Бейтаныс бұрылыс
Бейтаныс бұрылыс
2 жыл бұрын 1710
Сағым Матқали

Бейтаныс бұрылыс

 

Ымырт басып, әлгінде ғана томалақ шаруасын тәмамдаған Марғұлан - түнделетіп болса да Елордаға жетіп алуды көздеп еді.. Тіпті, "қал-қалдап" қалған бірнеше жолдасының шақыруынан да бас тартып, Қарағанды вокзалына келгендегі мүддесі де осы. Әншейінде такси атаулылары да "жауын соңындағы - саңырауқұлақ" іспеттес қаптап кететін. Ал бұл жолы көше аумағы әдеттегідей емес, өзгеше жұтаңдықты байқатып тұр. Мұнысын - көлік қозғалысынан байқауға болады.

Жолға шыққан біздің жігіт- зейін салып, аумақ айналасына көз тастады да жалғыз қалған көлікке кезікті. Бағына орай, жол жүрудің реті түскен екен. Онысына - қуанса да, іштей жүргізушінің бет-әлпетінен сескенгенін жасырмады. Ірілеу келген тұрпаты мен әжім аралас тыртық басқан келбетінің жайы - адам тартпайды. Сенімсіздік тудырған осынау кісінің өмірбаянын бір шолып өту - артықшылық етпес еді. Дегенмен, "шешінген - судан тайынбастың" кейпіне салып, тәуекелге бел байлады. Оның үстіне, өзге амалының жоқтығын түсінді. Бекінген күйі орнынан жылжып, жеңіл көлік те жолға ытқыды.

Марғұланның тойда ән салып, табыс табатын кәсібі бар. Бейтаныс шаһарға да осы мақсатпен табан тіреген болатын. Көк қағазға толған әмианын бір бағып, рөлде отырған бейтаныс кісіге қарайды кеп.. Астанаға бет алғалы бері жүргізушінің ұртынан бір ауыз сөз шыққан жоқ. Негативті тұлға - бұл жігітті аздап қорқынышқа батыра бастады. Әңгімеге жүйрік болмаса да, оқта-текте сауалын жаудырып қояды. Бірақ, жүргізуші тарапына қойылған сауалдардың ешқайсысына жауап қайтарылмады. Тек үнсіздік... Мұндаймен бұрын жолықпаған Марғұланның расында үрейі артты.

Аздан соң, жүргізушінің ұялы телефонына белгісіз қоңырау келіп, көлік ішін дыбыс қаптай жөнелді. Тұтқиылдан келіп түскен бұл қоңырауға - таксист қысқа ғана жауап қатты:

- "Да?! Иә шықтық.. 20 минуттан соң боламыз..." деді де ұялысын қалта төріне тастап жіберді. Тылсымға құрылған бұл әңгіменің сырын - Марғұлан ұққысы келді. Іштей топшылап, жауабын да тапқан секілді.

-" Қандай 20 минут? Қарағандыдан шыққанымыз жаңа емес пе? Жо-жооқ, олай болуы мүмкін емес..Бұл кісі... Бұл кісі - ма...Бұл кісінің - маньяк болғаны ма? Неге онда вокзалда тұр? Десек те, неге мені болмашы 3000 теңгеге бола жалғыз алып кетті екен? Бәлкім, ақшаның соңын паналаған қылмыскер болар шынында?!. Телефондағы диалогына қарағанда солай секілді... о-жоқ, онда мен құрыдым.." деп ішінен сан түрлі пікірге жарылды да, сасқанынан достарына қоштасқан кейіпте хат жаза бастады.

- "Досым, мен саған өмір бойына риза болғам..Әлі де разымын. Ал енді, мен бұл дүниеден кетіп барамын. Қош бол!" деп ұялы телефонынан осы сөздерді теріп жатып дереу айнып қалды. Бұлай жасағанын - күлкілі көрсе керек. Басқа амал іздестіріп, мына пәледен құтылу жолын тілеп әлек. Кенет, сол мезетте Марғұланның ұялысына Қарағандылық досынан қоңырау келді :

- Иә?

