Бір үзім нан
Бір үзім нан
3 жыл бұрын 3076
Бөріхан Баймұсаұлы

2007 жылдың құрбан айт мейрамы. Совхозда ұзақ жылдар бас бұғалтыр болып, бүгінде зейнетке шыққан Құрбан Ыбраев ағамыз құрбандыққа мал шалып, шахматтағы әріптестері мен көрші-қолаңын түгел шақырған болатын. Стол үсті сықа толы неше түрлі тағамдар. Бастары қосылса шахмат ойнамай тарқамайтыны тағы белгілі. Әдеттегіше бір езуінде әзіл жүретін Ақшахан бұл жолы да замандасы Әзімханды бір түйреп өтті.

- Әй, Әзімхан, тамаққа жақсылап тойып ал. Қазір шахматтан ұтылып қалып «қарным аш еді» деп жүрме. Аш адамды әркім-ақ ұтады, – деп мені әжуалап жүрмесін мыналар, – деді басқаларды да күлдіріп.

- Осы Құрекеңнің бәйбішесі Зүбәйраның пісірген тоқашы өзгелердікінен ерекше тәтті болатыны бар. «Ас атасы – нан» десек те, осы нанға кейінгі кезде дастарханнан орын аз тиетін болып жүр ғой, – деді Әзімхан әзілге мән бермей.

Дастарханнан бәрін қойып, осы кезде, о тоба-ай, нан қоюды ұмытып кетіп жатамыз, – деп ақындар айтқандай, шүкір, қазір тоқшылық заман ғой, – деп сөзге ауыл имамы Әбілқайыр араласты.

Әңгіме ауаны тоқшылық пен жоқшылық заманға қарай ауысты. Сөзді тосып сөйлейтін үй иесі Құрбан аға бір кезде ауыр ойдан арыла алмаған қалыпта баяу сөйлеп:

- Жігіттер, мен бір үзім нанға жете алмай қайтыс болған екі адамның моласын көргенім бар, – деді өткен жылдарға ой жібере…

Орта мектепті бітірген бойда шоферлік курсты бітіріп, өзім туып-өскен Созақ ауданындағы Энгельс совхозында жүргізуші болып істейтінмін. 1965 жылы совхоз орталығынан салынып жатқан мәдениет үйіне қажетті құрылыс ағаштарын Түркістан қаласынан тасу Арыстан есімді кексе жүргізуші екеумізге жүктелді. – Созақ, Шолаққорған арқылы айналып жүрсек жол ұзақ. Сондықтан тәуекел деп, Қаратауды Жамантастың асуы арқылы кесіп өтеміз, – деген Арыстан автомашинаны мұқият тексеріп алуды, әсіресе тежегішке баса назар аударуымды қатаң тапсырды.

Күні бойы машинамызды күтіп, баптаған біздер, ертеңіне Түркістан қайдасың деп жолға шықтық. Ол кезде қазіргідей асфальт жол қайда. Шымкентке баратын басты бағыттың өзі де тас жол болатын.

Қаратаудың етегін жайлаған шопандар Раң секілді майда өзен бойын қуалай орналасқан. Бірнеше өзендерді басып өткен біз, бір кезде көзге білінер-білінбес ескі сүрлеуге түстік. Алдымда жол бастап келе жатқан Арыстан аға бұл маңды жақсы білетін сияқты. Мінекей, жазық бітіп, ирелеңдеген тау беткейімен ыңыранып келе жатқанымызға да екі-үш сағаттай болды. Ескі сүрлеудің бір жағы терең құз. Тіпті қараудың өзі қорқынышты. Баяу жүрістен машинаның суы қайнап кеткесін, алдымда келе жатқан ағаны сигнал беріп тоқтаттым.

- Ареке, машинаның суы қайнап кетті. Кішкене демалып, әрі түстеніп алсақ қайтеді, – дедім үлкен кісінің бетіне қарап. Машинаның кабинасынан су толы канистраны шығарып, маған ұсынған Арыстан аға: «Түстенетін жер әлі алда, тағы біраз жүрсек, ол жерге де жетеміз. Ал мына судан машинаңа құйып ал», – деген Арекеңе бұл маңайдың жақсы таныс екендігі белгілі болды. Ал мен мынадай жолсыз тар асу мен терең құздан басым айналып, өлердей қорқып келемін. Кексе, тәжірибелі жүргізушілердің өзі де, бұл асудан өтуге тәуекел ете бермейтінінің сыры енді мәлім болды. Арада тағы бірер сағаттай өткенде ескі сүрлеуден оңға қарай кілт бұрылған жолбасшым, бір төбенің қасына келіп тоқтады. Машинамды оған қапталдастыра қойған мен де моторды сөндіріп, жерге түстім.

- Құрбан, машинаның үстіне шығып, ондағы таяқты алшы, – деген ағаның сөзін екі етпей кузовына секіріп шығып, бір шеті үшкірленген, кетпен сабындай ағашты алып түстім.

