Белгі
Белгі
2 жыл бұрын 2322
Құл-Керім Елемес

– Намыс деген елдің Кете деген адамы ілімдар болған екен, – деп әңгімесін бастаған атасы сөзін арман қарай жалғап, – Ол өзіне бір нәрсенің жетпей жүргенін сезіпті, ол жетпей жүрген нәрсенің не екенін өзі тағы білмейді екен, бір күні бір жолдасы оның қолына жат бір елдің тілінде жазылған жазуы бар алақандай көне кітап жыртындысын береді, ол оны олай оқиды, бұлай оқиды, оқи алмайды. Бірақ сөзсіз ол қағаздағы жазылған жазудың адамның сөзі емес екенін іші сезгендей болады, ақыры жыл бойы алысып жүріп, ол жазуды оқыпты, – дегенде, манадан атасының әңгімесін беріле тыңдап, ол бастап айтқан әңгіменің әсіресе соңғы сөйлеміндегі, «ол жазудағы сөз адам сөзі емес екен» деген жеріне ерекше назары ауған сөзуар немересі атасының әңгімесінің соңын күтуге тағаты жетпей:

– Ата, ол жазу сонда кімнің жазуы екен? – дей қалды, «білсем» деген ниеті тағатсыздана шыққан дауысынан білініп. Атасы:

– Мен де соны айтқалы отырған жоқпын ба, әй, баламысың деген, сабырсызсың-ау, шырағым, ақылды бала деген атасының сөзін бөлмейді. Сабырлы болу керек, – деп немересін өзіне қарай сәл тартып, маңдайынан бір иіскеді. Сөйтті де әңгімесін қайта жалғап, – Ол жазуды оқыса, өзі ойлағанындай, ол жазудағы сөз адамның сөзі емес, ұлы Аллаһ Тағаланың сөзі – Құранның «Нас» сүресі болып шығады. «Бұл сөз менің қолыма тектен-тек түскен жоқ, бұл сөзсіз Аллаһымның маған жіберген бір белгісі» деп білген ол, енді оны қолынан шығарып алмауға, жоғалтпауға бекиді, әрі ол сөздің мәнін де ашады. Сөйтіп ол сөзді өзінде өмір бойы сақтап өтеді. Міне, сол өзіне берілген бір жапырақ Құран жыртындысына көрсеткен шексіз құрметіне бола жомарт Аллаһ оның дәрежесін көреріп, бір халықтың данасы етіпті. Аллаһыңды танып, Оның сөзін құрметтесең, үйренсең Ол сенің де дәрежеңді көтереді. Оның беруінсіз ешкімнің де бағы жанып, дәрежесі көтерілмейді, соны біл, балам! – деп бірақ тоқтады, немересіне талайдан бері айтайын деген бір өсиетінің орайы осылай келгеніне қуанып.

Немересі ақылды, болайын деп тұрған бала еді. Ол атасының мына қысқа сияқты ұзын әңгімесін тыңдап өз үйіндегі, өзі ес білгелі бері төр кілемнің үстінде, ақ дорбаға салынған күйі ілулі тұратын қоңыр тысты Құранды есіне алды.

Оның тысының қоңыр екенін білетіні, бірде шешесі үй тазалап жүріп оны қолына алып, сыртындағы ақ дорбаның шаңын қағып, сүртіп жатқанда шешесінен оның не зат екенін сұраған болатын. Шешесі:

– Бұл, Құран, Құдай сөзі! – деген де қойған. Ары қарай ол жайлы ұлына түсіндіріп ештеңе демеген. Сөйткен де оны орынына қайтадан іліп қойған. Бұл болса оны ол кездегі өз бала қиялымен, «сөйтіп іліп қоятын нәрсе» деп қана түсінген. Ал, міне енді қараса ол керемет нәрсе екен. Намыс жұртының Кетесі оның жарты беттік жыртындысын қолына түсіргені үшын ғана өзін бақытты сезініп, оны өзіне жіберілген «Хақ белгісі» деп біліп, шексіз құрметтеп, оқып, мәніне жетіп, өмір бойы жоғалтпай сақтап, ел данасына айналыпты. Ал менде оның бір жапырақ жыртындысы ғана емес, тұтас бір кітап күйіндегі толығы бар, әлі күнге сол баяғы тұрған жерінде ілулі қалпы тұр. Ендеше мен неге оны оқымаймын, оқимын, деді іштей өзіне-өзі серт бергендей күбірлеп.

Сөйтсе атасының жоғарыдағы намыс дегені – неміс, Кете дегені – Гете дегені екен, қызық, ә.

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.2
39 дауыс
2 пікір