Аллаға жалбарыну
Аллаға жалбарыну
2 жыл бұрын 4086
Өтеген Күмісбаев

Ойда жоқта оқушы  немерем  Сағияның  кеудесіне  әлдеқандай  бір  кесел  жабысып, бәрімізді  уайымға  батырмаса  болар ма. Сегізінші  класта  ойнап-күліп  оқуын  оқып  асыр салып  жүрген  немереме  нендей  кінәраттың  жабысқанын  білмей  қалдық. Апармаған  жеріміз  қалмады. Дәрігерлер мен  емшілердің арасында табан  тоздырдық. Алматы, Астана, Қытай да көмектесе алмады. Сағияның  тәбеті  нашарлап, жүдеп кетті. Ақырында біреулер  бұл  баланы Бельгияға апарған абзал, ауруының емі сонда десті. Дүние жүзі бойынша жиырма қыз бала осындай диагнозбен емделеді екен. Менің немерем жиырмасыншы болып тіркелді.

Бір күндері үлкен балам Арман Сағияны Бельгияға алып кетті.  Әжесі  екеуіміз бір Алладан жәрдем сұрадық. Немеремізге оң  көзбен қарап, әулетімізді қуантшы деп, жалбарындық. Көңіліміз көкала бұлттай сөгіліп, жанарымыздан жас парлап Бельгия жаққа алаңдаумен болдық. Түймедей түйілген түйте жара асқынып, анау ауруға ұласып кетпесе екен деп, күн сайын Тәңірге дұға жасадық. Әсіресе, зайыбым Бөлек Байқожақызының күнде кешкісін батып бара жатқан қызыларай күнге қарап, Аллаға жалбарынып тілеу сұрап, аппақ жүзін көз жасымен жуып тұрғанын көргенімде шыдай алмадым. Жанарымды жас қамап, көз алдым тұманданып, ештеңке көрінбей кетеді. «О, Тәңірім, Сағияма сәулеңнің бір тамшысын түсіре гөр, қанатын қатайтып қуат бере гөр, Бельгияда сауығып, бізді бақытты ете гөр. Немерелеріме қосып, сабағын жалғастыра гөр. Бәріде өз қолында Тәңірім, таңнан таңға кірпік ілмей  сұраймыз өзіңнен, рахмет  нұрын  жаудыра гөр Алла!» деп дұға жасап, маңдайымызды жерге  тигізіп тәубе етеміз. Сонда әжесі Бөлек Алланы айтып егіл - тегіл жылағанда омырауын жас жуып сала береді. «Алла ау, мені ал да немереме денсаулық сыйла, Сағиямның құрбаны болайын дейді».  Небір жұбаныш сөздерді айтып, оны тоқтатқан боламын. Тоқтамайды, жасын төккен күйі  жерге маңдайын тигізіп жатып алады. Жүрегі нашар еді, содан қорқатын. Кейде таң ағарып атқанға дейін күбірлеп жатып алады. Сансыз рет Сағиям деп, қайталаумен әнтек көз іледі. Шынымды айтсам немерелерін мұншалықты жақсы көретін кемпірді әлі кездестіргенім жоқ. Мені жұмысқа шығарып салып тұрып, теқ қана Сағияның тілеуін тіле, Алладан алты мың рет сұра, естімей қалуы мүмкін емес дейді ол. Құран оқығанда, намаз оқығанда Сағияны аузыңнан тастама дейді ол. Дастарқанға жасаған әрбір Батаңның ішінде болсын дейді ол. Бір Аллаға сүйеніп, бір Аллаға табындық. Күллі Әлемнің әміршісі Алла, одан артық күш-қуат жоқ дестік.

Сөйтіп жүргенде түс көрдім. Түсімде ақ түлкіге байланған көгілдір етікті бір иықты, келбетті, ажарлы азамат «Бөлек кім еді, қай жерде деп, әлгі иығына түлкімен етікті салып алған мұртты, аққұба келген биік адам топ ішінен Бөлекті іздеп жүрді. Аржағында сондай түлкі, сондай етіктің сан түрі тізіліп тұр. Ертеңіне Бөлекке көрген түсімді айтып едім: Алла тілекті береді екен деді. Бұл Алланың саған берген аяны деп ұйғарды.

Біз Таусамалы деп аталатын таудан салқын самал есетін тұста тұрамыз. Қаладағы үйді үйленген балаларға бергенбіз. Азынаулақ жеміс-жидегі бар шағын үй біздікі, терезені ашып қалсаң ақбасты Алатау түйдей шөгіп, ақшақарын, бұлттарын аймалап жатады. Таң атқанда есік алдына шығып, Аллаға жалбарынғаннан кейін, қарлы таулардың шыңдарына, бөкебайдай басын бүркеп жатқан бұйрабас бұлттарына, күннің  шашырап  келе жатқан шапағына, ауладағы алма ағаштарының, өрік ағаштарының  жапырақтарына тағзым етіп, Сағияны айтып, Тәңірге табынамыз. Бельгия бақыттың берік мекеніндей көрініп кетті бізге. Радиодан, газеттен, телехабарлардан  Бельгия деген сөзді естуіміз – мұң екен, жерден жеті қоян тапқандай қуанамыз. Біз үшін Алла Бельгияда тұрады.