Терең ойда айналаны шолып тұрған ол, бір кезде маған жүр дегендей ымдап, алға қарай жүре берді. Тоқтаған жерімізден 40-50 қадамдай жердегі жыра ішіндегі бір кішкентай төбешіктің құбыла жақ шетіне манағы таяқты қақты. Қойнынан бір ақ матаны шығарып, әлгіні таяққа байлаған аға, біраз үнсіздіктен соң, тізерлей отырып құран оқыды. Бұл елеусіз төбешіктің мола екенін ұққан мен, ол кісінің қасына жүрелеп отыра қалып, құранмен бірге бет сипап, бата рәсімін жасадым.

- Бұл жерге аяқ баспағаныма да біраз жылдар өтті. Мына жерде жатқан екі байғұсты бұл күнде менен басқа ешкім де білмейді. Бейшаралардың аттарын да білмеймін, – деп көңілі құлазып, қатты толқып тұрған Арекеңнің ойын бөлгім келмеген мен, машинамызға қайтып келгесін, үн-түнсіз кабинамдағы көрпешені жерге төсеп, ортаға газет жая бастадым.

- Бала, оны қой. Менің кабинамда осы жерге арнайы пісіріліп, алып шыққан тағамдар бар, – деген Арыстан аға дастарханмен оралған үлкен тостақты әкеліп, орауын жаза бастады. Пісірілген ет пен тоқаштың иісі мұрынға жағып барады. Менің дорбамды аштырмаған ағаның сумкасынан тағы біраз тағамдар шықты. Мола жақты бетке алып, қатар жайғастық…

Сүр боп піскен қазы-қартаның қызығына түсіп біраз қарбытқан соң, Арыстан аға ішкен-жеген астың сауабын бақилық болған жандарға бағыштап құран оқып, бата жасады да, біраз үнсіз қалды.

- Ұмытпасам 1931 жылдың жазғы шілдесі әлі түсе қоймаған кез болатын, – деп бастады Арыстан аға әңгімесін. Ашаршылықтан елдің жаппай қырылып жатқан кезі. Мына тұрған алаңқай біздің үйіміздің орны болатын. Біз де ашқұрсақ болып, әрең жүрген кезіміз. Мен ол кезде әлі он беске тола қоймаған едім. Бар күн көрісіміз алдымыздағы бес ешкінің сүті болатын. Нан дегенді оқта-текте ғана көреміз. Онда да бір-екі шайнамнан артық жоқ. Осы маңайда әр жерде екі-үш үй, кей жерде бес-алты үй боп отыратын елдің бәрі де аштықтан босып кеткен. Үйдегі балалардың ересегі менің міндетім, күні-түні дегендей сол алдымыздағы бес ешкі мен бір текені бұлақтан уақтылы суғарып, бағып, күзету. Кейінгі кездері аштықтың әсерінен сол ешкілердің соңынан еріп жүру де қиындай бастады. Осыны аңғарған әкем, теке мен үлкен тоқал ешкінің мойнына қазықты жіп байлап беріп, арқандап қоюды тапсырды. Шынында да осы ақыл дұрыс болып, қалған ешкілер «көсемдерінің» маңынан ұзап кете қоймайтын болды. Әйтсе де мен оларды жиі-жиі орын ауыстырып арқандап, тапжылмай күзетуім керек болатын. Өйткені кездейсоқ ит-құстан бөлек, ашыққан адамдар кездесіп қалса, ешкімді аямайтыны белгілі. Әкем де шешеммен бірге қыбырлап жүріп малға қыстық шөп жинаған болады. Бірақ, әлсіреген жандардың істері де мардымсыз. Бұл кезде сүтке ортақ болмасын деп, ешкінің лақтарын да сойып, жеп қойған болатынбыз. Кейде есегіне мінген әкем тау аралап, құрып қойған тұзақ, қақпандарын көруге кететін. Ондайда екі көзіміз төрт болып, әкеміздің олжалы қайтуын Алладан тілеп отырамыз. Егер әлдеқалай әкеміздің – Арыстан! Асылхан!-деп алыстан балаларын шақырған даусы естілсе-ақ, оның олжалы келе жатқаны,-деген ағаның даусы құмығып, көзіне келіп қалған жасты жасыра алмады. Мұндайда анам: – Е, Құдай, бергеніңе шүкір, тоба, тоба,-дейтін көзіне жас алып. Әкеміздің алдынан сүйретіле інім екеуміз шығатынбыз. Шын қуанғанның қандай болатынын мен сол кезден білемін, қарағым. Сол замат біз ашаршылықтан біржола кұтылғандай болушы едік.

