Жанақ ақынның дұғасы
Жанақ ақынның дұғасы
3 жыл бұрын 2669 Elya Vatel/shutterstock
Қадыр Сайлау

Қазақ тарихында бірнеше Жанақ атты ақын болған. Бір қызығы осының бәрі бір заманда өмір сүрген. Соның бірі – 1770 жылы  Абыралы өңірінде туып, 1850-ші жылдары дүниеден өткен Жанақ Сағындықұлы. Бұл адам ақындығының сыртында ислам дінін де жақсы білген. Өйткені, жас кезінде Түркістан өңіріндегі Қарнақ медресесінде білім алып, арықарай, Ташкент медресесінде білімін жалғастырған.

Жанақ ақын қазақ орта жүз орысқа бағынған жылдары (1820-шы жылдар) найман елін аралап келе жатып үлкен жиынға кез болады. Астында адам қызығарлық шұбар аты бар екен. Жиын барысында осы елдің бір жуаны ақынның астындағы атына қызығады. Аударып алайын десе үш жүзге аты шыққан Жанақтан жасқанады. Өзі де бір айлекер қу екен шұбар аттың маңында айналсоқтап жүріп есінеген кезінде таңдайындағы бармақтай қара қалын көріп қалады.

Озбыр пенде дереу дау салады. «Мына Жанақ ақынның мініп жүрген шұбар атты құнан шығар кезінде қолды болып кеткен менің жылқым. Өзіме қайтарсын». Жанақ ақын аң-таң: «Ей, ағайын бұл Ақтоғай Арқадағы пәлен деген байдың биесінен туған құлан. Мына пенденің сөзі түбірімен жалған» дейді. Ақыры дау өршіп биге жүгінеді.

Төрге жайғасқан төбе билер, «сенің қандай датың бар» деп әуелі шұбар атқа жала жапқан жігіттен сұрайды. Ол: «Бұл шұбардың тай күнінде аузына ұры тіс шығып соны суырған едім. Сонда көзім шалған үстіңгі таңдайында қап-қара қалы бар еді...».  Билер атты алдырып аузын ашып қараса шынында бармақтай қара қал тұр. Бәрі «енді сен не айтасың» дегендей Жанаққа қарайды.

Жанақ ақын бұл істе бір шикілік барын біліп тұр, бірақ қолдан келер қайран жоқ. Сонда айтыпты: «Бір шартым бар, бұл жігіт «мынау менің шын жоғалған атым еді» деп Алланың атымен ант ішсін де алып кете берсін». Анау да бір антұрған екен Алланың атымен ант ішіп шұбарды жетелеп жүре береді.

Атының үстінен ер-тұрманын сыпырып алып, қолына ұстап тұрып қалған Жанақ ақын:

Жанын берген Жанақтың шұбарын жер,
Мына адам шұбарды менікі дер,
Жақсы атымды жалғанға сатып алған,
Я, Алла залымның жазасын бер, - деп, дұға оқып бетін сипайды да қала береді.

Атты алған жігіт ауылына кетіп бара жатып, жолда бұлақтың басына түседі. Аттың шылбырын беліне орап алып, бұлақтан секіріп өтпекші болғанда шалқасынан түседі. Ат үркіп-тулап, иесін сүйретіп денесін тастан-тасқа соғып сау тамтық қалдырмай шашып тастапты.

Осы оқиғаға куә болған жұрт «бұл пенде Алланың атымен жалған ант ішті, содан болып мұндай пәлеге жолықты» бірден үкім етіпті. Үлкен ақсақал адамдар Жанаққа келіп, «қарағым сенің ісің ақ екен, жалғаншының жазасын Алла берді, енді өз атыңды өзің ал» деген де, Жанақ ақын «жалғаншының жазасына себеп болған жылқыға енді менің ер салғаным жарамас, Алла тағаланың «зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасын қабыл етемін» дегенін білемін. Дұғам қабыл болды, маған дүниенің қажеті жоқ» деп шұбар атты өлген жігіттің жаназасына сойдырыпты. 

0 пікір