7-палата
7-палата
10 жыл бұрын 5776
Назым Аманғазықызы

Медбикенің шаңқ еткен дауысы бүкіл дәлізге естілді:

–  Бұныңыз не? Байқұс балаларды өлтіре алмай жүрсіз бе?! Неге ашып кеткенсіз терезені?!

Ашуға булыққан медбике 7-палатадан бозарып шықты. Аурухананың барлық нәрсеге еті өліп кеткен қызметкерлеріндей емес, жүрегі жұмсақ екені көрініп тұр. Басын шайқап, егу бөлмесіне беттеді. Дәлізде бір-бір баланы алдарына алып, бағанадан әңгіме-дүкен құрып отырған 4-5 әйел жым-жырт болып тына қалған. Тағы кім не дер екен деп, құлақтарын түріп отыр. Бірақ тырс еткен үн шықпады. Тек 7-палатадан әдеттегідей жас баланың талып жеткен «ма-мааа!» деген  дауысы естілді.   

–  Байқұс балалар-ай, түнімен осылай «мамалап» шығады.  Қандай қиын десеңші, – деп ауыр күрсінді әйелдердің бірі.

– Біздің балаларды айтам, әкем-көкем деп отырғанның өзінде ауруға шыдай алмайды. Ал мына балаларға тіпті обал ғой, – деп қостады екіншісі.

Әңгімеге аруханаға әлгінде ғана түскен аққұба әйел араласты:

– Не болған сонда? Ол балалардың анасы қайда?

– Тастанды балалар ғой... жетімдер үйінен келген. Әрі «ДЦП»-мен ауырады... жүріп-тұра алмайды...

– Ойбуу, обал-ай... сонда бір өздері жатыр ма? – деп аққұба  әйел

қасындағыларға жалтақтай қарады.

– Қастарында күтушісі бар. Бір тасжүрек  әйел өзі... Көрмейсің бе,  қақаған қыста терезені ашып кеткенін. Бәсе, дәлізде арлы-берлі жүруі жаман еді, – деп күйінді егде әйел.

– Сонда қалай? Бала палатада, ал ол терезені ашып, өзі шығып кеткен бе?

– Сөйткен болып тұр ғой... Бір емес, екі бала жатыр онда. Бәлкім «бүлдіріп» қойған шығар. Содан жиіркеніп, желдетейін деді ме... қатігез неме!

Әйелдер ауыр ойға шырмалып, үнсіз қалды. Палаталарына да үнсіз тарқасты. Қолында ұйықтап қалған баласын төсекке жатқызып, өзі де қасына қисайған аққұба әйел өз құлағына өзі сенбеді. Өмірде қатігездіктің небір түрі бар-ау... Бірақ мұндайды кім естіген. Онсыз да суық тиіп, қызуы көтеріліп жатқан балаларға осындай опасыздық көрсетуге қалай қолы барды екен.  Медбикенің шаңқ еткен дауысы есіне түсті: «Өлтіре алмай жүрсіз бе?!»  Мүмкін, расында да, өлтіргілері келетін шығар...

Келіншек дөңбекшіп, ұйықтай алмады. Қанша ойламайын десе де, бағанағы естігендері құлағынан кетер емес. Кенет «ма-мааа» деген әлсіз дауыс тағы талып жетті. Орнынан ұшып түрегелген әйел қапелінде не істерін білмей, состиып тұрып қалды. Тың тыңдады. «Мамааа»... «мамааа» ... тағы қайталанды. Әйелдің көзінен ытқып жас шықты. Өйтпей қайтсін, өмірінде мұндай дауысты естіген емес. Жаны қиналып, азапталған дауыс...  Өзі мүлде көрмесе де, ақ сүтін ембесе де, туа біткен түйсігі бойынша «мамалап» зар илеген бейкүнә дауыс...  Бәлкім, ауруы жанына батып жатқан шығар. Мүмкін, қарны аш па екен?! Әйтеуір, күрмелген бала тілі анадан ба, адамнан ба – араша тілейтіндей...

– Жат! Жат тыныш! Жап аузыңды! – Күтуші әйелдің зілді дауысы естілді.

– Мамааа... ыыы... Мамааа...

Баланың ауырсынған дауысы  қайталана берді. Арасында алқынып, үдей түседі. Кейде ес-түсін білмей, сандырақтап жатқандай көрінеді.

7-палатаның есігі шиқылдай ашылып, күтуші әйел дәлізге шықты.

– Бірдеңе салып, ұйықтатшы мына екеуін... Ауыздарын жаппады ғой, – деді кейіп.