- Досым, қайдасың? Біздің үйге өтсейші.

- Асқар ниетіңе рахмет! Бірақ, мен басқа жолдасымның үйінде едім. Алаңдама. Таң ата Астанаға жол жүрем.

- Жарайды, олай болса... Бірақ байқа, біздің қалада түнделетіп жалғыз жүрме. Сосын тағы айтарым, түн ішінде Астанаға қарай таксиге мінбе. Соңғы кездері таксистердің арасынан қылмыскерлер көптеп шығуда.

- Ааа, жоқ. Уайымдама. Досымның үйіндемін ғой...", - деп бойындағы үрейін досына көрсетпестен қымтап тастады. Әңгіме аяқталған соң тұтқаны қойып дереу құтылар әрекетіне көше бастады.

Амалының жоқтығынан осы бір шешімге келсе де, айтудан кідірмей :

- "Аға, мүмкіндік болса мына жерден тоқтатып жібересіз бе?",- деп қолын көше бойына бұлғады да,сөзін жалғастырып : -"Сыртқа шығып дәрет сындырмасам шыдай алар емеспін",- деп кеп жіберді. Үміт еткен бұл айласы да іске аспайтын сыңайлы. Бұл өтінішіне құлақ асқан жүргізуші жоқ. Болмағасын, қайта-қайта сұрануын тоқтатпады. Сол кезде ғана тіл қатып, жүргізуші - ашуға булыға кетті:

- "Біраздан соң алдымыздан дәретхана шығады.. Сонда түсерсің!" деп көп өтінген бойдақтың сөзін аяқ асты етті. Бұл мысал - Марғұланның қорқынышын үдете түскендей. Алды-артына жалтақтай қарап өз өмірінің қауіпті жағдайда тұрғанын ұғына бастады. Сөйтті де бар ойын - келесі айла мен амалға сала түсті... Дәл сол уақытта - ұялы телефонының қуаты да ада бола қалғаны... Енді телефоннан қайыр жоқ. 

Жол жартысын өткергенде жүргізушінің бағыты өзгере бастады. "Бейтаныс жаққа бұрылыс " жасап бейтарап егістік аумағына қарай өткені сол еді - Марғұланның ойына қулық түсе кетті. Еш кідірместен ұялы телефонын алды да, қоңырау келген өң жасап:

- "Алло? ааа аға, сіз бе? Иә, жолдамын. Алла қаласа бір сағаттың көлемінде жетіп қалармын. Таксидің нөмірі дейсіз бе? M 226 NVM.. Ауди ғой.. иә, иә.. Жо-жоқ, алаңдамай жата беріңіздер. Өзім жетіп алам ғой. Жақсы онда. Жеткенде бір хабарласармын, жарайды", - деді де телефон тұтқасын тастап, жүргізушуге саспастан:

- "Ағам ғой... Астанада сол кісінің үйінде тұрып жатқан жайым бар. Өзі "КНБ-щник".. Алаңдап, көлігіңіздің нөмірін сұрап жатқаны ғой.." деп кеуде тұсын биік ұстай дөп басты. Көлікке мініп жатып абайсызда нөмірін есте сақтап қалыпты. Осы әрекетіне іштей разы болып, көңіл күйін "уф" басты. Өтірікке құрылған әлгі диалогты естіген жүргізушінің бірден бағытты өзгерте салып, алған бетінен сап тыйыла қалуы - Марғұланды шын бақытқа бөледі. Аздан соң әлгі "таксист" телефон тұтқасын алып бәзбіреуге - "Біз өтіп кеттік..Сол.. Себебін кейін айтамын.." деп хабар білдірді.

Өз тапқырлығына іштей мәз болған Марғұлан - Елордаға жеткенше әуен тыңдап барыпты... Ал, "бейтаныс бұрылыстан" қалыпты жолға түскен жүргізуші - жігітті діттеген жеріне жеткізіп, келісілген соммасын ала сала кері қайтқан көрінеді. 

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.4
38 дауыс
1 пікір