Барлаушының ерлігі
Барлаушының ерлігі
10 жыл бұрын 3220
Бөріхан Баймұсаұлы

Бұлттардың үстімен самғап ұшқан самолет иллюминаторынан көз алмай отырған Керімшенің ойы, сан тарапқа шашырауда. Ойлап отырса, өзі келе жатқан Грузия елінің азаматы Какулямен айырылысқанына тура отыз жыл өтіпті. Оң аяғын мина жұлып кетіп, қансыраған қанды көйлек досын жау тылынан арқалап өтіп санчастқа тапсырғалы бері, қайтып кездесудің сәті түспеді. Бәлкім қансырап өлген де болар деген күдігін, сол кездегі дәрігердің;  -Не переживай, жить будет -деген сөзі сейілтетін. Соғысты Жапон елінде аяқтап, елге 1947 жылы капитан шенінде келген Керімше облыста, Ордабасы ауданында түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Үйленіп, бала-шаға немере қызығын көрсе де көңілінің түкпірінде баяғы қанды көйлек досы, грузин азаматы Какуля тірі қалды ма екен? Еліне, от басына аман-есен жете алды ма екен? -деген сұрақтар бір сәт те кеткен емес. Өйткені; - Егер біреуміз «олай-бұлай бола кетсек», аман қалғанымыз артымыздағы  отбасымызға хабар берейік -десіп, адрес алмасып бәтуаласқан жағдайлары бар болатын. Мінекей осымен үшінші рет майдандас досын іздеп, Қап тауы елінің курортына келе жатқан жайы бар. Әр жолдамасын бір-бірінен алшақтау орналасқан санаторилерге алып, келген бойда баяғы майдандас досына сұрау салудан бір танған емес. Аласапыран соғыс кезіндегі оның жазып берген қағазы әлдеқашан жоғалған. Ондағы көрсетілген Какуляның мекен жайы мен аты-жөні мүлде есінде қалмапты. Бар білетіні орта бойлыдан жоғары, өзінен біраз жас үлкендігі бар орысша  білмейтін, оң аяғынан айрылған Какуля деген грузиялық соғыс ардагері. Басқа ешқандай дерегі жоқ. Бұның Керімше деген атына оның тілі келмей Қазақ деп атаса, бұл да оны Грузин деп атайтын. Оның шала білетін әзірбайжаншалаған сөздерімен екеуі түсінісетін.  -Қайран қанды көйлек ақіреттік досым-ай! Мына өмірде бар ма екенсің? Өзіңді бір көру арман болды ғой, –деген ойдағы Керімше, күрсініп салғанын да байқамай қалды.  

 ...1943 жылдың қақаған қаңтары. Аппақ қарда ықшам киімнің сыртынан ақ мата киген барлаушылар, жау штабына қарай еңбектеп барады. Қарсы алдарындағы жаудың мықты бекінісін түн ішінде алыстан орағытып өтіп, «тіл» әкелмек болған жаужүрек барлаушылар бір-бірін ыммен түсінісіп алға қарай еңбектеуде. Межелі жерге жақындадық-ау деген тұста, кенет жарылған жау минасы грузин жігітінің  бір аяғын жұлып әкетті. Бұл тосын жарылыстан сезіктенген жау жағы, бұлар жатқан жаққа қарай оқты боратсын келіп. Әп-сәтте айналаның азан-қазаны шықты. Белуардан келетін қарды үңги ішіне тығылған барлаушылар әлден уақытта, атыс басылғасын барып естерін жыйды. Жанындағы ыңырсып жатқан досының шолтыйып қалған аяғын санынан қатты қыса байлаған Керімшеге, командирдің бұйрығы қысқа болды.  -Мына жарылыстан ұйқылары шайдай ашылған жау жағы, енді сақ болады. Енді біз, басқа жақтан «аң аулауымыз» керек. Сержант Бекмұратов! Жаралы жауынгер Какуляны жау тылынан алып өтіп, санчастқа тапсыруды саған бұйырамын. Жолың болсын. Сақтықты ұмытпа, -деді сөз осымен бітті дегендей. Жаралы досын арқалап алған Керімше омбы қарда бұқпантайлап, енді бір жерлерде еңбектеп ұзақ жүрді. Жарақатын ауырсынған «Грузин» ыңырси; -Естимісің «Қазақ»! Өліп барамын. Мені де өзіңді де қинамай, атып тастай салшы. Мен бәрібір аман қалмаймын. Сен де басыңды бекерге қатерге тікпе. Сен әлі жассың. Саған өмір сүру керек. Мені де өзіңді де босқа  қинамай, тастап кете сал -деп, жүйкені жеп келеді. Кейде тым-тырыс бола қалғанынан, оның естен танып қалғанын да сезіп келеді. Таң атпай тұрып қалайда жау шебінен өтіп үлгеруім керек деген Керімше, бір сәт те дамылдауды білмеді. Өлдім талдым дегенде, межелі жеріне де жетті-ау ақыры. Өзін санчастьқа