– Қызулары көтеріліп жатыр ма? – деп сұраған медбике жауапты күтпестен палатаға кіріп кетіп, сәлден соң  бір-ақ шықты.

Әйел бұдан ары шыдап тұра алмады. Құралдардың салдыр-гүлдір дыбысы шығып жатқан егу бөлмесіне барды.  Медбике жалғыз өзі екен.

– Кешіріңізші, ұйықтай алар емеспін... Мына балалар әбден қиналды-ау...

–  Иә... қайтесіз енді, өмір ғой. Укол салып шықтым, күйіп жатыр екен.

–  Ана әйел неге дұрыстап қарамайды, а?! Құдайдан қорықпайтын не деген адам өзі?! – деп келіншек ашуға ерік берді.

– Еее, оларды да кінәлай алмайсың... Еттері әбден өліп кеткен ғой. Әрі өз баласы болмаған соң...

Екеуі де бір сәт үнсіз қалды.

– Туған аналарына керек болмаған балалар ғой... Туды да, тастап кетті. Сау болса бір жөн, дімкәс балалар... осылай өмірлері өксікпен өтеді де, – деді медбике шарасыз үнмен: – Бізге осы сияқты балалар көп келеді. Не сөйлей алмайды, не тұра алмайды. Тек жатады. Сондай кезде  өмір бойы осылай азап шеккенше, неге осындай балаларды кішкентай кезінде дәрі беріп ұйықтатып тастамайды екен деп ойлаймын. Сондай заң шықса...

–  Е, сіңілім-ау, Алла берген өмірді ешкімнің қиюға хақысы жоқ. Бар мәселе, қатігез адамдарда болып тұр ғой...

Аққұба әйел осыны айтты да, теріс айналды. Аяғын ілбіп басып, палатасына келді. Төсекте бір уыс болып ұйықтап жатқан баласын тас қылып құшақтаған күйі таңды атырды.  

Ертесінде қызын рентгенге түсіріп келген кешегі әйелдердің бірі:  

–  Жаңа рентген бөлмесіне 7-палатадағы екі баланы да алып келді. Өкпелерін түсіретін кезде шешіндіріп жатыр екен, көзім шалып қалды, денелері көгала қойдай,  – деп кешегі әңгімені қайта бастады.   

Егде әйел мырс етті:

–  Несіне таң қаласың, күтушісінің түрі анау... ауруханада жүріп, қиянат қылады. Жеке жерде не істейтіндерін  кім білсін...

Аққұба әйел келіншектердің  әңгімесін ары қарай тыңдағысы келмей, теріс айналды.  Көңіл, шіркін, мұндай сөздерге сене алар емес. 7-палатаның жанына барды.  Қос баланың тағдырынан еш хабар бергісі келмеген сұр есік тарс жабық тұр. Тек ар жағынан «мамааа» деп ыңырсыған баланың әлсіз дауысы естіледі. Аққұба әйел есік жақтауындағы қағазға жылдам көз салды. «Убина  Диана. Досжанов Айбек» деген жазуды оқыды. «Қазақтың қарагөздері екен ғой...» Жүрегі  тағы шым етті.    

Ауруханадан шығатын күні дәлізден әлгі екі баланы көрді. Палатаны кварцтап жатса керек, екеуін арбасына отырғызып қойыпты.  8, 10 жас шамасындағы балалар екен. Дене бітімдері қисайып, арбада әрең отырған қос жетімектің қасына қалай жетіп барғанын келіншек өзі де сезбей қалды. Тізерлей отыра қалып, мейірлене бастарынан сипады. Сөмкесінен  екі алманы шығарып, балаларға созды. Бүрісіп-тырысып қалған кішкентай қолдар алманы ұстағысы келіп әлек... Дене мүшелері бағынбаса да, саналарының сайрап тұрғаны жәудіреген көздерінен  аңғарылады.  Мейірімге сусаған бала көңілі титтей де болса махабатты сезінгеніне бақытты. Келіншек ақырын есікке беттеді.  Артына бұрылып, соңғы рет тағы көз салды. Қос жетімектің мұңды жанарынан үлкен бір  қимастық байқалғандай... 

