Сәлемші болсаң төрге шық!
Сәлемші болсаң төрге шық!
9 жыл бұрын 3160 namys.kz
Аманжол АҚЫН

«Сәлем сөздің атасы» деген мәтел бар халқымызда. Демек, адамның барлық қарым-қатынасы сәлемдесуден, амандық-саулық білісуден басталады. Сондықтан да болар әкеміз бізді ең алдымен дұрыстап сәлем беруге үйретті.

«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей біз қаршадайымыздан ата-анамыздың, ауылдағы үлкен кісілердің тәрбиесін көріп, тәлімін тыңдап өстік. Қонақ келсе жүгіріп алдынан шығып, қолтықтап аттан түсіріп, қолын алып сәлемдесіп, қошаметтеп үйге кіргізу қалыпты әдет ретінде қанымызға сіңіп қалды.

Ата-анамыз қысы-жазы мал соңында. Ал біздер мектепті орталықтағы интернатта немесе жақын-жамағайынның бірінің үйінде тұрып оқимыз. Бір тоқсаннан келесі тоқсанға дейін үйге бару деген жоқ. Күн санап сарғайып жүресің. Әсіресе, жазғытұрымғы өзі де ащы ішектей созылған үшінші тоқсанды айтсаңшы. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін көк өзек шағы. Зарығып жүргенде каникул де келеді-ау бір күні. Ауылдан келген ат-көлікке мінгесіп-ұшқасып бір қиырда отырған қойлы ауылға да жетеміз. Туған үйдің түтіні көріне бере алда бір кішкене сынақтың күтіп тұрғаны еске түсіп, кәдімгідей әбіржіп, қипалақтап қаламыз. Себебі, біздің отбасындағы әкеміз орнатқан бұлжымас тәртіп бойынша босағадан аттағанда шаңыраққа сәлем беру салтына сәйкес төрдің қақ басында қазықтай шаншылып отыратын отағасына «Ассалаумағалейум!» деп дауысымызды көтере сәлем беруіміз керек. Мұның өзі бір жағы емтихан іспетті шаруа. Неге екенін қайдам, кіп-кішкентай болып өз әкеңе сәлем беру бір түрлі ыңғайсыз тәрізді. Үйге имене-имене кіріп «Ассалау…» деп мыңқ етеміз. Әйдә, бітті:

–  Шық! – деп саңқ ете түседі әкеміз: – Дұрыстап сәлем беріп кір!

Кірген ізбен кері ытып шығамыз. Үйді бір айналып, өзімізге өзіміз келгендей болған соң «Ассалауды» оңашада бірер қайталап, өзімізше репитиция жасап алып тағы кіреміз. Бұл жолы әлбетте сәл көтеріңкілеу сәлемдесеміз. Сынақтан өтсек өттік, сүрінсек қайта айдалып шығамыз. Мұндайда шешеміздің «шаршап-шөлдеп келді ғой, баланы әурелемесеңші» деген әлсіз қарсылығы да арашаға жарамайды. Сосын сағынып, зарығып келгеніміз бар, жолсоқты болып шаршағанымыз, қарынның шұрқырағаны бар, әбден қыстығып, көздің жасын бір сығып аламыз. Тағы да қайраттанып, беркініп, әмбесі қайта-қайта қуылып шыққанымызға намыстанып, бір жағы қиястығымыз ұстап, соңғы жолы «Ассалау-мағалей-ко-ом!» деп бар дауысымызбен шырылдап, озандатып кіреміз. «Уағалейкум-уәс-сәләм!.. Әп бәрекелді, сәлемің енді түзелді балам. Сәлемші болсаң төрге шық» дейді әкеміз сонда ғана жүзін жылытып. Демек жаттығу бітті, сынақтан әупірімдеп өттік деген сөз.  Әкеміз маңдайымыздан мейірлене иіскейді, оң тізесін баса отырғызып оқу жайын, орталықтағы ағайынның амандығын, басқа да оны-мұны жаңалықтарды тәптіштеп сұрай бастайды.

0 пікір