Бір жолы әкем маған қарап тұрып: – Балам ешкілеріңе әзір бол. Кеше теріскей жақтан қыбырлаған екі қарайғанды көрдім. Шамасы адам сияқты. Осы уақытқа дейін жете алмағандарына карағанда, аштықтан әрең ілбіп келе жатқандар болса керек. Олардың ниетінің қандай екенін кім білсін. Әйтсе де малыңа әзір бол, қарағым, – деген әкем үйден ұзап кетпей, шөп ору қамына кірісті. Сәскелерде теріскей жақтан қыбырлаған екі қарайғанды мен де көрдім. Олардың қасында ноқаттай болып және бір бейне қараңдайды. Шамасы, ерткен баласы болса керек. Бір кезде төбе басына шоқиған екеу қимылсыз қалған сияқтанды да, мен өз тіршілігіммен болып кеттім. Енді бір уақытта қарасам, әлгілер көрінбейтін сияқты. Түс кезінде анамның әлдебір шөптерді турап берген кішкене пиаладағы орта сүтін ішіп, енді орнымыздан тұра бергенде әлдекімнің есік алдына келіп құлағанын естідік. Бәріміз үдере сыртқа шықсақ, есік алдында бір әйел сұлап жатыр. Көзі шүңірейіп, ішіне кіріп кеткен байғұстың кірпіктері әрең қимылдайды. Мән-жайды бірден ұққан анам үйге кіріп кетіп, пиаламен сүт алып шықты. Әкемнің сүймелдеуімен байғұс әйелдің басын көтеріп, аузына екі қасық сүт құйды. Сүтті ашырқана жұтқан жан бір кезде сұлқ қалды.

- Әзірге осы болар. Қатты ашыққан жанға бірден көп беруге болмайды. Өйтпеген жағдайда, ас аш өзегіне түсіп кетсе, байғұстың өліп кетуі мүмкін, – деген әкем шешеммен бірге әлгі жанды үй көлеңкесіне киіз төсеп жатқызды. Біршама уақыттан кейін көзін ашқан әйел еріндері дір-дір етіп:

- Қалды. Артта, төбе басында қалды, – дегенді әрең айтып қолын артқа қарай сермеді де, тағы да сұлқ қалды. Мені есегіне мінгестірген әкем, әлгі әйел меңзеген теріскей жақтағы төбешікке барады. Барсақ, төбеде сақал-мұрты өсіп, аштықтан шүңірейіп кеткен көзін әрең ашып-жұмып, бір ер кісі жатыр. Төбеден біздің үйге қарай он-он бес қадамдай жерде қу сүйегі қалған жасы тоғыз-он шамасындағы бала ес-түссіз жатыр екен. Әкем екеуміз сүйемелдеп жүріп әлгі жанды әрең дегенде барып есекке мінгіздік-ау. Баланы да әкесінің артына отырғызған әкем, оларды сүйемелдеп жүрді де, мен есекті жетелеп отырдым. Үйге жеткен бетте бізді тосып алған анам баланы түсіріп алды да, әкем есек үстінде теңселіп әрең отырған еркекті түсіріп алды. Оларды төселген киіз үстіне жатқыза салған анам үйге кіре үлкен пиаламен сүт алып шықты. Кішкентай баланың жағдайы ауыр екенін көрген әкем алдымен соның басын көтеріп аузына екі қасық сүт құйды. Сүтті әрең жұтқан жас бала көзін зорға ашып айналасына бажайлай қарады. Бір кезде өзіне елжірей қарап жатқан анасын таныған бала: – Апа, нан, – дегенді естілер-естілмес айтқан қалпы сылқ түсіп, үзіліп кете барды.

Енді бұл баладан үміт жоғын түсінген әкем, оны тастай беріп, ер кісінің басын көтерді. Бір қолымен сүт толы пиаланы ұстаған шешем екінші қолымен қасық ұстап, әлгі жанның аузына сүт құйды. Көзін ашып жатқан жан кенет екі қолымен шап беріп, анамның қолындағы пиаланы жұлып алған қалпы сүтті шашып-төгіп, қомағайлана жұта бастады. – Саған бірден көп ішуге болмайды. Жібер, – деп ыдысқа жармасқан әкемді тіпті де тыңдайтын емес. Пиаланы қос қолымен тас қып ұстаған жан, ақыры түгел ішіп қойды.

- Ой, әттеген-ай, бекер болды-ау. Аш өзекке түсіп кетпесе болғаны, – деген әкемнің қаупі расқа айналып, әлгі жан да өзіне-өзі келе алмаған қалпы сол жерде қайтыс болды.

Осының бәрін көріп жатқан әлгі әйел, жылағысы келгенмен де, көзінен жас шықпай, тек иығы ғана әлсіз селкілдеп, іштей егіліп жатқан болатын. Мынадай тосын іске не істерін білмей қалған әкем орнынан тұрып, қора жаққа кетті. Әлден уақытта келген әкемнің қолында кетпен, күрегі бар еді. Қолындағыларын жерге қойған әкем, анама таяп келіп әлденені кеңесіп жатты. Үйге кіріп кеткен шешем екі ұрттамдай сүт әкеліп, басын көтеріп отырған әйелге ішкізді. Ол кісінің беті бері қарай бастағаны көз жанарынан-ақ білініп тұрған болатын.

