Әуезовті абақтыдан арашалап қалған Тұрар Рысқұлов
Әуезовті абақтыдан арашалап қалған Тұрар Рысқұлов
9 ай бұрын 11756
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ

Бүгін, 26-желтоқсан қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туған күні. Кезінде Сталиннан қаймықпай, елінің мүддесі үшін қызмет еткен тұлғаның қазақ тарихында алар орны да ерекше. Әсіресе, оның мыңдаған қазақты аштықтан құтқарып қалғанын ел аңыз ғып айтады. Белгілі Халық жазушысы Шерхан Мұртаза ол туралы "Қызыл жебе" атты роман жазып, Тұрарға кітаппен ескерткіш қойды. Өзінің "Бір кем дүние" атты кітабында жазушы: "Тұрар Рысқұлов 1938 жылы атылды деп жазылатын. Қабiрi Москва түбiндегi Бутова деген деревнядағы зиратта дейтұғын. Бiрақ кейiн iздеушiлер сол Бутовадан таппады. Кейбiр басылымдар Тұрардың өлген жылы "1943" деп жүр. Тұрар Рысқұлов туралы "Служение народу" атты қомақты кiтап жазған москвалық профессор В.М.Устинов: "Өте құпия құжаттар бар. Ол тек генсектiң рұқсатымен ғана көрсетiледi. Бiр сөз бар: Тұрар Рысқұлов Солтүстiк Қазақстанда өлген", - дейдi-дағы, сыбырлап: - Аштан өлген, 1943 жылы", - дейдi. "Ақыр байдың баласы аштан өлген". Тұрар, миллиондарды сталиндiк-голощекиндiк аштық ажалынан (геноцид) арпалыса арашалаған Тұрар Рысқұлов ақыр соңында өзi аштан өлген?! Әдiлет қайда, атасына нәлет! Тым болмаса моласы да жоқ. Шыңғыс ханның моласын осы уақытқа дейiн толып жатқан зерттеушiлер таба алмай келедi. Ал халықты аштық қырғыннан сақтап қалған Рысқұловтың моласын кiм iздейдi? Бiр кем дүние", - дейді.

Моласы да іздеусіз қалған Рысқұловтың атқарған еңбегі ел жадында мәңгілік қалсын деп, ол туралы бірер мәліметті оқырманға ұсынып отырмыз. 

 

 «Қараш-қараш оқиғасын» оқып, егіліп жылаған Тұрар

Ең әуелі Тұрардың өскен ортасы мықты болды. Өмірдегі үзеңгілес серіктері де осал болған жоқ: Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Ораз Жандосов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Санжар Асфандияров, Нығмет Нұрмақов және тағысын тағылар. Әйгілі Мұхтар Әуезов екеуі сырлас болды. Әңгімесіне құлақ түріп, әкесі Рысқұлдың ноқтаға сыймас тағдыры туралы қаламгер «Қараш-Қараш оқиғасын» өмірге әкелгенде тамаша туындыны ерекше толқыныспен оқыған Тұрар егіле жылаған екен. «Алашордашыл» деген айыппен қуғындалған Мұхаңды абақтының азабынан арашалап алып, суық тиген өкпесін емдетіп қайтуға Қырымдағы шипажайға жолдама әперіпті. Ахмет Байтұрсыновты да екі рет түрмеден құтқарып қалған. Тұрар онымен бірлесіп, «қазақ халқының отаршылдық саясаттан қысым көріп жатқаны жайлы» Ленинге ашық хат та жазған. Димекеңді, Дінмұхамед Қонаевты «байдың баласысың» деп Мәскеудегі түрлі-түсті металдар институтындағы оқуынан шығарғалы тұрған тұста Тұрар көмектесіпті. Қаржылай да қарасқан. Қаныш Сәтбаевқа да көп қамқорлық жасаған.

Теміржол құрылысын қажетті шикізаттармен жабдықтайтын 26 өндіріс ошағының сол кезде жаңадан ашылғаны Тұрардың елге сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін білдірмей ме? Орта Азияның өндірісін өрге сүйреген сондағы 26-ның біреуі – Түлкібас әк зауыты күні кешеге дейін даңқы дүркіреп жұмыс істеп тұрды.

Өмірінің біраз жылын Ташкентте, Мәскеуде өткізіп, бұрын-соңды қазақ баласының қолы жетпеген жауапты қызметтер атқарған Тұрар Халық комиссарлар кеңесінің Бакудегі өкілі болды. Моңғолияда жаңа өкіметтің жалауы желбіреуіне атсалысып, оның айтуымен мемлекеттің астанасы «Улан-Батор» деп аталынды.

«Сталин қателеседі!» Бұл тарихи сөзді Тұрар Рысқұлов Мәскеудегі үлкен жиында айтқан. Сталиннің ұлттық саясатты бұрмалағанына шыдамай айтқан. Шыншыл қайраткердің осы сөзін ақыры тарихтың өзі дәлелдеді.  

 

Қазақты аштықтан құтқарған Тұрар

Тұрардың басты қасиеттері қандай? Ең алдымен, ол тазалықты сүйген. Қашанда киімін кір шалдырмай, мұнтаздай қалпында жүруден жаңылмаған. Әкесі Рысқұлдың «жағаңды кірлетпе» деген ескертуі ешқашан есінен шықпаған. Ату жазасына кесілген кезде «ақырғы тілегіңді айт» дегенде, «жуынып-шайынып, тазалынып алайын» депті.

Тұрар атақ-даңққа, қызметке қызықпаған. Аштықтан қиналған балаларға арнайы пансионат ашқызғанда, «пансионатқа Тұрар Рысқұловтың атын берейік» деген көпшіліктің ұйғарымына әлдекімдердей келісе кетпей, «Жас Түркістан» деп аталуын ұсыныпты. ТүркЦИК-тің төрағасы болудан бас тартуы да талайды таңдандырған еді. Билікті қарақан басының қажетіне жаратпай, тұтас ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауды көздеген азамат «айдауға жүріп, айтқанға көнетін» қолбала болғысы келмеді. Денсаулық сақтау комиссары қызметінен де өз еркімен бас тартып, жаңадан аштықпен күрес комиссариатын құруды ұсынды. Өйткені аштықтан қынадай қырылып жатқан мыңдаған, миллиондаған адамның тағдырына араша түспей, сырттан қарап отырғанға ары да, жаны да шыдамады. 1932 жылғы аштықта да Тұрар зор қайрат көрсетті. 

"Сталин қателеседі!" мақаласынан ықшамдалып алынды

0 пікір