тапсырып, кетіп бара жатқан бұған қимай қараған грузин қолынан ұстап; -Ризамын саған, ризамын қазағым! Тірі болсам сен үшін Алладан амандық тілеп өтермін-ау, -деді әрең сөйлеп. Өз бөліміне қарай беттеген бұның санасынан, «Грузиннің» ер жігітке тән қасиеттері кетер емес. Өткен жолы, жау тылынан «тіл» әкелуге барған жорығында, бұлардың қолға түсіп қалған жағдайлары бар. Жансыздарынан рация арқылы өздеріне қарай аттанған барлаушылар туралы хабар алған жау жағы, бұларды аңдып тұрып, қапыда бас салып ұстап алған болатын. Тіпті, бес барлаушылардың біреуінің  де оқ атуға шамасы келмей қалған еді. Бұларды ұрып соғып әбден қинаған жау жағы, ертеңіне жоғарғы жақтағы басшыларына қарай жібермек болып бір үйге қамаған. Өйткені бұл уақытта түн болып қалған болатын. Қақаған қысқы суықта жалаңаш қашып кете алмайды деген олар, бұларды тек іш киімдерімен қалдырып, басқасын түгелдей шешіп алған болатын. Тіпті аяқтарындағы етіктерін де сыпырып алған еді. Түн ішінде тоңып өлсе өлді, өлмесе онысын көрерміз дегендері болса керек. Бір бұрышта бір-біріне тақалып, тістері сақылдап дірдектеп отырған бұлардың, ертеңге дейін тірі қаламыз деген үміттері де өше бастаған. Бір кезде бұның құлағына күбірлеген грузин; -Қазақ, сен командирге түсіндіріп айтшы, мына жерден пештің құбыры арқылы қашып шығуға болатын сияқты, -деді ой тастап. Өздеріне аңтарыла қараған лейтенант пен қасындағыларға, Керімше досының ойын айтты. Мына ұсыныс көпшіліктің біреуіне ұнағанмен, екіншісі бұны таза ақымақтық деп жатты.Шынында да сыртта бұларды жылы киіммен күтіп тұрған ешкім жоқ қой. Жалғыз ақ көйлек ақ дамбалмен жалаңаяқ, қақаған аязда қайда бармақшы? Көпшілік осылайша үнсіз қалды. Мына суықтан таң атқанша ешкім де тірі қалмас деп отырғанда, соңғы сөзді командирдің өзі айтты.  -Мына жерде таң атқанша тірі қалуымыз екіталай. Ал ертең, аман қалған күннің өзінде де бізді атып тастай салуы мүмкін. Сондықтан мен қашқанымыз дұрыс болар деп ойлаймын. Бірақ, бұл жағдайда да, жалаңаш күйде мынандай қарлы аязда аман қаламыз деп айта алмаймын. Дегенмен тірі қалудың, «мыңнан-бір» болса да мүмкіндігі бар-ау, деп ойлаймын. Таңдау өздеріңде. Осында қалғыларың келсе, қала беріңдер. Мен босқа өлгенше әрекет етіп өлмекпін. Қанекей Бекмұратов!, баста. Пештің мұржасына сияр ма екенбіз, көрейік -деп, орнынан тұрды. Қырау басқан терезеден қарағанда, қалың тон киініп бүрсең қаққан жалғыз күзетшіден басқа ешкім көрінбейді. Не керек, әлгі жерде пештің аузын дыбыссыз бұзып мұржадан шыққан Керімше, күзетшіні қапы қалдырды. Оны тұтқындап алып тоқтамай жүгірген бұлар, оқта текте тұра қалып күзетшінің тонымен бүркеніп ентігін басатын. Тас боп мұздаған дене мен қатқан аяқтан жан кетіп, мұздаққа тілінгенін де сезер емес. Аман қалудың жалғыз амалы орман ішімен тоқтамай жүгіре беру керек екенін жан тәнімен түсінген барлаушылар, двизия штабы орналасқан деревнядан бір-ақ шықты.Мынадай   жанкештілікпен «тіл» әкелген барлаушыларына тәнті болған генерал, дереу сол жерде бұйрық беріп, бұларды ыстық моншаға қайта-қайта түсіріп ерекше күтімге алдырған. «Адам итжанды болады» деген осы екен-ау. Ыстық монша мен спиртке бұлағанның  әсері болды ма кім білсін, жалындаған жастар тез оңалып кетті. Өздері туралы жау жағына хабар берген радист, сол күні-ақ әшкереленіпті. Әйтсе де, мұздаққа тілінген аяқтарын баса алмай, бұлар біраз күн қиналған болатын. Генералдың өздерін жоғары наградаға ұсынғанын да кейін, марапатталғанда бір-ақ білді ғой. Қайран дүние-ай! Содан бері қаншама жыл өтсе де,бұның санасынан грузині бір сәт те кеткен емес. Қысқы суықтарда окоп түбінде бір-біріне тақала жатып ол «Суликосын» айтса, елін сағынған Керімше «Япурайын» айтып ыңылдаушы еді. Сөйткен досты, бір көру арман болды ғой шіркін.. . Мінекей, Гагра санаториіне келген бетте-ақ бұл өзінің негізгі мақсаты бас дәрігерге жолығып, майдандас досын табуға көмектесуін сұранды. -Жарайды, сұрастырып көрейін -деген бас дәрігер, шынында да бұл іске құлшына кіріскен болатын.  