Автобусқа отырған келіншек жан-жағына сүлесоқ көз тастады. Ығы-жығы адам. Біреулер бос әңгімені азық етіп, енді біреулер қалың ойға шомған. Жастар жағы құлаққап киіп, даңғаза музыкаға елткен. Ана бір тепсе темір үзетін жігіт жылы орнын бергісі келмей, қасында тұрған қарияны байқамаған сыңай танытады. Шопыр газды түбіне дейін басып, екінші автобуспен жарысып келеді. Оған наразы әйелдер баж-баж етіп,  әр тұстан қарғап-сілеп жатыр. Күнде кездесетін осы көріністер аққұба келіншекке бүгін тым сүреңсіз көрінді. «Ей, адамдар! Аяқ-қолымыз сау жүрсе де, ештеңеге көңіліміз толмайды-ақ. Жылы сөз айтуға соншалықты сараңбыз.  Қу тіршілік бізді қатігез құлтемірге айналдырып бара ма, қалай?!  Мен бүгін тағдыры үлкен сынаққа түскен кішкентай адамдарды көрдім. Олардың бізбен қатар бір әлемде өмір сүріп жатқанын көбіміз біле де бермейміз.  Оларға  енді мейірімнен басқа ештеңе де керек емес... Мәңгілік АНА мейірімінен айрылған жетімектерді енді АДАМ мейірімінен де айырмасақ екен...» деп бар дауысымен айқайлағысы келді. Бірақ оны көзбен көрмеген мына адамдар түсіне алар ма екен?!  

Қаланың қым-қуыт тіршілігі бұл автобусты да өз иіріміне үйіріп әкете берді...

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
4.2
108 дауыс
16 пікір
  • Нағыз əдеби əдемі əңгіме. Қаламыңыз ұштала берсін!
    10 жыл бұрын
  • Alla razi bolsin.
    10 жыл бұрын
  • Өмірден алынған тамаша туынды! Қаламың ұштала берсін!
    10 жыл бұрын
  • Қатты ұнады

    10 жыл бұрын
  • Оң пікірлеріңізге көп-көп рахмет! Әсіресе, Қайрат аға, сіздей білімдар адамнан жылы лебіз естігеніме қуаныштымын.
    10 жыл бұрын
  • Маща Аллах, әдемі әңгіме. шынайы. Маған қатты әсер етті. Аллах разы болсын сізге! (Жақсы әңгімелерге 1 деген баға қоятындарға таң қаламын. әдейі қойған ба, әлде шығарманы шынымен де түсінбеген бе?!) Мен сізге тағы да он бестік қояр едім)))
    10 жыл бұрын
    • Мен үшін күйіп-піскеніңізге рахмет, Мира! Алла сізге разы болсын!
      10 жыл бұрын
  • Құрметті оқырмандар (дауыс берушілер),
    Біреуіне 5 деген бағаны қойып, ал қалғандарына 1 қойғандарыңыз әділетсіздік болып табылады.
    Кім қай әңгімеге, қандай баға беріп отырғанының барлығы бізде бақылануда.
    Олай жасамауларыңызды қатаң түрде ескертеміз!
    10 жыл бұрын
  • Осындай да тағдырлардың болатынын,рас, біз біле бермейміз! Жетім көрсек,жебей жүрейік,Ағайын! Назым,талабыңа нұр жаусын!
    10 жыл бұрын
  • Иманды ойға жетелейтін әңгіме екен! Қайырымдылық пен мейірімділікті ынталандыратын туынды деп кәміл сенемін!
    10 жыл бұрын
  • Ой салды... Туындыны оқып отырып, сол бір 7-палатадағы аянышты жайды өз көзіммен, тұла бойыммен сезгендей болдым. Меніңше бұл әңгімені оқыған әрбір жанның санасында 7-палатадағы қос бүлдіршінге деген аяныш, қоғамға деген өкініш сезімдері қалды деп ойлаймын.
    Адами қасиеттерден ажырап бара жатқан қоғамды аурухананадағы бір ғана жәйтпен өзінің көркем ұғынықты тілімен, шынайы түрде жеткізе білген бұл автордың жеңісі деп білемін.
    Сәттілік серік болсын!!!

    10 жыл бұрын
  • Назым, шынымен де қоғамға үлкен ой тастадың. Бұл үлкен проблема, адамның жүрегінің түбіне жететін ауыр қайғы. Ең қиыны осындай тағдыр тәлкегіне түскен баланың қасында қол ұшын беретін адамнның болмағаны өкінішті ....
    10 жыл бұрын
  • Ұнады. Алла денсаулықтан айырмасын!
    10 жыл бұрын
  • Назым калманын жазудан талмасын. Тек алга .
    10 жыл бұрын
  • Журеги таза адамнын оиыда таза...
    10 жыл бұрын
  • Керемет жазылған. Қаламыңыз ұштала берсін.
    10 жыл бұрын