"Әкең үйленіпті..."
"Әкең үйленіпті..."
10 жыл бұрын 7222
Мәриям Майлыбайқызы

Байғұс бала үшін дүниедегі ең ауыр үкім осы ғой деймін…  Жасы жетіге жаңа ғана шыққан қыз бала кеше анасынан осындай сөзді ести сала, өкіріп жылап жіберді. «Мүмкін емес, әкем қалай... әкем қалай..?» дей береді иегі кемсеңдей. Сосын көзінің жасын төгіп-төгіп , біраз күш жинап алады да қайтадан ышқына: «Ол маған келем деп уәде беріп еді ғой, мамаңа қарап жүр, келем» дегені қайда? Өтірік болғаны ма бәрі..?» деді.

Бір кездері жас жұбайлар осы қыз, тұла бойы тұңғыштарының туылуын қалай асыға күтті десеңші... Өздері өмірдің оң-солын танып та үлгірмеген екі жас оңаша қалса болды: «Баламыз кімге ұқсар екен а?» деп қиялға беріледі. Сәлден соң «саған ұқсасыншы», «жоқ, саған ұқсасын» деп бір-біріне сүйсіне қарап, еркелей, бір-біріне тығыла түсетін. Жаратқан тілеулерін қабыл етіп, ай-күні жеткенде дүниеге қыз келді. Екеуіне де ұқсайтын, қарақаттай сұлу қызға Қарақат деп ат қойды үй іші. Келіншек күйеуін бұрынғыдан да жақсы көрді, ал жігіт? Ол ма... Ол басында өмір сүруге шарасыз шарананы қайта-қайта қолына алып, «менің балам, менің ұрпағым...» деп еміренуші еді. Қуанышы екі-үш күн ішуден әріге асқан жоқ. Сосын: «Аузын жапшы ананың, шырылдап жылай беретіні несі, өшір үнін!» - деп жекитін болды. Кейін кешқұрым тысқа шығып кеткеннен нәресте ұйықтады-ау деген шақта бір-ақ оралатын болды, ақыр соңы тіпті үйге қонбайтын да әдет шығарды. Келген күнде де бір бұрыштағы кереуетте тырбанып жатқан сәбиге назар салмайды да. «Қояр, әлі жас, әке боп көрмеген», - деп күтті соңын келіншегі.

Жоқ, жағдай ушыға түспесе, жақсара қойған жоқ. Енді күйеуге ене қосылды. Онсыз да өмірінде бірінші рет босанып, сәбиін емізе алмай қиналып отырған уыздай жас келінге тап беріп: «Жұрттың баласының үнін де естімейсің, біздікі ауру ма, неге жылай береді, құртшы көзін, демалайықшы, ұйықтайықшы», - деп айғайға басты ене. Ал, келінде үн жоқ, байғұс жаңа босандым деп қырық күн күтініп жатқан да жоқ, табаға нан жауып, самаурын қойып, тамақ істеп, үлгере алмай жүр. Ал ондайда жыламақ түгілі, ышқынып жатса да нәрестені емізу қайда... Сондай да: «Шіркін, күйеуім не енем ең құрыса екі минут жұбата тұрса ғой баланы», - деп армандайтын.

Күндер жылжи берді. Сәби өсті. Жылауын қойды. Небір тәтті қылық шығарды. Сөйледі. Сықылықтап күлетін болды. Бірақ, сәби күлкісі тым ерте тыйылды. Тыйған үй ішіндегі ахуал. Әкесі мен анасы, анасы мен әжесінің арасы. Қатты-қатты сөздер. Жасы бірге де келмеген кішкентай қыз өмірдің ащы дәмін татып үлгерді, сондықтан ол қайтадан жылай бастады. Әйтсе де енді ол сәби боп емес, ересектерше қайғы шегіп, қасіреттен жылайтын болды. Себебі, көз алдында аяулы анашын әкесі ішіп келіп, құлындай шырқырата сабайды. Ал мұның әжесі болса, әкесі мен шешесін шағыстырып қойып, рахаттана қою күрең шай ішіп отырады. Тілі жаңа шыққан сәби анасына: «Анашым, атамның үйіне кетейікші» дейтінді шығарды. Бесіктен белі шыққан сәбидің аузынан алғаш осы сөзді естігенде келіншек не дерін білмей, абдырап қалды. «Жоқ, жаным, олай деме, сенің үйің осы ғой» деді. «Онда неге сені ұрады, мама?» дейді екі жасқа жаңа шыққан бала ересектерше. «Қызым, әкең жаман адам емес, ол тек жай білмей қалған ғой», - деп алдады сосын.

Ай артынан ай, жыл артынан жыл жамап, бала алтыға толғанша үй ішіндегі жағдай осы күйі қала берді. Әкесі кейде ғана қызын қасына шақырып алып, бетінен сүйіп, жақсы көргенсиді. Бірақ сәби сезімтал емес пе? Үрке-үрке әрең барады қасына. Себебі жалғандықты көзінен көріп тұратын. Үйде аптада бір, не кейде екі жетіде бір рет қонатын адамды қалай жақын тартсын?