Үнсіз қимылдаған әкем ер кісінің денесін анаммен бірге есекке артты да, өзі құр сүйегі қалған баланың өлі денесін көтерген қалпы үй маңынан шеттеу жыраға қарай жүре берді. Өзі де аштықтан ілбіп әрең жүрген жан, жыраның шетіне жетер-жетпес болдырып, отырып қалды. Бұл кезде кетпен, күректі көтерген анам да келген болатын. Әкемнің ишарасын түсінген анам екеуміз, ер кісінің мәйітін есектен түсіріп, бетін құбылаға беріп, жыра ішіне жатқыздық. Ол уақыттарда көр қазатын шама қайда. Орнынан тұрған әкем де баланың денесін әкесіне қатарластыра тақап қойды. Биссмилла деп қолдарына кетпен, күрек ұстаған әкем мен шешеме жәрдемдесіп, мен де жыраның екі бетіндегі тас пен құм араласқан топырақты мәйіттердің үстіне үйе бердім. Бақилық болған жандарға әлсірей жүріп, осылайша көму рәсімін жасап, артынан әкем дұға оқып, бет сипады. Арада біраз күн өткенде өз-өзіне келіп, есін жинаған әйел, дәлірек, өз сөзімен айтқанда отыздың екеуіне шыққан келіншек, басынан өткерген мехнатын баяндаған еді.

- Мен Арқаның орта дәулетті шаруасының қызы едім. Бой жете бастағаннан-ақ маған сөз салушылар да, көз салушылар да көбейе бастаған. Анамнан жастайымнан домбыра тартуды үйреніп, ән де айттым. Он жетімде маған бір байдың баласы құда түсіп, мені әне ұзатамыз, міне ұзатамыз деп отырғанда, бір тойда осы күйеуіммен айтысып оны жеңдім. Күйеуім ақын, әнші және ел билігіне араласқан жан еді. Осы Арқаның мыңғырған мал айдаған байының ең жақсы көретін баласы екен. Менен бұрын алған жары баладан босана алмай қайтыс болыпты. Мені көрген соң маған көңілі ауып, құлай ғашық болды. Ақырында мені алып қашып, екеуміз қосылдық. Ел арасында үлкен дау болды. Бірақ күйеуімнің әкесінің малы арқасында бәрі басылды. Екеуміз тату-тәтті өмір сүрдік. Одан бірнеше құрсақ көрдім. Бірақ екеуі шетінеп, осы балам аман қалған еді.

Кеңес үкіметі малдарын кәмпескелеп, өздерін итжеккенге айдап бұлардың да тоз-тозын шығарды емес пе. Ашаршылық пен жұттан сопиып күйеуім екеуміз ғана қалдық. Сотталудан аман қалған ағайын-туыстың бәрі опат болып, ортамызда жалғыз баламыз қалды. Көктемге әрең шыққан біз, ел ішінен талғажау етерлік ештеңе таппадық. «Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен» деген емес пе. Алтынның бақыр құрлы құны болмады ғой. Шамасы келгендердің Тәшкен асып кетіп жатқанын әркімдерден естиміз. Осыдан екі айдай бұрын біз де сегіз қанат үлкен-ақ үйімізді, барлық жасау-жабдығымен тастап, өзіміз шығып жүре бергенбіз. Күйеуімнің жанталаса, алтындарын шашып жүріп жинаған бар азығын арқаланып, жолға шықтық. Сондағымыз төрт таба нан мен жарты пұтқа жетер-жетпес қана қуырылған бидай мен талқан. Аяқ артар көлік те жоқ. Жұттан қалған бірен-саран малды әлдеқашан жеп тауысқанбыз. Итімізді әлдекімдердің жеп қойғанын ішіміз сезеді.

Сондықтан амалсыз жаяу шыққанбыз. Жол-жөнекей аштықтан ісіп өлгендер мен сансыраған адамда есеп жоқ. Арқалаған азығымызды үнемдеу үшін жолда не жемедік десеңші. Кездесе қалған ашыққан жандар арқамыздағы дорбаға тесіле қарайды. Оның ішінде талқан мен нан барын иісінен сезе ме, қайдам. Мұндайда олар күйеуімнің қолына ұстаған мылтығынан ғана сескенетін сияқты. Әйтпесе аштықтан көзі қарайған жандардың бізді тарпа бас салатыны айдан анық. Есіме түссе, әлі қорқамын. Сол жол бойында өлген адам етін жегендерді де көрдік. Бұрын мал сойғанды көрсем, денем түршігетін мен, осы кезде мең-зең болып, өліп жатқан адамдарға да бей-жай қарайтын болыппын. Бір жолы бес-алты адамның әлденеге опыр-топыр құжынап қалғанын көрдік. Сөйтсек, аштықтан көзі қарайған байғұстар, араларындағы бір адамның әлсіреп өлгенін көріп, жабыла соны жеп жатыр екен. Қанша үнемдесек те, осыдан бір аптадай бұрын азығымыз таусылып, бір бұлақтың басына келіп аялдағанбыз. Қаталап келген бетте бұлақтың мұздай суынан ішіп сергіп қалған едік. Аш қарынға ішкен мұздай су, ішті де азынатып жібереді екен. Кейінгі уақытта жол соқты болып, күннен-күнге әлсірей бастаған балама жаным ашып, дорбадағы ең соңғы нанның шетінен бір жапырақтай үзіп алғаным сол, күйеуім қолымнан қалған нанды жұлып алып, бізден шеттеп ұзай берді. Күйеуімнің аштықтан есі ауысқанын білдім. Атын атап шақырсам, маған бозарған көзімен қарайды да, үндемейді. Құдайдың құдіреті-ай! Мен бұған тіпті де таңырқағаным жоқ. Қолымда қалған наннан ұлыма шамалы үзіп бердім де, қалғанын қалтама салып қойдым. Ойымда осы нанға қосымша болатын нәрсе болса деймін. Іштей налып ыза болып тұрған мен кенет бұлақтың төменгі сағасында отырған дәу бақаны байқап қалдым. Бар ашуымды содан алғым келгендей жетіп барған бойда, орнынан секіре берген көл бақаны шап беріп ұстай алып, жағадағы дәу тасқа шірене соғып, жібердім. Тасқа сарт ете қалған бейшара бақа, сол жерде ұлым екеумізге азық болды. Бұл бақаның жалғыз болуы мүмкін емес деген ой келгенде, орнымнан қалай ұшып тұрғанымды өзім де білмеймін. Біраз іздеп оны да таптым-ау ақыры. Алғашқы әдіспен оны да өлтіріп, бір тастың өткір қырымен ішін жарып, жуып, тазалап алдым. Іші босап қалған дорбаны тастап кетпек боп бір оқталдым да қайта айныдым.

