Алланың сынағы
Алланың сынағы
10 жыл бұрын 6470
Құдайберді Бағашар

Ел ештеңе түсінбеген кез. Жекешелену дегенді естігені осы, ол қандай екенін ешкім біле бермейді. Жиналыстан жиналыс, «Жеке шаруа қожалығы» деген шықты. Ол бөлініп, өз күніңді өзің көр деген сөз. Бәрі бірге жүріп, бірге жұмыс істеп, бірге жарымай, бұнда да адал ақшасын ала алмай жатқаны. Бөлінсек, күніміз күн болмай ма деп қауіптенеді.

Жиналыс жүріп жатыр. Совхоз басшысы: ««Бөлінгенді бөрі жейді» деген. О, халайық, бөлінбей-ақ осы күнімізді көре бермейміз бе?» – деді. Біразы бөлінгісі келмей отыр. Бөлінуге сенбей отыр. Осылай жиналыс өтіп жатқанда, сол ауылдың пысық заңқойы Оқан деген жігіт ентелей сөйледі. Халық үшін күйіп кеткен адамның кейпі: «Ей, сендер мына бейшаралардың еңбек ақысын жеп отырсыңдар, әлде де жей бергілерің келеді. Егер бұлар шаруа қожалығына бөлінсе, әрқайсысы еңбек өтеуіне қарай үлестерін алады, жер әрқайсысына бөлінеді. Әрқайсысына 70-80 жылқы сиыр, жеке қожалыққа 8-9 трактор, 2-3 жеңіл машина бөлінеді. Керек кезінде трактор жерлерін жыртып, шөптерін орып, престеп бермей ме? Сендер бұларды керемет өмір сүруден қағып отырсыңдар, қанап отырсыңдар», – деді. Басшыға бұлай батырып айтқан ешкімді көрмеген халық әлгі жігітті іш тартты. Далаға шыққан қара жігітті ел қаумалап Жеке шаруа қожалығына өз еркімен жазылып жатты. Заңнан хабары бар білімді қара жігітті ел құрметтей бастады. Өзі де әркез халықты жанына жинап, қай жер болса сол жерде ақылын айтып жататын. Ол Жеке шаруа қожағылығын құрып, халықты тығырықтан шығарса, өзі шығаратынына сендірді. Күннен күнге еңбегі жанбай еңсесі түскен ел, күннің батысы қанша тырбанса да еңбек ақы алғанда бүйірі шықпаған халық күннен күнге жеке шаруа қожалығына тізімделіп жатты. Өте мейірімді, әр адаммен заңмен сөйлесіп, жеңіл көліктерімен ары-бері жүріп, жетпіс-сексендей жылқы сиырды көбейтеміз деп халықтың қамын жеп сөйлейтін.  «Жүзі жылы, сөзі түзу, ел үшін, тура біз үшін туған бала екен, осы баладан айрылмайық» деп, бір қария оңашада елге ақылын айтты.

Әркімнің жанұя санына қарай жер бөлінбек, ел бұған қуанды. Бірақ әлгі машина, трактор, жылқы, сиыр секілді елдің үлесін алумен жүрген болуы керек ұжым басшысы келуді тоқтатты. Бірде оны көріп қалған апай «Үлесімізді алыпсың, естідік, алған тракторыңның біреуін жіберсеңші, жерімізді жыртып берсін» деді. Ұжым басшысы бұрынғыдай емес, өзгерген секілді, түсі суық. «Трактор ауылда толып жатыр. Ақшасын төлесеңдер, айдатып аласыңдар, басымды қатырмаңдар» деді. Басшылардың өзіне тіке сөйлеп жүрген адам ғой деп ел үндемеді.

Тағы бірде бір әжей тоқтатып, «Әлгі біздің үлес не болып кетті?» деп сұрады. «Үлесің мына көліктің бір темірі. Бір шетін сындырып берейін, оны не істейсің?» деп мысқылдады. Одан ары жылқы, сиыр десе беттетпейтінін біліп әжей үндемеді. Ол болса қанын ішіне тартып сұрланып, жақсы деместен жүріп кетті. «Бұл да саған Алланың сынағы» деп әжей күбірлеп қала берді.

Үлес туралы ештеңе айтқызбады. Халық үлесім деп сұрауға батпай, әркім өзіне тиген көп болса үш гектар, көбі бір-екі гектар жерлерімен болып кетті. Бірі қияр салды, бірі беде, бірі қызанақ, картоп салып соған мәз болды.

