Сауабы бар сөз
Сауабы бар сөз
7 жыл бұрын 3633
Алмас АЛМАТОВ, жырау

Жырға жастайымнан құмар болдым. Үлкен ағаларымның "Әдебиет хрестоматиясы" кітаптарындағы барлық өлеңдерін жаттап тауыстым. Жаттағандарымды кешке әкеме айтып беремін. Ол кісі (Нұрмахан Алматұлы 1900-1975 ж.) таспиғын тартып отырып үндемей тыңдайды. Соңында "Балам, жақсы екен"- дейді де, қояды. Өлеңнің мазмұны: Партия, Ленин, Октябрь, Алтын заң т.б...

Қыс айы. Бір күні әкем:

- Балам, бүгін Олжекеңнің үйіне қонаққа барамыз, - деді. Ол кісі - атақты жырау Олжабай Жүргенов (1916-1973 ж.).

"...Олжабай, Махан, Шәймардан,
Келелі жүйрік бәйге алған.
Шабысына шаң ермес,
Тұлғасы топта байқалған... " (Ә,Жұматаев) деген, ел аузындағы адам. Қуанып кеттім.

Біз келгенде ол кісі кешке қарай қорадағы малына шөп салып тұр екен. Әкемді көріп, айырын тастай сала қолын қарға жуып, беліндегі орамалымен құрғатып сәлем берді. Ұзын бойлы, ат жақты, қияқ мұртты, қараторы кісі еді. Сол күні кешке, ауыл-үйдің ақсақалдары жиналып, Олжекеңді жырлатып үлен мәжіліс болды. Жұрт тараған соң әкем оңаша, шәй үстінде:

- Олжеке, біздің Алмасжанның да сөз жаттауға ынтасы бар-ау, - деді. Ол кісі қуанғаннан:

- Ойпырмай Қожеке, жас балалардың өлең жаттағаны жақсы ғой. Жақсы ғой! - деп жатыр. Одан әрі әкем:

- Олжеке, "Сауабы мол сөзден жаттаса" деген ойым бар. Сізге келген "бұйымтайым" да сол еді,- деді. Олжекең:

- Ойпырмай, Қожеке-ай, ондай сөздер бар ғой. Кешегі заманда жанымыздан қорыққаннан көп дүниені өртеп жібердік қой. Ойымда қалғандарын қағазға түсіріп қойып едім - деп, іргедегі қобдишаның ішінен 5-6 дәптер алып шықты. Одан соң:

- Қожеке, мен "қисақ" әріппен түсіріп едім деп, әкеме ұсынды. Әкем қолына алып, дәптерді теріс жағынан ашты. Әкеме қарап аң-таңмын. "Әкемді көп біледі деп жүрсем, дәптерді қалай ашуды білмейді". Ол үйдің қыздары да дастархан басында қарап отыр. Ұят болды. Бетім дуылдап кетті. Әлден соң әкем:

- Өзім амалдап берермін, - деп дәптерді маған ұсынды. Қолыма алған дәптердің бірінші бетін ашқанымда жүрегім дүрс ете қалды. Қара қаламмен маржандай дізілген араб әріптерін бірінші көруім еді. Әкеме қарасам ол кісілер басқа әңгімеге кірісіп кеткен екен. Маған да енді ештеңе керек болмай қалды. Ойым мына жазу не деп жазылды екен? Тез үйге қайтуға асықтым. Сол алты дәптер, әкеміз екеумізге үлкен ермек болды. Түнгі Құптан намазынан кейін әкем жастықтың үстіне қойып оқып отырады. Бірінші жазған сөзім:

"Ер - деме, елге зұлым еткендерді,
Бай - деме, бейсахауат өткендерді.
Дана ет деп, дәрия заңлас дәрп етпеңдері,
Ізіне сөз тастамай кеткендерді",  - деген Тұрмағамбеттің сөзі болды... Сонымен алты дәптерді аударып та болдым, жаттап та болдым. Содан соң барып әкеміз:

- Балам,сөз - үш тапқа(тарау) бөлінеді. Олар:

1. Айтуға болатын, естуге болмайтын сөз.

Ол қандай сөз? Біреуді жаның күйгеннен қарғап, бәләғаттап жібердің. Біреудің сыртынан өсек айтып, ғайбат сөйледің т.б. Дәл сондай сөз бен істі өзің естігің, көргің келмейді ме?! Балам, онда өзге пендеге де азар беруден аулақ бол! Ол - Ібілістің ойыны. Адамды мұсылмандықтан шығаратын "әзәзіл" азғындаудың белгісі болады.

2. Естуге болатын, айтуға болмайтын сөз.

Ол қандай сөз? "Біреу, біреуді балталап өлтіріпті", "Біреу, біреудің қызын қорлапты" т.б. жаман сөздерді естігенде, бұрынғының үлкендері "Мал құлағы - саңырау", оны адам тұрмақ малдың құлағына естіртпеңдер деп, тыйым салып отыратын. Жамандықты жария еткенің - жаманға көмектескенің.

Жаманға көмектескенің - мұсылман баласына Алла бұйыртқан жақсылықтың жолын байлағаныңмен бірдей болады, шырағым.

3. Айтуға да, естуге де болатын сөз. Ол - Алладан аманат "Қасиетті Құран" сөзі. Ғұламалар мен дана, шайырлардың үлгі-өнеге сөздері. Бұл сөздердің - айтқан жанға да, тыңдаған жанға да тигізер сауабы мол болады. "Сауабы мол сөз" дейтініміздің себебі осылай, балам.

Сондықтан, жақсы сөз, сыпайы мінез, ықылас, ілтипат, ізет, құрмет, ұят - иманның қабы дейміз. Олжекең - сондай сөздерді сақтаған кісі. Жаңағы қасиеттер ол кісінің бойында толығымен бар. Жақсының жанында болсаң, жамандықтан аулақ жүресің. Онда, алаңдамай сөзін қағазыңа аударып алып, уәделі күні аманатын қолына тапсыр, балам! - деді.

Әуелі - Алла! Осылайша ол кісі біздің болашағымызға да бағдар салып кеткендей еді...

* * *
Бұл - сонау 1969 жылғы әңгіме. Ол кісілер айтқан "Айтуға болатын, естуге болмайтын", "Естуге болатын, айтуға болмайтын" әңгімелер бүгінгі күні ақпарат құралдарының жейтін наны, ішер сусынына айналды. Асылында адам өтірік айтпайды - заман өтірік айтады... Адам - соның тұтқыны... Сондықтан - "Сауабы мол сөзден" тәлім алайық.

0 пікір