Балта
Балта
10 жыл бұрын 4706
Мақсат Қарғабай

Аяқ астынан есіктің алдында жатқан, талай жылдан бері керегіме жарап жүрген балтам жоғалды. Ары іздедім, бері іздедім жоқ. Қора қопсының ішін аударып-төңкеріп, астаң-кестеңін шығара қарадым.  Жоқ. Жұмыс күні болған соң қалған «іздестіру» жұмысын жексенбі күнге қалдырдым. Жексенбіге дейін әлі төрт күн бар. «Өз-өзің мығым бол, көршіңді ұры тұтпа» деген тәмсілді ұлық тұтқан қазакеңнің ұрпағы болған соң, дымым ішімде. Үй-жайым жұмыс орныммен іргелес, арасы қарға адым ғана жер. Досхан деген қызметтес дизайнер жігіт қайным болып келеді. Ауылдың шетінен қатынасы қиын болған соң жұмысқа шайтан арбамен келіп жүр.  Ол жұмысқа осы балта жоғалатын күні алғаш рет шайтан арбамен келген болатын. Әрі ол үйінде қызу құрылыс жұмысын бастап жатыр. Күдігім соған ауғандай. Күдіктенетін ретке барлық жағы сай келіп тұр. Оның үстіне құрғыр бөлмесіне кіре қалсам жымыңдап көз қысып қояды. Ішімнен: -Бәлем, балтамды сен алдың-ау. Ішің майлы болып тұр ғой-ә» деп қояды ішкі түйсігім. Көз алдыма  менің «алтын сапты» балтаммен Досханның ағаш қидалап жатқан сәті елестейді. Балта болғанда нағыз «советский балта» еді. Талай тоқпақты көрген, желкесі пісіріле-пісіріле асыл тұқымды бұқаның жотасындай күжірейіп қалған. Ағаштар өзінен өзі қорқып шабыла беретіндей, жүзі ұстарадай өткір еді жарықтықтың! Ол балтаны ұстағалы менімен көршілес тұрғандар талай мәрте базардан қытай балтасын алып, ауыстырып үлгерді. Кешқұрым үйге барсам екі-үш үй алыстау тұратын Құрақ атты көршім жолығып: - Мәке өткен жолы үйге барсам жоқ екенсіз. Су құятын үлкен бөшкеңіз керек еді, - дейді. Түріне қарасам көзі күлімдегендей болды. Көзіне қарап тұрып: - Күреп табатындай белгілі жұмыс орны жоқ. Үй-іші түгелімен жұмыссыз қол қусырып отыр. Өзі тағы үй салып жатыр. Негізі осы пәтшағар ұрлықпен айналысады-ау. Не де болса балтамды осы қу алып кетті-ау деген күмәнді ойды іштей Құраққа қарай атып жібергенімді өзім байқамай қалдым.

Ағаш жарылмай қалды. Балтамның табылар түрі жоқ. Бір шапқанда майырылып қалатын қытайдың балтасы болғанда ішім ашымас еді. Нағыз балтаның төресі еді.

Тағы да бір күн өтті. Аяқ астынан жиенім келе қалсын. Аға өткен жолы тойға шақыру таратып жүріп көлігіммен үйіңізге соқсам, есіктеріңіз құлыптаулы. Ары-отырып, бері отырып болмаған соң көршілеріңізге қалдырып кетіп едім. Әйтеуір аманат қой, соны алған-алмағаныңызды білейін деп келіп едім,-дейді.

- Ауыл қалай, ағайындар аман ба? - деп қал сұрасып жатырмыз.

- Иә, аға бәрі жақсы, сол жолы құрылысқа қажетті заттар алып кеткен едім. Соның біршамасын осы жолы түгелдеп әкетіп барамын, - деді.

Ойыма әлгі қу балтам сап ете түссін. Жиенімнің жүзіне қарасам қыбыжықтап төмен қарағандай болды. Көзін көзіме тура қарамай алып қаша береді.

- Ә, жау қайда десем, жанымызда жүр екен ғой. Тағы да нені қақшып кетуге келдің. Ертең осыдан балтамды үйіңнен көрсем, «жиендік» істедім деп құтылып кетпекшісің ғой! деген секундтан жылдам сұмаң ой санамда  тоқ жүргендей зу етті. Ешқайсысына дәлел жоқ. Балта ізі қайым.

Балта табылғанша қанша адамды ұры етерімді кім білсін. Сенбі күні кешкілік үйді жинастырып жүрген қызым: - Көке, іздеп жүрген балтаңыз мынау ма? -деп құж желке балтамды аяқ киім қоятын сөренің астынан шы-ға-р-ы-п тұр. 

«Сен алдың!» демесем де ішкі ойыммен ұры тұтқан маңайымдағылардан ұят болды. Енді балтам табылған соң Досханға да, Құраққа да, жиеніме де қараймын олардың  түрлерінен ешқандай ұрлық жасаған «қылмыскердің» белгісін таба алмадым. Балта табылған соң әлгі күдік-күмәндар күл болып ұшып кеткендей. Досханның баяғы сол жымия күліп жүргені, Құрақтың сол еңбекқорлығы, жиенімнің жібектей ұяңдығы, басқа ештеңе жоқ.

Өзгені өзгеге танытуға,  (өсектеуге) тануға, ғайбаттауға, нақақтан жала жабуға, қара күйе жаға салуға  құмар-ақпыз, ал енді өзге түгілі өзімізді өзіміз осы күнге дейін танымай келгенімізге қайранмын. Үш күн тығылып жатып өзімді өзіме танытқан «алтын сапты» балтама қарай бердім.

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.3
30 дауыс
4 пікір
  • Керемет. Ештененiн манiсiне бармай бiреудi кiналаудан аулак болайык агайын.
    10 жыл бұрын
  • Әр сөзі сайдың тасындай жұм-жұмыр. Нағыз әңгіме жанры.
    10 жыл бұрын
  • Бір ауылда ұзақ жылдар намазын қаза қылмаған бір ақсақал бар екен. Дәл сол ауылда түнімен елдің қорасын торуылдайтын баукеспе ұры да өмір сүріпті. Бір күні таң сәрі де ақсақал мешітке намаз оқуға жатып ұрыны байқапты. Таң сәріден мен секілді оянған бұл да бір құдайдың құлы екен деп ойлапты. Ал ақсақалды байқаған ұры мен сияқты түнімен ұрлық істейтіндер де бар екен ғой деп ой түйіпті. Сіздің де әңгімеңізде ниеттік дұрыс болу керектігі туралы тәмсіл бар екен. Қаламыңыз қарымды болсын.
    10 жыл бұрын
  • Күшті әңгіме ғой))) Бәріміздің бойымызда бар әлсіздік қой....біреуден күдіктену деген.
    10 жыл бұрын