Енді бірде ел шаруа қожалығының бастығы болған соң қара жігітті құжатқа қол қойғызуға іздеп шықты. Тас жолдың жағасына «Сүт, қымыз сатылады» деп жазып қойыпты. Он бес, жиырма гектар жерге 70 шақты бие байлап, ұжымға алған 70 сиырды сауып, қора тұрғызып, көкдат салыпты. Келгендер өз үлестерін көзімен көрді. 40-50 елу гектар ұлан-асыр кең жер. Үлеске алған 70 сиырға сауыншылар алып сауғызып, 70 бие байлап, аз ғана жалақыға жылқышылар алып, 8-9 трактор өз алдына тізіліп тұр. Екі жеңіл көлік. «Е, осылар үшін жүгірген екен ғой» деп ойлады келгендер. “Ол ол ма, тауда осы малдардың бойдағын шығаратын бес жүз гектар жері бар. Халықтың үлесін жинап алғанда, жерден де есебін тапқан» деді бір жылқышысы. Үлес туралы ештеңе демей құжатқа қол қойғызып алайық деді келгендер. Түсі суық, өзгерген. Қол қойып берді. Кезінде «Әрқайсысыңызға бір сиыр, бір жылқыдан тисе, бәріңіздікін қосып, тракторлар мен машиналар жасап, керек кезінде кімге керек сіздер үшін бір-ақ жерде тұрады» деген уәдесі бар. Тұруына тұр, бірақ жолатпайды, бермейді. Ел үлес туралы қозғаса, бәлеге қалатынын түсінді. Осыншама жер, тізілген тракторлар, жылқылар мен сиырлар үшін, қысқасы, халықтың үлесінің үстінен баюды көздегені көрініп тұр. «Енді іздесеңдер, ол көбіне сиырбаз бен жылқыбазда болады, болмаса қалаға сүт пен қымыз тасиды, сөйлеспейді ғой, әйтпесе қалта телефонының нөмірін алсаңдар болар еді» деді сиыршысы. Елдің үстінен түсірген көп жер мен малдың қызығын өзі көріп, елді ұмытты. Байыды. Алты ай бойы ақша бермегенін айтқан Жібек деген соның сиырын сауатын әйел бірде одан жүз теңге тастап кетші деп өтінді. Ақша-ақша дей бересің деп оны да қуып жіберді. Естігендер «Ей, байғұс, бұл жүз теңге неге жетеді?! Одан да алты ай бойғы істеген ақшаңды сұрасаңшы» деп еді, «Сұрамаймын, тілі ащы, енді сұрасам балағаттайды» деп беттемеді. «Осыншама дүниені жалғыз пайдаланасың ба, бізге де берсеңші» деген туыстарынан да алыстап кетті. Менің жеке басымның пысықтығымен тапқан дүниені неге туыс-туғанға беруім керек дейтін. Өзінің алымды да шалымды болып, елдің үстінен оңай олжа түсіргенін ойласа, қатырдым деп еріксіз жымиятын. Ел алақандай жер осының арқасында тиді деп ойлады.

Қымыз, сүт тасып қаладағы магазиніне тынбай жүрген күннің бірінде ойламаған жерден Оқанның бір бүйірі шыдатпай ауырды. Дүкеннің ақшасын жинау керек, базардағы ақша тағы бар, ертеңге шейін далада сүт пен қымыз тағы күтіп тұр, әйтеуір дамыл жоқ болған соң біраз шыдап жүріп көріп еді, енді шыдатпауға айналды. Бір қолымен ішін басып, бір дорба ақшасын машинаға тығып, емханаға өзі келді. Шұғыл ота жасалу керек болды. Асқынған, соқырішек жарылған екен. Ота сәтті өтті. Бірақ ұзаққа созылды. Палатаға әкеліп жатқызды. Қараса, сол палатада тағы біреу жатыр, таныс секілді. О, тоба! Мынау Әлкей ғой. Өзінің жылқышысы момын Әлкей. Өткенде Әлкей жоқта екі жылқыны сыртынан танымаған адамдарға өзі сатып, Әлкейге төле, сен жоғалттың деп бәле салған. Жала жапқан, «Төлемесең, кет, мә саған еңбек ақы» деп ішінен түйіп-түйіп жіберген. Әлкей де аузына не түссе соны айтып, мен де сені аямаспын, ажалың мен деп, сөйтіп кетіп қалған. Аттан жығылып бұдан үш күн бұрын емханаға түскен жағдайы бар еді.

Әлкей естімепті. Дәрігер отадан шыққан Оқанға су ішуге болмайды деп кетіпті. Бұл болса қаны кеуіп шөлдеп, әлі құрып жатыр. «Әлкей!» – деді әлсіз дауыспен. Әлкей бетін бұрын қарағанда, «Бауырым, кешір, краннан бір стакан су алып берші?» деді жалынып. Әлкей дәл мына кезде ерегеспейін деп үн-түнсіз бір стакан су берді. Басын көтеріп ішкізді. «Ух, рахмет» деді.

Әлкей ұйықтап, оянса, қасындағы кісінің орнында жоқ екенін байқады. Еден сыпырушыдан анау қайда деп иегімен төсегін көрсетті. «Ол кісіні қайта ота жасауға алып кетті. Су ішіп қойған ба, ішегі суға толып, тіккен жері жарылып, тігуге келмей жатыр деп естідім» деді. Терезеге барып қарап еді, жылап тұрған жақындарын көрді. «О, тоба, бұлар да жылайды екен, елді жылатушы еді» деп ойлады. Алла пендесінің ниетін таразыда ұстайды деген. Тәкаппарлық басып кетсе, теңелгенше уайым мен қайғы қосып теңестіреді деген рас екен. «Ажалың менен» дегенді Құдай аузыма салып, періште әумин деген екен ғой деп ойлады. Әйтпесе, ішкені у емес су еді ғой. Осыдан шықсам, қабіріне барып қайтайын деп ойлады...

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
3.2
16 дауыс
2 пікір
  • Бул агамыздын "Тагылым тамшылары" секилди енбектериндеги ангимелери оте жаксы. Арине, ондагы ангимелер ел ауызынан жеткен окигалар го... Ал, адамнын ангимени ози жазып шыгуы, оны окырманга жеткизе билуи шеберлик пен енбекти талап етеди. Жаксы ангиме.
    10 жыл бұрын
  • Шығарма шын ойландырады. Әрбіріміз әр ісімізге Алла алдында жауапты екенімізді ұмытпағанымыз абзал!
    10 жыл бұрын