға білімді болу парыз. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхамед с.ғ.с. " Қабірге зиярат ету ақыретті еске түсіріп, жақсылықты арттырады"деген. Зиярат басында дұға сүннет бойынша жасалуы керек. Пайғамбарымыз с.ғ.с. қабірлерді зиярат еткенде осындай дүға жасаған " Ассалаумағалейкум, уа, бұл мазарда жатқан мүмин мұсылмандар! Алла қаласа, біз де бір күні сіздерге қосыламыз. Бізден бұрын өткендерді де Алла рахым етсін. Алладан өзіме де, сіздерге де азаптан құтқаруды сұраймын."Зияраттағанда бос сөз сөйлемей, аруақтарды мазаламауы жөн. Пайғамбарымыз с.ғ.с. хадисінде" Адамдардан ештене тілемендер. Өлген адамдарға тіл тигізбендер, өйткені олар о баста дайындап қойған жеріне кетті. "
    Аллаһ тура жолға салғанды ешкім адастыра алмайды! Құранда "Ибрагим" сүресінде 27 аятында айтылған "Аллаһ залымдарды адастырады." Қазақ елімізді - Аллаһ дінінде тура жолда болуды тілейік!
    2 жыл бұрын
  • Құрметті Төлеубай аға! Мақалаңызға рахмет! Қазір салафиттер мешітте жүріп өзінен үлкен имамдарғада тисіп"білгіш"болып алыпты, әйелдеріне хиджаб кигізіп, өздерін бір "әулиемің" деп жүрген көп. "Өлі разы болмай, тірі байымайды" , "Артымнан бір ұл қалсын, маған құран бағыштайтын" дейді ғой аталарымыз. Соның бәрін аяқтын астына тастау , бұл масқара емес пе? Соныңда мына хадисті келтірейін "Жан тапсырысымен пенденің барлық амалы тоқтап, тек үш амал өз жалғасын табады. Ол : жария садақа, үйреткен пайдалы білім, артта қалған ізгі ұрпақтың дұғасы. " Иншаалла!
    2 жыл бұрын
  • keremet
    2 жыл бұрын
  • Assalamu'aleikum! Oraza ayi mubarak bolsyn! MashaAllah jaksi jazilgan makala! Men pikirlerin aytyp otkan adamdarga aytarym hidjapty Allah tagala pariz etty aiel adamdarga ogan kuranda ayatta bar sondiktan bauirlar jabingandarga tyse bermei jartylai jurgen jalanawtardi bir jagyna wigarudi oilastyrsanizdarwi! Men kop jerde baikaim hidjap ol bizdin salt dastur emes degen sozdi al jartylai jalanawtyk bizdin salt dasturma sonda? Buni aityp jatkan sebebim bauirlar hidjap turali kop aityladi duris emes dep al jartylai jalanawtyk turali ewkim ewteme aytpaidi! Sondiktan bauirlar kop bilim izdeik) bauirlar katty aitty dep renjimenizder) Allah barwamizga razi bolsyn! Allah barwamizdin bilimizdi arttyrsyn) amin
    2 жыл бұрын
  • Bauirlar kewirersyzder menin esimim Abdulla karyndasimnin saitymen jazganima kewyrynyzder!
    2 жыл бұрын
  • Иә, осындай вандалдар да кездесіп жатыр бұл күнде...
    2 жыл бұрын
  • Бәтшағар, пәруардігер, мұндар - сөздерінің мағынасын айтасыздар ма? Рахмет
    2 жыл бұрын
  • Керемет жазылған екен!
    2 жыл бұрын
  • Керемет
    2 жыл бұрын
  • жақсы жазылған. бірақ, пікір қалдырушы Асхат Атиновтың "әйелдеріне хиджаб тағып" деп кекегені ұнамады. хиджаб - бүкіл адамзат қарсы болса да, адамдар жақтырмаса да, "не болды, жап-жас болып, кемпір сияқты" десе де, "қазақта жоқ" деп даурықса да, Аллахтың бұйрығы!!! бәріміз қазақ болып, қазақта бар нәрселердің барлығын істеп жатырмыз ба? бабаларымыз көрмеген небір сұмдықтарды істеп жүргендер қаншама?!
    2 жыл бұрын
  • Жалпы "ангиме" адамга ой тастайтындай дарежеде болу керек. Бул ангиме бир окиганы баяндап, суреттеп кана койган. Ягни аяксыз калганга уксайды. Кария жанагы жигитке дурыс жолды нускаса не соны корген немересине осиет кылып, сондай жолга туспес ушин "не истеу керектигин" айтса оте керемет болатын еди. Айтпесе, тек "майитти бузу" жаксылык емес екенин гана тусинесин. Жане пикир жазушылардан байкаганым: биреу жаман десе жамандап, жаксы десе мактай жонелгендей... Ангимени баска кырынанда карап кориндер.
    2 жыл бұрын
  • Мына Махамбет Сәукеле деген "сыншы" қайдан шыққан? Әдебиетші болсам да, мұндай сыншыны естімеппін. Ауызға шайнап беру шарт емес. Шағын ғана осы әңгіменің тәрбиелік мәні өте зор! Бұдан 20 жыл бұрын Бейімбет Майлиннің туған қызы Рәзия апай туралы көлемді деректі-танымдық очерк жазған Төлеубай ағамызға "Бейімбет әкемнің тағдырын емес, талантын берсін!" деп аналық ақ батасын риза көңілмен берген Рәзия апайдың тілегі қабыл болған екен. Жарайсыз, Төке! Қаламыңыз қарымды бола берсін!
