Оқиғалар сынағы
Оқиғалар сынағы
2 жыл бұрын 2427
Абай ХАМЗА

Үлкен оқиғалар адамзаттың басынан өтетін Ұлы Жаратушының сынағы.

Түркілер қауымдастығы жержүзіндегі бүкіл адамзаттың ішіндегі ең алыбы. Қиыр шығыс Сахалиннен бастап, алыс батыс Анадолыға дейінгі кеңбайтақ евразияда қырықтан астам түркілер елі болды. Шығыс шегінде Сахалар жатса, батыс жиекте Түріктер тұрды. Осынау тілінің төркіні бір, ділі ортақ халықтың қырқының басынан қырық түрлі сынақ өткен. Осы сынақтардан бірі азды, бірі тозды, бірі жойылды, көбі бөтеннің бодандығына бойұсынды...

Осылардың бел ортасындағы қазақ деп аталатын түркілердің көрген қорлығы мен зорлығын тарихшылар айтып тауыса алған жоқ. Солардың ең әйгілісі ретінде «Ақтабан шұбырындыны» тарихшылар көп жазды.

Бірақ, одан да зоры он алтыншы жылғы ұлтазаттық көтерілістен басталып қызыл төңкеріске жалғасқан «қызылтабан шұбырындыда» халықтың жарымы ел жерінен босып, айдалада оқтан, қылыштан, аштан қырылды.

Одан кейінгі он жылда қорасындағы малын, қабындағы азығын тартып алғанда «қаратабан» қайыршы кейпінде өз жерінде аштан өлді. Тәуелсіздікке дейінгі елу жылда «көнтабан» жалшылықпен советтің дегеніне көніп  өлместің күнін көрді.

Тәуелсіздік туғанда ауылдан қалаға, елден елге шұбырған «көктабан» жылдарды бастан кешті.

Осындай сынақ болған үлкен оқиғалардың әрбірінде, мәселен «ақтабан шұбырындыдағы» жаугершілік жылдарда жанын елі үшін қиған ерлер сыннан өтті. Орыстың отаршылдығы кезінде елдігін сатпаған дегдар тұлғалар сыналды. Ашаршылықта сабырлылар жеңді. Бірін бірі қаралап ұстау етек алған зұлмат кезде ауызбірлік сынға түсті. Осылайша, арын жаннан, елдігін қара басынан артық көргендер сынақтан аман өтіп, өлсе де жаны жай тауып өкінішсіз кетті. Сынақта сатқындық жасағандар екі өлді. Екінші дүние соғысы жылдарында қаншама қазақ әйелі уыздай жас қалпы жесір қалды. Қартайғанша зина деген күнәдан өзін қорғап, арын сақтап ажалмен қауышты. Осы жылдар сол кездегі әйелдерге бір ауыр сынақ еді. Өйткені, қоғамы құдайсыз, зинаға қатаң тыйым жоқ, бәріне сылтау көп заманда мұндай әйелдердің  мінсіз мінезін жиһадпен тең ерлік десе жөн.

Соғыстан кейін белі майысқан қазақтың ақ жауыннан кейінгі даладай қайта дүркірей көктеуінің, қайта өсуінің сыры да осы сынақтан аман өткендігінің жемісі,  Алланың бір сыйы болғандығы деп, пайымдауға тиіспіз. Осындай әулие аналарымызға үнемі дұға жасауға міндеттіміз.

Одан кейін мал-жаны өскен қазақтың тілі мен ділін қорлайтын зымиян сынақ басталды. Жанның сынағынан гөрі рухани сынақ әлдеқайда жеңіл көрінсе де халық болып қалу, қалмауымыз осы жылдары таразыға түскенді. Тіл мен ділден аздыру жолында сыйлық пен сияпат, атақ пен лауазым саудаға түсті.

«Өзіміз аман болсақ, өзге тілде сөйлегеннен өлмеспіз» дедік. Сыртқы тұлыбымыз қазақ, ішкі рухымыз жат-бөгде болу осы кезеңдердің кесапаты – сынақтан өтпей сатылғандарымызға Алла Тағаладан жіберген зауалдың көрінісі деп мойындауымыз лазым.

Тәніміз тірі қалған, бірақ рухымыз өлген кейіпке ұшырадық. Баяғы жылдардағы рухы тірі қалпында жанымен қоштасқандар бақытты екен! Тірі қалпыңда тіліңді суыртқаннан, жанды күйіңде рухынан айырылғаннан өткен зауал бар ма!?

Қаншама сынақтардан аман өтіп келіп, Елдік құрған кезде айыр тілді, көп дінді болған қазақ қауымы тағы да жаңа сынаққа жолықты.

Байлықпен таласу, ақшамен арбасу бұрынғы сынақтан  өзгеше. Байлыққа жетсек халық болып, ұлт болып қалатындай бар ақылымызды осы жолға сарп етіп жатырмыз. Бұрынғы сынақтар сол жағымыздан қасірет болып келсе, бүгінгі сынақ оң жағымыздан қадірлі, сыйлы қонақ секілді келіп тұр. Пенде баласы қасіретті сынақтан гөрі, қадірлі сынақтың алдауына оңай түсетінін өткен кезімізде көз жеткізсек те оған иланғымыз келетін емес. Өткенде, «Өзіміз аман болсақ, өзге тілде сөйлегеннен өлмеспіз» деп, едік сол бүгін елдігімізге пәле, басымызға дау болып тұрғанын көрмей отырмыз ба?!

Енді, бүгін «Бай болсақ, ұлтсыз болғанда тұрған не бар!» деген пиғыл белең алды. Оған да етіміз үйреніп бара жатқан секілді, одан да пәлекеті «Заманнан қалмай жүрсек, ағылшынша үйренсек дінде тұрған не бар!» деген шайтани ойдың арбауына ұшырай бастадық. Бұл пәнидің сынақ екені есімізден шығып кететін секілді.

Перғауын заманында сыналғандар мен бүгінгі күні сыналғандарымыздың заманы бөлек болғанмен сынағы бір. Мұса әлейһиссәламмен таласқан сиқыршылар, перғауыннан қорықпай Аллаға бет бұрғаны үшін көкіректері иман нұрына толғаны сонша, аяқ-қолдарын қиғаштап шабатын қорқынышты өлімнің өзін – олар құтқарушымыз деп таныды. Сөйтіп, соған дейін перғауынға бағынса да, соңында Алла елшісіне еріп хаққа қауышты. Бүгінгі біздің сынақ та осыдан аумайды, сыйлыққа табысқың келе ме, хаққа қауышқың келе ме, әркім өзі шешетін сынақтың алдында тұр.

Ендігі сынақ – ұлттығымызды ұрлап, халқымызды қуыршақ қылмақ екен. Ал, бірақ ұлттығымыздың ұстыны – біз ойлап, ойбайлап жүргендей тек тіліміз ғана емес, хақ дініміз де екені дәл осы уақытқа дейін әбден дәлелденді. Хақты танысақ, халқымыз екі дүниеде құтқарылмақ.

3 пікір
  • Тамаша мақала екен. Қазақ халқы қазір қандай жағдайда, әрі қарай қалай қадам жасау қажеттігіне жөн сілтейтін ойтамшы екен. Оқыңыздар...
    2 жыл бұрын
  • Тамаша жазылган осындай макалаларды коп жазып тарату кере адамнын намысын ояту керек
    2 жыл бұрын
  • абай аға, жинақтап, қорытып, тоқсан ауыз сөздің түйінін шығарып беру екінің бірінің қолынан келе бермейді. алмат бауырыңыз
    2 жыл бұрын