Құнанбай намаз оқымайтындарға намаз оқытқан
Құнанбай намаз оқымайтындарға намаз оқытқан
8 жыл бұрын 6430
Ахат ШӘКӘРІМҰЛЫ естелігінен үзінді

Құнанбай діншіл адам болған. Ол балгерсіген бақсы құшынаштарға, қисынсыз ырымдарға нанбаған. Пара алуды, пара беруді, өтірік айтып, адамға табынуды жаны түршігіп жек көрген. Ол тек Құдай мен көкке ғана бағынуды лайық деп санаған. Бұрын зекет беруді білмейтін байларға малынан зекет беруді орындатып, оларды нағыз нашар, кемтар, жетім-жесірлерге бергізген. Арам өлген мал етін, қан, безді жейтіндерді де тыйған. Тобықты елінің ұрлығын пышақ кескендей тыйған. Бірлі-жарым көнбеген ұрыларға аямай дүре салдырып, ұрлығын қойғызып, өз қолына ұстап жұмыс қылдырған. Бір молда «насыбай харам» деп айтты деп, «насыбай атқандарды тотияйын езіп құямын» деп насыбай атушыны тыйған. Жұртқа «Құдайға құлшылық қыл, қиянаттан аулақ жүр» деп, бұрын намаз оқымайтындарға да намаз оқытқан.

Құнанбай атшабарларына «біреудің бір тал қылын рұқсатсыз алма» деп қатты тапсыратын болған. Кенесарыны қосып, Жалайыр еліне барғанда сол елдің бір әйелі «орыстармен бірге сіздің бір жолдасыңыз білезік, жүзік, сәукеле, моншақтарымды алды» деп арыз еткенде жолдастарынан оның Төбет батыр екенін білген соң, Төбетке дүре салдырып, әйелдің бар затын түгел таптырып берген. Қазақ балаларының оқығанын арман етіп көксеген Құнанбай өзінің күзегінен ең алғаш там салдырып, сауын мал, азық жинап беріп, айналасындағы қазақ балаларын, өз балаларын оқытқан. Құнанбайдың алғаш қойған оқытушысы Байдалының Сары молдасы деп аталып кеткен. Руы Ноғай Мұхамет деген жоғары оқуы бар адам болған. Онан кейін Ғабитханды қойған. Жылына Ташкентке бір рет керуен жіберіп, өрік, мейіз, күріш және шығыс әдебиетшілерінің шығармаларын, түрік тіліндегі кітаптарды, «Мың бір түн» сияқты арғы замандағы ертегілерді, қисса кітаптарды алдырып отыратын болған, бұларға қоса ғибадат исламия, тәпсір, мұхтасар сияқты түрлі діни кітаптарды да алдыратын болған. Сөйтіп, Сары молда елге қосылмай, сол тамда балаларды оқытып жататын болған. Ол бала оқытқан күзектің орны бүгін бар. Ол қонысты «Ескі там» деп атайды. Құнанбайдың бар балаларының, туыстарының, көршілерінің балаларының хатты жақсы танитындарының себебі сол. Өз баласы Халиолланы Құнанбай орысша Омбыдағы Кадет корпусында оқытқан.

Құнанбай өз елінің арман-тілегін орындауда да барлық күш-жігерін салған. Бірақ Құнанбайдың өзі айтқандай: «Мені сырт жау алмайды, іш жауым – өз бауырым алады» дегені сияқты ішкі жауы, өз бауыры аяғынан, жағасынан алып, жауына қосылып, Құнанбайды айдатқан, байлатқан, жаппаған жаласы, айтпаған өсегі, істемеген қастығы қалмаған. Құнанбайды өз тұсындағы адамдармен, мысалы: Тобықтыда Бөжей, Байсал, Қаратай сияқты тұрғыластарымен, басқа елдің, Найман Барақтан басқа, Арғын Алшынбай, Тезек, Құспек сияқты төре тұқымдарымен салыстырсақ, олардан көш ілгері, парасатты адам екенін байқайсың. Құнанбайды не деп жамандасын, қандай адам жамандасын, оған ары бар, бойында адамшылық қасиеті бар адамның, келешек адамдардың нанбауы хақ. Елі, халқы сүйген адамын қалай жамандаса да, бар пәлені жапса да, оны халық, тарих ала алмайтындарына кәміл сенемін. Кейбіреуі: «Мейірімсіз Құнанбай келіні мен Қодарды жазықсыз асып өлтірді», – дейді. Оны Құнанбай неге істеді, не жазығы үшін істеді, оны тексермейді. Ол жазаны істеп отырған ел, халық, Қодар өлген баласының әйелін өзі алған, оны неше жыл білдірмеген. Ақыры қылмыс айқындалған. Жоғары діни орындарға хабарлап, солардың үкімі бойыншы өлтірілген. Туысы болса да, заңға, адамшылыққа жатпайтын, айуандық істі істегені үшін «атқа тисе, алтынды еріңді жақ» дегендейін, арға жатпайтын істі қылған жақынын да аямаған. Қодарға өтірік жала жауып, оның малын алайын дейтін Қодар бай емес, не өзіне қарсы тұрып жауласқан жау емес, «құр жала жауып өлтірді» деген сөзің тек Құнанбайды қайтсем жамандаймын дегенің болады. Бұған есі бар адам нанбайды. Әрине, Құнанбайдың үстінен онымен алысқан жандар айтқанын істейтін адамдарға неше түрлі жала жауып арыз бергізген, соған да нанасың ба, оны бергізіп жүрген алаяқ, айласы көп жуандар емес пе? Меніңше, Барақ, Құнанбай сияқты адамдарға ойлана қарау керек. Біреуді көтеремін деп, екіншісін жазықсыз құрбандыққа шалмау керек. Үйтем деушілердің өзі халық алдында, тарих алдында масқара болары сөзсіз.

 

2 пікір
  • "Абай жолында" Құнанбай атамызды қатал, мейірімсіз адам ретінде көрсетеді. Менің ойымша, бұл кеңестік идеологияның кесірі. Мұсылмандарды, жалпы қандай да болмасын дінге берік адамды жауыз, қатал қылып көрсету көзделген. Мұхтар Әуезовті соған итермелеген деп ойлаймын.
    8 жыл бұрын
    • иә, дұрыс айтасыз. Кұнанбай атамыз нағыз Мұсылман кісі болған. Кеңестік идеология Мұхтар Әуезовтің кітабін өзгертіп тастаған, ол рас!
      8 жыл бұрын