 

***

Бір күні болмашыға үйде үлкен шу шықты.

– Ей, қатын! - деп бастады ұрысты ене. Екі қолын бүйіріне таянып алыпты.

– Мына туфли қайдан шыққан? дейді ақырып. 

– Қайсы, апа? – деп келіншек енесінің жанына бара бергені сол, екі көзден оты жарқ етті де, жерге құлап түсті. Көзін ашса, енесі үстіне төніп тұр екен. «Оңбаған, айлығыңнан жымқырып қалған екенсің ғой, саған бір тиынға дейін санап әкел дегенім қайда?» 

– Апа, ол баяғыда студент кезімде алғаным… дегенше болған жоқ, тағы бір соққы ыңқ еткізді. Бұл жолы ұрған күйеуі еді.

Екі бүйірден аямай тепкілеп жатыр, тепкілеп жатыр. Бет қаратар емес. Талықси құлаған келіншектің құлағында шар еткен қызының даусы қалды. «Ана, анашымды өлтірмеңдерші» деді ол шырқырай жүгіріп келіп. Сөйтіп араша түспекке апыл-тапыл басып ұмтылды. Әжесі мен әкесінің қатігез соққысынан анасын арашалап алған жалғыз қызы болды солайша. Сол оқиғадан соң есін әрең жиған анасына қызы күнде «Анашым, кетейікші бұл үйден» дейтін болды. Енді бірде өзінен өзі мұңайып отырған мұның қасына келіп сәби қыз: «Мама, сен өліп қалмашы» дейді. «Неге олай дейсің, құлыным?» десе, қорқам, мама, қорқам» дейді. Бұл сөз өзі әрең шыдап жүрген келіншекке күш берді. Өткен жолғы соққыдан кейін құрсағындағы сәбиден де айрылып қалып еді. Бүк түсіп жатқаны да содан. Үш күн дегенде сәл күш жинаған беті осы. Қызы әлгі сөзді осымен бір емес, бірнеше рет қайталап тұр. Күйеуі болса, үш күннен бері үйде жоқ. Соңғы рет екеуінің ұрысына күйеуінің ұялы телефонына келген қоңырау түрткі болған. Ұйықтап жатқан күйеуінің телефон тұтқасын көтере салған, ар жақтан: «Жаным, қашан келесің, мені сені күтіп отырмын ғой» деген қыздың даусы саңқ-саңқ естіліп жатты. Одан әрі ештеңе есінде жоқ. Себебі күйеуі қақ маңдайдан қаңқ еткізіп бір ұрған. Көзінің оты жарқ етті де, құлады. Енді сол оқиғаны еміс-еміс есіне түсіруде бұл. Құр сүлдерін сүйретіп, қызының қасына келді. Емірене иіскеп, ұзақ отырды. Сөйтті де енді не істейтіні жайлы тез-тез ойша жоспар құра бастады. Өйткені жолайрыққа келгенін нақты түсінді. Аңдаса, келіншекті бұл үйде ұстап тұрған ештеңе жоқ екен. Соңғы рет үй ішіне асықпай көз тастап алды да, тез-тез заттарын жинап, қызын қолынан жетелеген күйі келіншек табалдырықтан сыртқа аттады. Шығып бара жатып, артына соңғы рет қайрылды да, ақ босағадан кешірім сұрады іштей. «Мен саған адал болмаған шығармын, бірақ...» Көмейге тірелген өксікті тыя алмаған күйі тысқа атып шықты да, беті ауған жаққа жүре берді...

 

***

Бүгінде келіншек босағасынан алыста, бірақ жаны тыныш. Өзі сүйген жұмысқа қайта оралған. Қызы қасында. Жыламайды. Өмірлерінде біріне жар, біріне әке, бір адам жоқ дегені болмаса, екеуі бақытты секілді. Енді отбасын құра ма, құрмай ма, келіншек үшін ең бастысы – қызын ештеңеден кем қылмай өсіру, арманына қанат бітіру, үлкен адам қылу. Алаңсыз күндердің шырқын бұзған тек аяқ астынан ауылдан келген әлгі жайт: «Ол үйленіпті» деген хабар. Келіншек іштей қуанышты да, себебі ол енді «қызымды алып қоямын» деп қорқытпайтын шығар деген үміт күшейді. Алайда, қызы… Қызы… «әкең үйленіпті» деген суық хабардан есін жия алмай жатыр… Ана жүрегі қан жылауда…