Бұлақ басында күйеуімнің тастап кеткен мылтығы мен оқшантайы жатқанын мана бір әзірде байқағанмын. Дорбаға тазаланған бақа мен оқшантайды салып, мылтықпен бірге иығыма асып алдым да, жасы әлі онға тола қоймаған баламды жетектеген қалпы көз ұшында кетіп бара жатқан күйеуімнің артынан жүре бердім.

Аштықтың кесірінен кейінгі кездері жиі-жиі дамылдайтын болғанбыз. Бізден әудем жер ұзап барып жол шетінде демалып отырған баламның әкесі, қасына біз барып отыра кеткеннен-ақ қабағын тыржитқан қалпы орнынан тұрды да, әрі қарай жүріп кетті. Осылайша біріміз қуып, біріміз қашып дегендей, тағы біраз жол жүрдік.

- Шаршадым, қарным ашты, – деп балам кыңқылдай бастаған, мана бір әзірде екінші бақаның етін жегенбіз. «Жұт-жеті ағайынды» деген рас екен-ау деймін. Жол-жөнекей бізге бір аң, не бір құс кездеспесе не шара. Судағы балық түгілі, әшейінде миыңды ашытатын бақаның өзі жоқ боп кетсе, оған не дерсің. Күн кешкіре бастаған кезде, зілдей мылтықты арқалаудан мезі болып діңкелей бастаған мен, бір қулық ойладым. Қойнындағы нанын бізбен бөліскісі келмеген күйеуім әдетінше бізден ұзай бастаған кезде, көргенім бойынша мылтықты оқтап, жол шетіне қарай әлденені көздеген болып атып жібердім. Гүрс ете қалған дауыспен бірге әлдеқандай күш иығымды солқ еткізіп жұлқып жіберді. Оқ атқан жағыма сәл қарап тұрдым да, әрі қарай жүре бердім. Қарасам, күйеуім жол шетінде бізді күтіп отыр екен. Жакындай бергеннен-ақ:

- Не аттың? – деп сұрады.

- Ымыртта анық байқай алмадым, шамасы борсық сияқты. Жанды жеріне тигізе алмадым-ау деймін. Қашып кетті. Әйтпегенде майға бір қарық болар едік, – дедім, оны алдағы күндерге үміттендіре.

- Қап! – деген ол өкініштен басын шайқап, мылтықты бер дегендей қолын созды. Менің күткенім де сол емес пе? Сұрағанын оқшантайымен қосып қолына ұстата қойдым. Қараңғылық әбден қоюланған кезде бір төбешіктің күнгей жақ бетіне жата кеттік. Жолға шыққан алғашқы күндерден-ақ байқағаным, теріскей жақ беткейге қарағанда күнгей жақтағы жердің сызы болмайды екен. Өйткені күнгей жақтың қары да ерте еріп, жері де ерте кебеді емес пе? Әкесінен мейірім күткен балам:

- Көке, бір үзім нан беріңізші, – деп қыңқылдай бастады. Алғашында естімеген сыңай танытқан байғұс, бір кезде қатулана:

- Өшір үніңді! Менде ешқандай нан қалған жоқ, – деді жекіріп. Бір үзім нан жесем деген үміті үзіліп, өзін тежей алмай өксіп-өксіп жылаған ұлым, бетін менің кеудеме тығып солқылдауда. Күйеуімнің бетіне өмірі қарсы келіп көрмеген мен, осы жолы ренішімді айттым.