Арада екі-үш күн өткенде өзін іздеп келіп; -Қанды көйлек досыңыздың аты-жөні Маманта Анисимович Какуля емес пе еді? -деген дәрігерге, бұл не айтарын да білмей қалды. Өйткені ол кезде командирлер оны Какуля деп атаса, бұл Грузин деп қана білетін. Орыс тіліне шорқақ жан бұны өзгелерден жақын тартып, үнемі бірге жүруші еді. -Ертең бір кісіні осында әкеледі. Бәлкім, іздеген адамыңыз сол болып қалар, -деді бұны қуантып. Ертеңіне сәскеге таяу кабинетіне шақырған бас дәрігер; -Қазір осында бір аяғы жоқ соғыс ардагерін ертіп келеді. Бәлкім, сіз іздеген адам сол болар. Солай болған күнде де сіз оны танымағансып, мына адамдардың арасында беймарал отыра беріңіз. Ол кісі сізді таныр ма екен, байқайық, -деді бұның шыдамын тауысып. Бас дәрігердің айтуымен, хатшы қыз көрші бөлмеде отырған адамды ертіп келді. -Мені жайша шақырттыңдар ма? -деп, кабинетке сөйлей кірген балдақты адам Керімшенің көзіне оттай басылды. Иә, бұл өзі іздеген грузиннің дәл өзі болатын. Отырғандарды көзімен немқұрайды  шолып өткен жан Керімшеге де бір көз тастап өте берді де, кенет, қалт тұрып қалды. Артына баяу бұрылған жан, Керімшеден көз алмай; -Сен.. Сен.. Қазақ.. ? -дегенді дір-дір етіп әрең айтып, көзінен жас парлай жөнелді. Өзі де әрең шыдап отырған Керімше де атып тұрып; -Грузинім менің -деп, қанды көйлек досына құшағын жая ұмтылды. Бірін-бірі құшақтап сүйіп, ағыл-тегіл жылаған жандардың жан дүниесін түсінген сол жердегілердің де көңілдері босап, көз жастарын тия алмауда.. .    Сол күні Керімшені үйіне ертіп келіп, ағайын-туыс достарымен таныстырған Какуляның қуанышында шек жоқ еді.  -Аласапыран қиын кезеңде маған қамқор болсын деп, басын қатерге тіге алатын осындай адал дос, батыр қазақты жіберген Алла тағалаға мың да бір рахмет. Мені сыйлаймын дейтіндерің, осы «Қазақты» құрметтеңдер! Менің тірі қалуым алдымен Алланың, сосын осы Қазақтың арқасы. Ажалыма арашашы болған жанды бір көре алмай, арманда өтетін болдым-ау -деп жүргенімде, Құдайдың  бере салғанын қарашы -деген Маманта Анисимович қуаныштан біресе күліп, біресе жылайды. Арада тағы бірер күн өткенде, қаладағы мәдениет сарайында екі барлаушының кездесу құрметіне арналған үлкен жиын өтті. Осы жиында сөйлеген Маманта Анисимович, Керімшенің барлаудағы ерліктері мен азаматтығын айта келе; -Өзімді өлімнен құтқарған жанды сағынғанымда, қазақтар туралы жазылған кітаптарды іздеп жүріп оқыдым. Ондағы батыр кейіпкерлер «менің қазағым» болып елестеп, онымен қауышқандай болатынмын. Бұл қазақтардың бойындағы қасиеттері мен салт-дәстүрлерін, таңнан-таңға әңгіме етіп айтуға болатынына көзім жетті. Әсіресе жеті ата мен он екі атаға дейін қыз алыспайтын, қан тазалығы мен бауырмашылдықты сақтауға деген, имандылыққа негізделген дәстүрінің өзі керемет емес пе? Қорыта айтқанда, жалғыз менің «Қазағымда» ғана емес, бүкіл қазақ халқының бойында осындай тектілік, батырлық қасиет барына көзім жетті! Сондықтан бұдан былай, «Қазақ-Грузин» Құдай қосқан құда болалық -деп қанды көйлек досын құшағына алғанда, залда отырғандар дүркірете қол соғып, орындарынан тұрып кетті. Осы сәтте, өз ұлтына деген мақтаныштан масайраған Керімшенің төбесі көкке екі-ақ елі жетпей тұрған еді.  Бұл 1973 жылдың жазы болатын.

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.1
67 дауыс
1 пікір
  • Журектi тебiрентер окига екен.Окып отырып конiлiм босап кеттi.мiне ДОСТЫК деген осындай болу керек.улкен рахмет макала авторына!Алланын нуры жаусын!
    10 жыл бұрын