Тоғайрық бидің үкімі
Тоғайрық бидің үкімі
3 жыл бұрын 1292 islam.kz
Асқар Нұғманов

Қазақ халқының ататаным дәстүрінде, яғни ел басқару ісінде билердің міндеті мен рөлі зор болған. Өйткені, ел болған соң жер дауы, жесір дауы, ағайын арасында келіспеушілік, руаралық жанжал болмай тұрмайды. Осы шаруаны әділ шешуді байырғы қазақ қоғамы билерге жүктеген. Ал, билерге қойылатын әуелгі талап қара қылды қақ жаратын әділеттілік болса, екіншіден, олар шариғатқа сай үкім-пәтуаларды басшылыққа алып, шешім қабылдауы.

Осы орайда, мына бір оқиға еске түседі. Ертеректе еліміздің оңтүстік-шығыс өңірі Аякөз-Ақшоқы маңында өмір  сүрген Тоғайрық атты би болған. Бұл адам Абылайдың алдын көрген, ескі билерден үлгі алған қадірлі тұлға екен. Осы кісінің туған інісі Молдақожа дейтін озбырлау пенде бірде өздеріне аталас көрші рудың түйесін олжалап әкетеді. Тегі ағасы би, руы өскен-өнген атаның балалары соны бедел тұтса керек. Түйенің иесі малының ізін індете қуып дәл тауып келеді. Келген бетте: - Оу, ағайын, менің жоғалған түйемнің ізі осында келіп тірелді. Тез тауып беріңдер, - дейді. Барымташы айтады: - Түйеңді алмақ тұрғой көргеміз жоқ, айғағың болса мойына сал, болмаса антыңды ал, - деп жалтарады.

Түйенің иесі де қайтпайтын адам екен, «түйемді бер, бермесең биге барып жүгінеміз, соның алдында анттасамыз» деп қоймапты. Тығырыққа тірелген Молдакең:

- Кімге жүгінеміз, қайсы биге барамыз?- десе, мал иесі:

- Сенің туған ағаң Тоғайрыққа жүгінеміз, - дейді.

- Ол менің ағам ғой...

- Тоқаң би не десе мен соған ризамын.

- Олай болса, бүгін осында қонақ болып, бір малыңызды жеңіз, ертең ертерек бидің алдына барармыз...

Сөз осымен тамам. Ертеңгі күні  бидің алдына барып соттасқалы отырған екі тарап бір тоқтының басын мүжіп, батасын жасап жайланып қонақ болып, отырысады. (Бұндай сыйластық дәстүрді қазақтан басқа халықтан іздеп таппаған болар едіңіз).

Молдақожа қонақтарын жайғастырып тастап, кешкі алакөлеңке де атына міне шауып бір белдің астында отырған ағасының ауылына келеді. Тоқаң бидің жасы сексенге тақаған, бойының қуаты кеміген кезі екен, төсегінде жантайып жатқан бойы, інісіне:

- Түнделетіп неғып жүрсің? – дейді. Інісі:

- Бір даукес шал түйесін жоғалқан екен, онысын менен көріп отыр. Таңертең сіздің алдыңызға келіп, жүгініп анттаспақпыз, - дейді.

- Сен түйесін алған ба едің?

- Алған жоқпын...

- Әй, қайдам қара болмасаң қараңғыда келмес едің ғой...

Осы сөзді айтады да Тоқаң би аунап түсіп жатып қалады. Аздан соң пысылдап ұйықтап кетеді. Ағасынан нақты жауап болмағанан кейін отыра беретін емес барымташы да үйіне қайтады.

Таң атады. Даугер шал мен барымташы шайларын ішіп, батасын жасап «биссимиллаһ» деп атқа қонады. Бидің үйіне келіп түседі. Келген бетте түйенің иесі шешен адам екен тізесін бүкпей тұрып сарнай жөнеледі.

- Ей, Тоқа біле білсең бір атаның баласымыз, Құдай сіздерді артық жаратты, бізді ауызыңызға қаратты. Көптің де барар жері бір – қара көр, аздың да барар жері ақыры сол. Әділ болған адамға Алланың кеңшілігі мол. Ей, Тоқа алдыңда алты қадам көр тұр, алты қарыс бөз тұр. Мәңкүр-мүңкір сұрау бар, жауап таппай жылау бар... – деп даугер шал сөз бастаған екен Тоқаң оның сөзін аяғына дейін тыңдауға дәті жетпей «аһ үһ» деп жылай жөнеліпті. Онымен қоймай інісіне қарап: «Қарағым мынау адам сен кеше айтқандай даукес шал емес қой, түйесі қайда еді тез тауып әкел!» деген екен.

Міне, бұл шариғатты білетін ақырет амалдарына сенетін, әділетті адамның  үкім бергені. Осындай билердің арқасында қазақ қоғамы өз ататанымын жоғалтпай бүгінге жетіп отыр.

0 пікір