- Әкесі, – дедім, жылап жіберуге шақ қалып тұрып. – Мен сізге бөтен болғанның өзінде, бұл сіздің беліңізден шыққан ізбасар тұяғыңыз емес пе еді. Торғай екеш торғай да балапандарын қорғап, жыланның аузына өзін тастайды емес пе. Күні бойы аш жүрген ұлыңызға жаныңыз ашып бір үзім нанды қимағаныңыз ба? – дедім оны мейірбандыққа шақырып. Өзім болсам еңіреп жіберуге шақ қалып тұрмын.

- Кішкентай-ақ нан қалды. Жарайды, ертең берем бір үзім нанды, – деді, осымен әңгіме бітті дегендей. Таңертең ерте тұрған әкесі дыбысын білдірмей кетіп қалыпты. Қалтамдағы соңғы нанымды ұлыма беріп, өзім сол жердегі өсіп тұрған шөптерді жұлып, аузыма салдым. Шайнап-шайнап ащы болса түкіріп тастаймын да, кейбір онша ащы емес шөптерді нәр бола ма деп жұта саламын. Ұлымды бірде арқалап, енді бірде жетелеп жүргенде, күйеуімнің де қарасы көрінді-ау бір кезде. Ілбіп басып бара жатқан әкесінің сұлбасы көрінгеннен-ақ ұлым қарным ашты деп жылай бастады.

- Жаным-ау, сенен немді аяйын. Жейтін ештеңе қалмағанын өзің де көрмеймісің, – дегенімде ұлым сәл үнсіз қалды да, бір кезде тағы қыңқылдай бастады.

Апа, қарным ашып кетті. Қазір көкеме жеткесін, балама нан бер деп сен де айтшы. Жүруге шамам келмей, әлім құрып бара жатыр, – деп жылаған балама:

- Мақұл, айтамын, – деп жұбатқаннан басқа не дейін. Өлдім, талдым дегенде дамылдап жатқан отағасына да жеттік-ау ақыры. Бізді көрмеген боп теріс қарап, көзін жұмып жатқан әкесіне барған ұлым:

- Өліп барамын, көке. Ең болмаса бір үзім нан беріңізші, – деп тағы да жылай бастады.

- Кетші әрі өзің, саған беретін наным жоқ, – деген әкесі ұлымды теуіп-ақ жібергені. Нанға, әкесіне деген соңғы үміті үзіліп, топыраққа сұлап түскен ұлым, басын да көтерместен жатқан жерінде ебіл-дебіл боздауда. Ұлымның күйзелгенін көріп, қабырғам қайысқан мен енді еңірей жыладым. Бірақ бұған селт еткен әке жоқ.

- Пышағыңды бер. Бұйтіп бұл баланың күйігін тартқанша, өз қолыммен бауыздай салайын, – дедім оған деген ызамды тежей алмай. Пышағын қынымен бірге алдыма тастай салған күйеуімнің бетіне қарасам, міз бақпайды-ау сабазым. Тіпті менің сөзімді құп көретін сияқты ма, қалай өзі.

Санымнан ет кесіп берсем де, тастамаймын бұл баланы, – дедім күйеуіме, алғаш рет ызбарлана қарап. Маған оқты көзін бір қадап, орнынан тұрып жүре берген күйеуімнен шынында да қорқайын дедім. Аштықтан көзі қарайып, есі ауысқан сорлының өз ұлын тірідей сойып жеп қоюы да мүмкін екенін ойлағанда, денем түршігіп қалтырап қоя берем. Сол заматтан бастап күйеуіме жақындамай, алыстан еріп отырдық. Бір жолы ұйқыдан оянған ұлым бетіме қарап тұрып: Апа, менің түк те қарным ашып тұрған жоқ, – дегені.

Түкке түсінбей бетіне қараған маған ұлым түс көргенін айтты.