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
1.9
153 дауыс
19 пікір
  • ИЯ ,ЕРКЕКТЕР ОНБАГАН
    10 жыл бұрын
  • Кандай окiнiшт.
    10 жыл бұрын
  • Жақсы жеткізілген. Өмірде көп қайталанатын сурет. Аянышты. Бірақ енесінің ұруын дәл өмірдегідей шынайы суреттей алмаған.
    10 жыл бұрын
    • @KairatZholdybai, аға, мүмкін сенімді етіп суреттей алмаған шығармын, бірақ расында солай болған, енесі келінін аяқ киіммен ұрған(
      10 жыл бұрын
  • Мариям қарындас, сіз суреттегендей болуы әбден мүмкін. Тек өз басым өмірде көрмегеннен кейін болар, қыбылдай алмадым. Суреттеудің бояуы артықтау яки бір нәрсесі жетпей тұрғандай көрінде. Өмірде бәрі де мүмкін.
    10 жыл бұрын
  • «Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің» - деген атам қазақ. Сондықтан ер, әйел деп бөлмейік, жалпы барлығымызға да қатысты нәрсе. Қазіргі таңда қоғамның, жастардын "отбасы" - деген сөзге жай термин ретінде қарайтын болған. Оның қаншалықты артында жауапкершілік тұрғаның естерінен шығарған. Имандылыққа қарама-қарсы жағымсыз сипат – имансыздық. Сондықтан имансыздықтардан болмайық! Аллаһ тағала ол кісілерге жеңілдігін берсің!
    10 жыл бұрын
  • Айел адам шыдамды гой...
    10 жыл бұрын
  • Тез битип калды(((
    10 жыл бұрын
  • Өте өзекті мәселе. Қазіргі кезде ажырасу тым жиілеп кетті, әсіресе жас отбасы арасында. Соларға үлгі боларлық екен. Бұдан түйгенім: жұбайлар ажырасса, күйеуге әйел, әйелге күйеу табылар-ау, бірақ балаға әке табылмайды. Осыны ойлану керек...
    10 жыл бұрын
  • Ма ша Аллах керемет екен! Коп окырманга сабак болады деп ойлаймын. Аллах ар созинизге сауаптан жазсын, Ин ша Аллах!
    10 жыл бұрын
  • SybhanAllax akiri waitan kozdegenin doptepti! bugan tozgen apkeme rahmet!
    10 жыл бұрын
  • Көркемдеймін деп сәл әсірелеп жіберген сияқтысыз. Тілі жаңа шыққан сәбидің "атаның үйіне кетейікші" дейтіндері, 6-ға толмай жатып "сіз өліп қалмаңызшы, өлтірмеңдерші" дегендері тым әсірелеу сияқты. Кішкентай бала олай демесе керек. Сонымен қатар, 7 жасар қыз әкесінің екінші рет үйленгені кезінде үлкендерше "әкем, қалай..." деп күйзеліске түспесе керек.
    10 жыл бұрын
  • ...Бүлдіршін болса да ерте есейгендер ондай сөзді айтады.
    ...Соңында хэппи энд бола ма деп ойлап едім.
    ...Сәбидің көз алдында ата-ананың ұрысуы - баланың өміріне ө-ө-ө-те үлкен психологиялық жүк салып кетеді. Ол өскенде тұйық болады, не қатыгез не жасық болады. Өкінішті!!!
    10 жыл бұрын
  • http://islam.kz/kk/articles/baige-2014/oyanu-283/
    Menin' oiymsha bari imannyn' joktygynan. Eger en' bolmaganda aieli jumysyn tastap kuieuine, ui ishine, enesine kobirek kon'il bolse olai bolmas edi. Aieli duga tilese bari ozgerer edi.
    Al erkek bolsa, menin' oiymsha alsiz adam, eger aieline kol koterse. Islamda, alsiz musylmanan kushti musylman artyk delingen. Mumkin ol musylman emeste shygar, aielide kuieuide, kim bilsin.
    Kortyndylai kelsek, erkek nemese aiel birin-birin tolyktyratyn jandar, eger bireuinin' kate isteri, kunalary, jaman isteri, imansyz kylyktary paida bolyp bara jatsa ekinshisi koi, Allahty esin'e al deui kerek. Al bul jerde ekeuide ogan keler emes.
    Aielder ote shydamdy, Allahym olardy solai jaratkan. Allahym, analarymyzga, karyndastarymyzga, kyzdarymyzga, azhelerimizge, suikti jarlarymyzga salikalylyk, iman, jaksy kelin, jaksy jar, uidin' kon'ili, uidin' korki boluy nasip etsin.
    Allahym, erkekterge iman bersin.
    Jaksy tanysym aityp edi, iman ol kurastyra salatyn, suiret siyakty ozin' sala-salatyn zat emes, ol Allahtyn' berer kazynasy dep. Sol ushin onyda en'bekpen alu kerek, eger sen jai gana juregim taza dep jursen' eshten'e bolmaidy, imandy alu kerek Allahtan, imanga areket jasau kerek.
    Allahym adil, arkimnin' oz nesibesin beredi, biz tek duga tileik, kishkentai karyndasymyz bul korgenin istemesin dep. Apketaiymyz, karyndasymyz, Insha Allah bahytty bolsyn, jandary tynysh bolsyn dep tileik.
    10 жыл бұрын
  • Оқиға желісі нанымсыз. Жасанды, қиялдан туған. Сендіре алмайды!
    10 жыл бұрын
  • Құрметті оқырмандар (дауыс берушілер),
    Біреуіне 5 деген бағаны қойып, ал қалғандарына 1 қойғандарыңыз әділетсіздік болып табылады.
    Кім қай әңгімеге, қандай баға беріп отырғанының барлығы бізде бақылануда.
    Олай жасамауларыңызды қатаң түрде ескертеміз!
    10 жыл бұрын