Күндер өтті, айлар өтті, жыл да жылжып кетті. Сағиямен папасы Арман  Бельгияның  білгір дәрігерлерінің  назарына ілігіп, ем алып, қайтып жүрді.  Сағияшым жүдеді, тәбеті де бұрынғыдай емес, десе де бізге білдірмей  бәрі  жақсы дейді. Тағы кетеді, тағы келеді. Түн ішінде кемпір екеуміз шалқалап, көгалға  жатып  алып, аспандағы Айдан, андыздаған жұлдыздардан, көк теңбіл аспаннан, Алладан алақан жайып сұраймыз. Самал  тербеген әрбір жапыраққа жалынамыз. Ағаштарды,  гүлдерді суарғанда әрбір жапырақтан  Сағияны сұра дейді зайыбым. Қанша жапырақ болса соншасынан сұрап шығамын. Аллаға үніміз жеткендей  болады. Кейде ертеңгісін шай ішіп отырғанда Бөкең маған қабағын түйіп: «Қалай  ғана тамағыңнан ас өтіп отыр, Сағияның жүрісі анау», - дейді. Ондайда оқыстан түйіліп қалып, кесемді  дастарқан шетіне төңкере саламын. Бәріміз жиналып, Сағиядай көзге көрінбейміз. Кей уақытта пендеміз ғой, ойға  кетіп қалсаң: «Сен кімді ойлап отырсың, Сағияны Алладан сұра, тілеуін тіле» дейді. Әжесі Сағияның садақасы деп, үйден тәуір заттарды, нәрселерді  үлестіріп жіберді, мешіттің  садақа салатын қобдишасына уыстап тиын салды, қайыршыларға берді. Жұрт мешітке бір қой апарып шалдырса, біздің  Бөкең жеті қойды апарғызып бір-ақ  шалдырды. Сағиям үшін, немерелерім  үшін  деп, қол жайғызып молдаға бата жасатты. Құран оқытты. Балларым, келіндерім, немерелерім келіп қол жайып Алладан тілек тіледі.

Арман мен Сағиясы Бельгияға тағы аттанды, тағы да тоқ хабар күтумен күндеріміз өтіп жатты. «Жылауық Апаның» (Ақ Ана оған осылай деп, қосалқы ат берген еді ) көз жасы тоқтамады, тоқтата алмадық. Бір Аллаға сыйынып, бір Алладан жәрдем күтелік, сабыр етші  дестік. Әйел баласын сабырға шақыру оңай шаруа емес. Құдіреті күшті Тәңірім өзің шақырмасаң... Сөйтіп ми айналып, бас сандалып жүргенде Бельгияда Сағияға ота жасалды. О, жасаған жолын аша гөр, Алла шипаңды беріп, мейіріміңді төге гөр Сағияма дедік. Сағия папасы екеуі есен - аман елге оралды. Құшақ жая қарсы алдық. Енді ұзақ күтім қажет, әрі Бельгияға тексерілуге барып тұруы тиіс. Бірнеше мәрте барып емделді. Қайта оралып оқуына қосылды. Көп пәндерді қуып жетті. Әрине, ұстаздары, достары көмектесті, өзі де намысқа тырысты, ҰБТ-дан  99 балл алып, енді Т. Жүргенов атындағы  өнер академиясына емтихан тапсырып жүр. АллаТағала тілекті беріп, немеремізді қатарға қосты. Аса мейірімді, рақымды Аллаға алпыс мың рет тағзым етеміз, сансыз шүкір, мың тәубе дейміз. Шын жалбарынып сұрасаң Алланың береріне көзім жетті.                                           

                                             

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.1
28 дауыс
7 пікір
  • Әңгіме жалпы не айтқысы келіп тұр. Бұлыңғыр секілді. Сосын мұқтажын, қажетін ай мен жұлдыздан, жапырақтан сұрадық дегеніңіз қалай?! Мұсылман бір Алладан өзге нәрседен қажетін сұрамас болар...
    2 жыл бұрын
    • Өтеген Күмісбаев - қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, мықты шығыстанушы ғалым. Шығарма жақсы жазылған. Сауатты. Бұл - көркем шығарма болғандықтан, қазіргі қоғамдағы келеңсіздікті жақсы бейнелеген. Бұл тек пафосты сюжет екенін ескеріп, авторға кінәрат артпаңыздар! Байқаудың басты шарты осы еді ғой...Шабытыңыз шарықтасын, Өтеген аға!
      2 жыл бұрын
  • Мусылмандар жардемди тек жалгыз Алладан тилейди.Ангимени коркемдейм деп улкен кателикке жол берилген, болмаса оиын дурыс жеткизе алмаган.
    2 жыл бұрын
  • Поэзияның көрнекті өкілі, мықты шығыстанушы болу шығармаларына ширки сөздерді қосуға болады деген сөз емес ағайын.
    2 жыл бұрын
  • Бұл бəйге болғандықтан авторлардың атақ-даңқы мен ғылыми дəрежесін есепке ала отырып баға берілмейді. Пафосты сюжет бұлай болмаса керек.
    2 жыл бұрын
  • Алаш Қазақпен толық келісемін: жазушылар адамдарды шатастырмаңдар, тілекті тек бір ЖАРАТҚАН ИЕМІЗ-АЛЛА ТАҒАЛАДАН тілеңіз!
    2 жыл бұрын
  • "өрік ағаштарының жапырақтарына тағзым етіп",дегені қызық екен адам Алла тағалаға табынушы еді,..дегенмен жақсы деуге болады,тілі көркемдігі нанымды шыққан.
    2 жыл бұрын