- Түсімде дәу атам мен әжемді көрдім. Олар маған әртүрлі тамақ пен қымыз берді. Әбден ішіп-жеп тойдым. Қазір қарным да ашып тұрған жоқ, шөлдеп те тұрған жоқпын, – деген ұлымның жанары жадырап, шынында да қуаттанып қалған сияқты. Осы жағдай кейін де бір-екі рет қайталанды. Бұдан бірер жыл бұрын өлген атасы мен әжесінің рухы бізбен бірге қиналып, шырқырап жүр екен-ау деп ойладым. Күйеуімнің қалдырған пышағымен қызғалдақ, тораңғыл, қатанқұлақ сияқты кейбір шөптердің тамырын қазып жеп, талғажау еттік. Осыдан екі-үш күндей бұрын күйеуімнің ауырсынып тастап кеткен мылтығын да алып жүруге шамамыз келмей қалды. Әлдеқалай болады деген қауіппен күйеуіме пышақты бермей қойдым. Ол да сұраған жоқ. Бір жолы осылайша діңкелеп келе жатып, кездескен бір қартаңқұлақтың түбін қазып алмақ боп жақындасам, оның жапырақтарын көлеңкелеп жатқан дәу шұбар жыланды көрдім. Жыртқыштың үлкені – адам деген рас-ау дедім сол жолы. Әшейінде жыланнан үрейім ұшып қатты қорқатын мен, бұл жолы тіпті сескенбедім де. Қайта қуанып кеттім бе, қалай өзі? Тіпті түсінбей де қалдым. Ұлымды бір шетке қойып, өзім әлгі жыланға құйрық жағынан сыбдырсыз жақындадым. Ол да мені сезбей, ұйықтап жатқан секілді. Шап беріп құйрығынан ұстаған қалпы асқан жылдамдықпен оны жұлып алдым да, жерге сабалай бердім, сабалай бердім. Өлген шұбар жыланның бас жағын кесіп тастап, ұлым екеуміз талғажау еттік. Бізден көп ұзай алмай аштықтан талықсып жатқан, қожайыныма да жүрек жалғау бердім. Әйелдерге қарағанда еркектердің әлсіз болатындығын сол жолы байқадым. Алыстан тау ішіндегі сіздердің үйлеріңізді көргенімізге де біраз болған. Бірақ соған жету мұң болды емес пе? Күйеуім жүре алмай қалған кезде оны сол жатқан жерінде қалдырдым да, мен жоқта жеп қоймасын деп баламды одан бөлек тастап, өзім осылай қарай келдім емес пе, – деп бетін басып жылаған дәрменсіз бейшара әйелдің сөзіне анам да ебіл-дебіл боп, мен де жылап отыр екенмін, – деген Арыстан аға әңгімесін ары қарай жалғастырды. Ертеңіне әлгі келіншектен мылтықтарының қай шамада қалғанын нақтылап сұрап алған әкем ертелеп есегіне мініп, соны іздеп кетті. Қанша қалжыраса да, мылтықты оқшантайымен тапқанына қуанған әкем кеш түсе үйге келді. Шүңірейген көзі орнына келіп күш-қуат жинаған әлгі келіншек көп ұзамай ілби жүріп шөп орысып, үй ісіне қолқабыс жасай бастады. Тостағандай көзіне қарап қойылса керек, Ботагөз есімді әлгі аппақ келіншек, сын-сымбаты келіскен, бет біткеннің сұлуы болатын. Бес ешкінің сүтін бір аптадай жинап, құрт істеген анам мен әкем, Ботагөзді шығарып салмаққа дайындала бастады. Әкем осы маңда өсетін шөптердің қайсысы жеуге жарамды, қайсысы жарамсыз екенін Ботагөзге тәптіштеп түсіндіріп жүретін. Тіпті кейбір ағаштардың жапырағын аздап жеп, қабығын шайнап та нәр алуға болады екен.

Ботагөзді шығарып саларда, бәріміз оның күйеуі мен баласының басына бардық. Әкем құран оқыды. Сондағы моланы құшақтап Ботагөздің жылағанын көрсең ғой, – деген Арыстан аға арғы жағын айта алмай еңкілдеп жылап жіберді.

- Ботақаным-ай, ботақаным. Бүкіл әулеттен қалған жалғыз құлыным-ай, сені аман сақтай алмадым-ау. Мен бейбақты кешіре гөр, жаным. Қайтейін енді, қайтейін? Риза бол, жаным, – деп қабірдің топырағын сипан жатқан жан өз ұлының маңдайынан аялап жатқандай көрінген еді сонда маған…

Кезінде атамыз бір атқа айырбастап алыпты деген алтын сапты пышақ пен бір уыс алтын теңгені осыдан біраз бұрын Ботагөз әкеме берген болатын. Соны ұсынып тұрып:

- Көке, мені паналатыңызшы. Қаласаңыз, тоқалыңыз, немесе күңіңіз болайын. Қай жақтан келіп, енді қайда барарын білмей, есі шығып, мең-зең боп тұрған мен бейбақты аяңызшы, – деген еді жылап тұрып.

- Қарағым, Ботагөз, біздің де жағдайымыздың мәз емес екенін көріп-біліп жүрсің ғой. Перзентке тоймаған қазақ, көп әйел алудан да қашқан емес. Алдағы қыстан аман шығар-шықпасымыз екіталай боп тұрғанда сенің обалыңа қалып қайтемін, қалқам. Қазір әйел алу емес, бас амандығын ойлау керек боп тұр емес пе. Біздің де күніміз бес ешкінің сүтіне қарап тұрған жоқ па. Жассың ғой, Құдай жақсылығын берсін деп тілейік. Алла жазса, әлі-ақ күніңді көріп, үй де болып кетерсің. Тағы біраз күн тынығып, есіңді жый. Тәшкенге барғандардың жағдайы жақсы дегенді мен де өткен-кеткендерден естіп жатырмын. Сендердің де сонда бармақ болғандарың құптарлық іс. Бірақ ұзақ жол ауырлық қылған екен де, – деген әкем біраз отырып қалды да, сөзін қайта жалғады. Бұл жерді Қаратаудың етегіндегі Жамантастың асуы деп атайды. Күн батыстағы алыстан мұнартып көрінген жерді Бабайқорған дейді. Өрге қарай тырмысып жүрген жолыңның ең ауыры артта қалды. Енді сонау Түркістанға дейін қалған қырық-елу шақырымдай жол еңістік. Тіпті Бабайқорғанға дейін еріксіз жүгіртіп отырады десе де болғандай. Тек Құдай басқа бәле-жаладан аман қылсын деп тілейік. Өзіңе-өзің берік бол, қарағым. Әлдінің әлсізді жеп жатқан заманы болды ғой. Көзі қарайып ашыққан тобырды көрсең, оларға жақындамай, алыстап жүр. Әлдеқалай соңыңа түскендерді байқасаң, қолыңа пышағыңды алып, сес көрсетерсің. Пышақты көйлегіңнің ішінен беліңе байлап ал. Түркістанға жеткенше жолда ары кеткенде бір күн түнерсің. Бірақ ешкімнің үйіне кірмегейсің. Көзі қарайған жандардан әрдеңені күтуге болады. Қайта лажы болса, ел көзінен тасалау, далада жатқаның дұрыс, – деген әкем, сол кездері қырықтардағы жігіт екен ғой. Маған шал боп көрінуші еді. Ботагөздің пышағының алтын сабын елеусіз болу үшін жаман шүберекпен орап:

