Ат тергеу деген не?
Ат тергеу деген не?
9 жыл бұрын 26860
Абай ХАМЗА

«Ат тергеу немесе табу» деп жаңа түскен келіннің атасы мен енесіне, қайнағалары мен абысындарына, қайын сіңілілері мен қайындарына, нағашы қайнағаларына және ауылдағы құрметті, жасы үлкен адамдарға өзінше ат қоюын айтады.

Әдетте  келін күйеуінің әке-шешесін “ата”, “апа”, “ене” деп атау дәстүрі бар. Егер атасының кәрі шешесі болса ол кісіні “әже” немесе “үлкен апа”, “кәрі апа” деп  те атаған.

Әулетке түскен тұңғыш келін болса жоғарыдағы аталған адамдарға  жаңа аттар ойлап табуға тура келеді. Оған ауылдағы әйелдер өз білгендерімен кеңес береді. Ат қоятын адамының үлкен-кішілігі, бедел-дәрежесі, мінез-құлқы, жасы кішілері болса күлкілі әдет-қылықтары түгел еске алынады. Ондайлардың ерекшелеп ат қоюға әсері өте көп.

Келесі түскен келіндер көбінесе бұрынғы келіндердің қойған дайын атын жаттап алады. Яғни, ат қоюдың ең ауыртпалығы, түрен жолы тұңғыш келінге түсетіні содан. Негізі ат тергеудің барлық келіндерге ортақ  үрдісі мынандай: Күйеуінің ағасын “үлкен аға”, оның әйелін “үлкен абысын”,  күйеуінің апайларын «ағалас», інілерін “інім”, “төрем”, келіншегін “тетелес”, “ақылдас”, “жеңешем”, қайынсіңілілерін “серігім”, “еркем”,  «кербез», «керім» деп, үйленбеген кіші інілері болса “тентегім”,  «жуасым» деп, нағашы ағаларын “нағашым”, «ағатайым» олардың әйелдерін  “нағашы әпеке” дейді.

Жалпы қалыптасқан туыстық атауларды жұмсартып, өзгертіп атай берудің де еш әбестігі жоқ. Ол келіннің ат қойғыштығына байланысты болмақ. Мысалы, жап-жаңа түскен келіннің Қасқырбай, Қойшыбай, Қамысбай, Өзенбай, Қайрақбай, Қанжарбай деген қайнағалары болыпты дейді. Бірде ауыл маңындағы өзен бойындағы қалың қамыстың  маңында жусап жатқан қойға қасқыр тиіпті. Соны көрген жас келін ауылдағыларға: “Сарқыраманың бер жағында, сылдыраманың ар жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Жаныманы сүйкемеге жанып-жанып жүгіріңдер!” депті дейтін тәмсіл әңгіме осы ат қойғыштыққа меңзеп айтылған болса керек.

Ауылымызда ат қою жағынан біздің Бұлғынжан апамыздан асқан адам жоқ , дейді білетіндер. Ол кісі Мұзбай деген атасын “Қатқан су” деп, Құмар деген тетелес қайнысын “Төрт асық” деп (төрт асықты үйіріп бәсекелесетін “Құмар” деген ойының түрі бар), жұпынылау бір қайнағасын “Сері аға” деп, езуі жиылмайтын күлегеш бір абысынын “Салмақтым” деп, сараңдау бір қайнысын “Мырза жігіт” деп, шалының үлкен апайын «Сырласым», “Ағалас” деп, оңайшылықпен ойға келмейтін аттармен атаған екен.

Ат қою дәстүрі қазақтардың бірін-бірі сыйлау, әдептен аттамау, өзара қимастық туыстық сезімдерге дақ түсірмей үшін сұңғылалықпен ойластырылған ізгі дәстүр.

Белгілі дінтанушы Досай Кенжетай бауырымның мына бір әңгімесі де нақ өмірден алынған. Сонымен Досекең былай дейді: «Ақыры ауылды аңсайсың. Жеңгелер еске түсіп көңілдің де босап кететіні бар. Айдарлыда Амангелді Иманов атындағы мектепте үшінші сыныпта оқимын... Кемпірдің баласы болған соң ба, жеңгелерім атымды атамай: "әй бала", "мырза бала", "би жігіт" деген дүрдей атағыммен шақыратын. Жеңгелерімнің көбісі мектепте мұғалім еді. Бір күні аталас әулеттің келіні, маған жақын жеңге Мансия "апай" Зұлпыхар деген ағамның бәйбішесі, басқа көршілес ауылдан көшіп келіп мектепке орналасты. Көшіп келмей тұрып та біздің үйдің барлық жиын тойында араласып, келін болып, қызмет жасап "әй бала" деп жүретін. Сабағы математика, бір күні маған қарап: «Кенжетаев Досай» тақтаға шық» демесі бар ма?! Мұнысы әбден кемпірдің баласы болып "радикалды идеологиямен" тәрбиеленген маған ұнамады. Ана жерде булығып: "Әй, арғынның қызы, атамның атын неге атайсың" деп салғам ғой. Содан тақтаға емес бірден сыртқа, одан тіке үйге тарттым. Болған мән жайды әжеме жайып салдым. Артынша кешке Зұлпыхар ағам мен Мансия жеңгем келіп, орамал, мата-саталары бар, әжемнен кешірім сұрап құтылды.

Осындай қылықтарымды ауылға барған сайын есіме салып тұратын қазағымның жеңгелері аман болсын!!!

Осы өміршең салтымызды ұмытпаудың, оны заманға сай жетілдіре түсудің, отбасына арналған бағдарламаларда тұрақты еске түсіріп, жаңғыртып отырудың маңызы зор демекпін.

0 пікір