    2 жыл бұрын
    • Кызык... "Мынау кайдан шыккан?" деп, "атын шыкпаса жер орте" дегендей ме, калай? Сиздей адебиетшини де биринши рет корип турганым, адамды менсинбей, дореки сойлеген. Ия, бирак Али р.а. айткандай:"Егер журек таза болса, тилден адеми создер шыгады"-деген. Мен оз ойымды, оз пикиримди билдиргенмин. Алган асерим де, тусингеним де сол. "Тарбиелик мани зор" деп айтасыз... Сол "зор" екенин ангимеден тауып беринизши? Мыкты адебиетшисиз го... Мени менсинбей сойлегенинизге караганда.
      2 жыл бұрын
      • "Будан 20 жыл бурын..." деген создериниз артык енди. Бул жерде адамдардын мартебеси емес, енбектери манызды. Толеубай агамыз кезинде жаксы жазган болар... Абайдын да олендерине Мухтар Ауезов сын айткан. Сондыктан мен оз пикиримде кала берем.
        2 жыл бұрын
  • Әңгіменің идеясы мен мазмұны туралы ешеңе айтқым келмейді. Салафизм қазіргі өзекті тақырып болғанымен бұл әңгіме тақырыпты аша алмаған. Исламның әйелдер теңдігін қалай алып бергені туралы керемет әңгімелер бар. Жалғыз "Ақ көйлек" әңгімесінен-ақ оқырман біраз дүниені жадына тоқыр еді. Ал "Бұзылған бейіт" әңгімесі біреулерді еске түсіргенімен салафизм мен қазақы психологияны ажыратып бере алмаған. Жалпы тақырыптың ашылуынан бөлек әңгіме де артық сөздер толып жүр. Мысалы "немересін жетелеп" емес "немересін ертіп" десе жақсы болар еді. Себебі, қазақ малды ғана жетелейді. Адамды ертеді. "Немересі шалғайына оралып, қалбалақтап келеді екен" деген сөйлемде "қалбалақтап" сөзі артықтау. Көркем әдебиетте көбіне шал-кемпірді суреттегенде бұл сөзді қолданады. Және әдебі көрініс беріп, оқырманның көз алдына образды еріксіз әкеледі. Әңгіме пейзажбен басталыпты. Бірақ үш жай сөйлеммен табиғатты елестету мүмкін емес. Әңгіме де "қорыққаннан көздері бақырайып кетіпті" деген жолдар бар. "Көздері атыздай" деп жазса тіпті жақсы оқылар еді. Жазушы әңгімені көркемдегісі келіп басқа да сөздерді (мұрны пысылдап, даурығып т.б.) орынсыз қолданған екен...
    2 жыл бұрын
  • Бұл әңгіме маған өте ұнады. Нағыз қазақы мінез, ауыл өмірінің шынайы көрінісі бейнеленген. Діни жат ағымның соңына еріп, осы әңгімеде айтылғандай ерсі әрекеттерге барып жүргендер кездесуде. Сондай бір сұмырайды ауылынан қуған ақсақалдың тірлігі - жанындағы немересіне үлкен тәрбие. Автор ақсақалдың немересі арқылы бүгінгі жас ұрпақты осындай жат пиғылдардан аулақ болуға үндейді. Өте сәтті шыққан!
    2 жыл бұрын
  • Иә, қазіргі қазақ жастарына осындай әңгімелер ауадай қажет. Бұл орайда "Ислам кз" сайтының аз уақыт ішінде үлкен жұмыстар жүргізіп келе жатқанын атап айтқым келеді. Қайрат аға, еңбектеріңіз жана берсін!
    2 жыл бұрын
  • Көңілімде әдемі әсер қалды. Қысқа да нұсқа әңгіме екен! Сайттың бетінде алдағы уақытта да осындай әңгімелер беріліп тұрса деген тілегім бар.
    2 жыл бұрын
  • Халқымыздың салт-дәстүріне, имандылық қағидаларына жат діни ағымдарға көп болып, тойтарыс беруіміз қажет. Соның бір жолы - көркем әдебиет арқылы әшкерелеу. Ислам кз сайты осы бәйгені жариялау арқылы нақты шараларға жол ашып беріп отыр. Бәрекелді, ұзағынан сүйіндіргей!!!
    2 жыл бұрын
  • Біздің Шет ауданының бір ауылында да осыған ұқсас жағдай болған еді. Ауыл адамдарының көбісі қарсылық білдірді. Бірақ қолдаушылар да болды. Басқа жақтарда да осындай оқиғалар болып тұратынын естіп жүрміз.
    2 жыл бұрын
  • Құрметті оқырмандар (дауыс берушілер),
    Біреуіне 5 деген бағаны қойып, ал қалғандарына 1 қойғандарыңыз әділетсіздік болып табылады.
    Кім қай әңгімеге, қандай баға беріп отырғанының барлығы бізде бақылануда.
    Олай жасамауларыңызды қатаң түрде ескертеміз!
    2 жыл бұрын
    • Оте орынды. "Тура биде туган жок, туганды биде иман жок" деген. Осы рейтингтин "адил" койылып жатканына куманим бар. Алдын алмаса болмайтын сиякты.
      2 жыл бұрын