- Басыңа қауіп-қатер төнбесе, еркектердің көз құрты бұндай асыл затты орынсыз ешкімге көрсетпе, – деп алтын теңгелерін де жүрер кезінде өзіне қайтарып берген болатын. Түркістанға жетсе, Тәшкентке қарай пойызға қалай отыруы керек екенін де тәптіштеп түсіндіріп жатты. Бір таба нан мен кұрт салған дорбаны ұсынған анаммен құшақтасып, сыңсылай қоштасқан Ботагөзге қосыла бәріміз де жылап тұрған едік сол сәтте. Әбден жылап, шерін тартқандай болған бейшара Ботагөз, бізге бір, қарайып артында қалып бара жатқан молаға бір, жаутаңдай қарап, қасымыздан ұзай берді…

Содан бері қаншама жылдар өтті. Бейшара діттеген жеріне жете алды ма екен деген ой келгенде, ұйқым шайдай ашылып, санам сан тарапқа шашырайды. Ботагөз айтқан жолдағы аштықтан қырылғандар мен мына жатқан (өзім куәсі болған) екі бейшараның обалы кімге дерсің. Менен басқа бұларды кім есіне алсын. Әрдайым құран оқығанда:

- Осы құранның сауабын іздеусіз-сұраусыз кеткен момын мұсылмандардың рухына бағыштаймын, – деп аяқтайтынымның сыры осы, – деді сөзіне өксік араласқан Арыстан аға.

Екеуміз де үнсізбіз. Мен де көз жасымды тежей алмай, ақ мата байланған молаға бір, Ботакөз кеткен батыс жаққа бір қарап егіліп отыр едім. Артына жаутаңдай қарап, бұрын көріп білмеген, өзін тағы не күтіп тұрғаны белгісіз бағытқа жасқана беттеп бара жатқан Ботагөздің бейнесі көз алдымнан кетер емес. Бейшара аман болса болғаны деп тіледім іштей. Арыстан аға куә болған ашаршылық зұлматы екеуміздің де еңсемізді басып жіберген еді. Сәлден кейін Арыстан аға жайлап тұрып, еңсесін езген ауыр ойдан арыла алмаған қалпы машинасына қарай қозғалды. Ол кісінің ойын түсінген мен де қалған тамақтарды жинастырып, артынан ере бердім, – деп сөзін аяқтады Құрбан аға.

Үй ішінде алғашқыда гуілдеп отырған көпшілік, тым-тырыс. Ақшаханның жұбайы Зухраның өксіген даусы естілді. Әйелдер жағының мұрындары пыс-пыс етіп, көңілдері босап отырғаны білінді. Дастархан үстіне қойылған нандарға қарап отырғандар, бір үзім нанның адам өмірі үшін қандай қажетті нәрсе екенін ойлап отырғандары байқалды.

- Қазақ халқы үшін Голощекиннің «Кіші Октябрі» нағыз зұлмат болды. 1930-1931 жылдардағы ашаршылықта кейбір мәліметтер 4,0 миллиондай қазақтар қырылған дейді, – деп Ақшахан әңгімені жалғастырды.

- Ашаршылықта қырылған азаматтардың аруағына арнап бір құран оқып жіберейін, – деп Әбілқайыр құран оқыды.

Иә, жазықсыз жапа шегіп, опат болған бауырларымыздың жаны ол дүниеде жәннатта болсын деп, - Сіз де Алладан тілегейсіз, ағайын!

4 пікір
  • классика
    3 жыл бұрын
  • мықты жазылған.
    3 жыл бұрын
  • Иә, не көрмеді дейсің бұл қазақ . Аштық көрген бір кісінің "жерде жатқан нанның қиқымын басқанын көргенімде миымды басып жатқандай сезімде боламын" дегенін енді түсінгендей болдым.
    3 жыл бұрын
  • Islam.kz те жазылған әр бір мақала,-шедевр. Сайт әкімшілігіне үлкен алгысымды айткым келеді. Жазған әрбір әріптеріне Аллаһым сіздерге санзыз сауаб жазсын.
    3 жыл бұрын