Құмның арасында жүрген ғұлама
Құмның арасында жүрген ғұлама
29 күн бұрын 2392
Құдияр БІЛӘЛ

Біләл қожа есімі ауыл-аймаққа ғана емес, Оңтүстік өңірге белгілі болатын. Себебі, ол дәуірде ол кісідей тақуа, қолынан Құраны түспейтін және оны кез-келген пәтуа сұраған адамға оқып, аударып беретін адам жоқтың қасы болатын. Араб, парсы, түрік, шағатай тіліндегі кітаптарды еркін оқып, жолма-жол тәржімалап отыратын. Әкесі елді аузына қаратқан ақын, шешен, әрі тақуа діндар кісі болса да, іліми айтыс туындаған жерде төрелікті баласының айтқанын жөн көреді екен. Әкесінің қартайған кезде көзі көрмей бірінің үстіне бірін шығарып, шимайлап жазған өлеңдерін де қайта жазып, қағазға түсірген осы баласы Біләл қожа болатын. 

Иә, біз ишан отбасында тәрбиелендік. Сондықтан өзге өзіміз қатарлыларға бола беретін нәрсе бізге болмайтын. Мәселен, бізге шаш қоюға, боқтық сөз айтуға, киноға баруға, сауық-сайран құруға, темекі шегуге болмайды деп бала кезден құлағымызға сіңіретін. Себебі... Иә. Ишанның әулетіміз. Сосын біздер, немерелері, үшінші-төртінші сыныптан бастап атамның алдында Құран оқуға отырдық. Құран ғана емес, өзге де мәселе, шариғи кітаптарды да оқитынбыз. Бұл оқу үш ай демалысқа шыққан сайын жалғасатын. Атам әншейінде немерелеріне мейрімді болғанымен Құран сабағына келгенде тым қатал болатын. Алдында қалтырап отыратынбыз. Оның үстіне Кеңес мектебі қожа-молдаларды әбден жеккөрінішті қылып қойған. Не деген идеология десеңші. Атамызды Құран оқытқаны үшін кәдімгідей-ақ ұнатпайтынбыз. Атам да соны білгендей: "Бұл оқудың түк те зияны жоқ. Қиын болса, өздеріңнің оқуларың жеңіл болады. Үйрен де жирен деген" деп қоятын. Алайда оны түсініп жатқан біз жоқ. Бұл оқу қашан бітеді екен деп отыратынбыз. Атам сол табандылығының арқасында Кеңес дәуірінің өзінде немерелерінің түгелдей Құран сауатын ашты.

Ауыл-аймақ атамды қатты құрметтеуші еді. Шынында да ол кездің адамдары бөлек еді-ау. Есекпен келе жатқан атамды көрген кім болса да алдын кесіп өтпей, сонандай жерден атынан түсіп, атын жетектеген қалпы қол қусырып сәлем беретін. Атам сәлем берген адамды жыға танымай "Кімсің?" деп сұрайтын. Ал ол болса "Пәленшемін ғой" деп жалпылдап жататын. Сонда атам әлгіге "О, бейшара!" деп қоятын. Атамның осылай дегенін талай естідім. Сол кезде өзі есекпен жүріп аттылы адамға, оның үстіне сонша жерден құрмет көрсетіп жаяу келген адамға "бейшара" дегені несі деп түсінбейтінмін. Әлі де түсіне қойғаным шамалы. Сірә, әр адамға өзінің пенде екендігін естеріне салып қою үшін айтады-ау деймін дә... Иә, адам өзінің пенде екендігін мойындаған кезде барып бейшара екендігін де түсіне бастайды. 

Атам ұдайы есекпен жүретін. Алайда кермеде есік пен төрдей бәйге ат ұдайы байлаулы тұрды. Балалары әкелерінің есекпен жүргенін намыс көре ме, кейде қоярда қоймай әлгі бәйге атқа мінгізіп жіберетін. Алайда атам барған жерінен келе сала "Енді бұл атқа мінбеймін. Көңілімді өсіріп жіберді" деп есегіне қайта мініп алатын.

Ертерек кезде бір адаммен құлақтағы суға таласып қалыпты. Әлгі адам атамның суын өзіне рұқсатсыз тағы да бұрып алғанда атам: "Осы жерде есек қылып мініп кетейін ба?" дегенде әлгі адамның аяқ-қолынан жан кетіп қалған екен. Кейін сол адамның өзі "Шынымен-ақ есек қылып мініп алатын болды-ау деп жаным қалмады" деп айтып жүрген екен.

Осыған ұқсас оқиғалар атамның басында талай рет болған деседі. Алайда өзі қара суды теріс ағызатын қасиеті болса да онысын білдіре бермейтін. Бірде Ташкентке қонаққа барғанда бір тасалау жерде дәрет сындырайын десе, зәрі шықпай қалыпты. Жан-жағына барлай қараса, бір өзбек үйінің терезесінен басын шығарып, күліп тұр екен. Соның дұға жасағанын білген атам оған қарсы дұға оқығанда әлгі өзбектің басы терезеден шықпай қалыпты. Кейін босатқаннан кейін әлгі өзбек кешірім сұрап, үйінде қонақ еткен екен.

Үйде ескілікті кітаптар өте көп болды. Кейін сол кітаптарды сауатты деген қанша молдаға оқытып көрдім. Тісі батқандары аз. Бірде ауылға аттары дүркіреген бір топ ишан сау етіп келе қалған екен. Содан бір мәселе төңірегінде талас туып, соның шешімін атам айтқанда әлгілер "Құмның арасында жүрген бұл қандай ғұлама" деп таң қалып, өздерімен бірге Өзбекстанға алып кетпек те болыпты. Сондай-ақ бірде сондай ғұламаның бірі Құран оқығанда атам "Е..." деп дыбыс шығарып қалған екен. Әлгі ғұлама құран оқып болған соң "Неге олай дедіңіз?" дегенде атам: "Ана жер жоғары емес, төмен оқылады" дегенде, ол кісі де келіспей, Құран ашыпты. Ол жерде де атамның айтқаны дұрыс шығып, әлгі кісі де таң қалыпты. Бұл әңгімені білетіндер ауылда да, сыртта да бар. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

Иә, қазір ауылда ишан қалған жоқ. Қазір ауылдағылар ишанның өзі түгілі олардың киім үлгісін де ұстана бермейді. Бір түсті шапан, не болмаса шекпен киіп жүрген молдалар қазір көзге түсе бермейді. Ақ көйлек, ақ дамбал да сол шалдармен бірге кетті. Сәлде киіп жүргендер де көзге түспейді. Ал біз сол киім үлгісін үстерінен тастамайтын қарияларды көріп өскен ұрпақ едік. Ауылдың құты да сол қариялар болатын. Сол қариялар бас қосқан төрде өзгелерді өз сөзіне ұйытып Біләл қожа отыратын. Әкесі дүниеден озған соң Көксарайда, жалпы сол өңірде Біләл қожаның алдына түскен молда болған емес. 

0 пікір