Қазақ ұрпағы үшін неге жанын қиған?
Қазақ ұрпағы үшін неге жанын қиған?
10 жыл бұрын 6258 islam.kz
Берік Қаматай

Дана халқымыздың «адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөзі бар. Сол сияқты, «ұрпақ үзілмейді, су сүзілмейді» деп те айтады. Өйткені, ұрпағын сақтай алмаған халық жер бетінен өшеді. Сондықтан да, бабаларымыз ұрпағы үзілмес үшін өмір сүрген.

Бірде Ноғайлының атақты батыры Кегенес Кенжанбайдың жан жолдасы Ақпанбет батырдың елін Қырым билеушісі Мамай шауып өзін өлтіреді. Әйелімен үш жасар баласын тұтқындап әкетеді. Ақпанбет өлер алдында досы Кенжанбайға кісі шаптырып, «жалғыз ұлымды ажалдан құтқарсын, ұрпағым үзілетін болды» деп аманат айтқан екен. Хан жасағының алдынан шыққан Кенжанбай Ақпанбеттің жалғыз ұлына сауға сұрайды. Ханның қаһарынан қорыққан жасақ басшысы көнбейді. Досының өлер алдындағы айтқан аманатын орындап, Ақпанбет батырды ұрпақсыз қалдырмау үшін Кенжанбай өзінің егіз ұлының сыңары үш жасар Жанұзағын Ақпанбеттің ұлының орнына өлімге беріп, досының ұлы Тастемірді құтқарған екен. Енді қараңыз осы Тастемірден тараған ұрпақ қазір бір тайпа ел. Небір ғалымдар мен батырлар шықты. Бұл бір.

Екінші бір оқиғаны айталық: 1940-шы жылдардың соңында қытай билігіне наразылық танытып, Алтай-Тарбағатайдан ауған қазақтар Үндістанды бетке алып көшеді. Көштің алды атақты Гималай тауына барып тіреледі. Артқы жақтан өкшелеп жау қуып келе жатыр. Жүк артқан түйелер мәңгі мұздақтан тайып жүре алмай қалады. Сол кезде, жиырма-отыз жастың арасындағы оншақты жігіт, қойларды сойып, сом етін аш түйелерге жегізеді де, әлдеген жануарларға жас балаларды түгел отырғызады. Өздері киізден жасалған бұйымдарды (үзік-туырлық) мұзға жайып жіберіп, түйелер тайып кетпес үшін адам сиярлық ойық жасап, соған денелей кіріп киізден мықтап ұстап жатады. Осылай мұзға төселген ұзын киіздің үстінен көш аман-есен өтеді. Бірақ түйелі көштің табанына тапталған оншақты азамат қыңқ деп дыбыс шығармай жатқан жерлерінде жан тапсырған екен. Қайран ерлер көшке көпір болып мәңгі мұздақта мәңгілікке қалып қойды. Осылай Гималайдан  аман-есен асқан көш Үндістанға өтті, ақыры Түркияға барып тұрақтады. Бұл ұрпақтан тараған қауым қазір күллі Еуропаға жайылды. Бәрі дерлік қазақтың атын шығарып жүр.

Бұрынғы аталарымыз жоғарыда атап өткеніміздей ұрпағы үшін жандарын қиған екен. Өйткені, ұрпақ өмірдің жалғасы. Қазір әрбір қазақтың санасында ақын Сабыр Адай айтқан, «әр қазақ менің жалғызым» дейтін жанқиярлық ұғым қалыптаспайынша елдіктің түтіні түзу ұшпайды. Өкінішті жағдай: еліміз бойынша жыл сайын мың сан бала көздері жәутеңдетіп шекара асып кетіп жатыр. Яғни, бізде 6 айлық нәресте 12 500 долларға, 6 жастан асқан бүлдіршін 5000 долларға сатылатыны жайлы ресми ақпарат тіркелген. Нәтижесінде, қазір шетелдіктерге  сатылған қазақстандық балалар саны жеті мыңнан асқан көрінеді.

Бұндай келеңсіздіктің белең алуына әуелгі себеп, ұрпаққа деген байырғы қазаққы таным-түсініктің бұзылуы, яғни, ұлттық құндылықтан ажырып қалуымыз әсер етіп отыр. Ататанымға салып бағамдап көрсек, қазақ «жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған» жұрт. Қадірлі қауым, есімізді жиып, етегімізді қымтап, бабалар дәстүріне қайта оралмасақ, мынадай дүбара күйде ұзаққа бара қоймасымыз анық!

0 пікір