Әйелдің босануы: бұрынғы мен бүгінгі
Әйелдің босануы: бұрынғы мен бүгінгі
3 жыл бұрын 4040
Абай Хамза

Бұрынғы қазақ қоғамында аналардың босануын табиғи құбылыс деп қараған. Оған перзентхана секілді бөлекше жағдай жасамаған. Жүкті әйел күні жеткенде өз үйінде босанған. Нәрестені туғызып алуды көбінде көпті көрген кексе әйелдер мен әжелер атқарған. Ай-күні толып босанар уақыты таяған әйелді ауыл болып қадағалап, қас-қабағына қарап, жұмысына қол ұшын беріп, оған ренжітерлік сөз айтудан сақсынып, оқыс бірдеңеден шошынып қалуынан қорғаштап ерекше күтімге алған. Ауылдан шығып жалғыз-жарым жүруге, ауыр отын-су көтеруге, түнде далаға жалғыз шығып түндік жабуға тыйым салған. Яғни ананың босануының қауіпсіз жеңіл болуын қазақтар алдын-ала көрегендікпен орайын келтірген. Жаңағы аталған шаралардың бәрі де жүкті ананың босану сәтіне жасалған жақсы психологиялық  дайындық деуге болады. Оның әрбірінің жеке-жеке маңызы болған. Қазақтар әсіресе екіқабат әйелдің “жерік асы” деп аталатын оның ішіп-жеуге ерекше аңсары ауған тағамын тауып жегізуге ештеңесін аямаған. Аңыздарда бүркіттің миына, қасқырдың жүрегіне... жерік болған әйелдер туралы көп айтылады. Бұл да босанудың жеңіл, сәтті болуына жасалған ізгі дәстүрлер. Босанатын мезгілі жетіп, бүгін-ертең деп отырған әйелді көзден таса қылмай ең жақын көршісі не абысын-ажындарының бірі  қадағалап жүрген. Таңертең ерте бір, кешке жатар уақытта бір қандай бір сылтаумен жүкті әйелдің жағдайын біліп кетіп жүрген. Себебі толғақтың басталған уақытын білуі өте маңызды болған. Көзқарақты әйелдер ауыраяқ келіншектің бет-жүзіндегі сәл кірбіңнен-ақ толғақтың басталғалы тұрғанын біле қойған. Толғақтың басталар сәтінен бұрынғысын “жай толғақ” деп атаған. Бұдан кейін жарты күндей уақыт өткенде нағыз толғақ басталған. Міне “жай толғақтың” басталғанын біле сала әлгі әйел ауыл-үйге хабарлап, сәбиді туғызып алатын әйелді даярлап, кіндік шешені әзірлеп, кіндік кесетін кездікті өткірлеп, нәрестені орап-бөлеп алатын жөргектерді оңайға шығарып, жүкті әйелдің жігітінің ұзақ бір шаруаларға кетіп қалмауын ескертіп, яғни ауылда әйелді босандырып алудың ұйымдастыру жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп қоятын.

Толғақ басталған кезде-ақ, ауыраяқ әйелдің өз отауының оң жағына екі аша-бақан немесе кереге мен төсек басының ортасына қылдан ескен берік, екі-үш қабат қарала арқанды керіп қойған. Әйелдің отыратын жеріне тізесіне батпайтын ешкі терісінен жұмсақ төсеніштер төсеп қойған. Толғақ жиілеген кезде толғатқан ана керілген арқаннан қос қолдап ұстап, тізерлеп отырып, босандырып жүрген әйелдің айтқанын бұлжытпай орындаған. Жиі-жиі ышқыну, тынысын дұрыс алып, дұрыс шығару бәрі де толғақтың жеңіл болып, баланың бөгетсіз тұншықпай тууына, баладан кейін жолдастың бөгеліссіз түсіп, әйелден көп қан кетпей құрсағының тезірек ширауына көп көмегі болған. Қазақтар әсіресе алғаш босанушы тұмса, жас келіншектің босануына өзгеше ықылас беріп, оқыс қателіктердің болмауына назар аударған. Осылайша үй ішінде жүкті әйелдің толғақ кезіндегі жан қиналысы мен бебеулеген үні айнала ауылға естіліп тұратын. Бұл ерекше оқиға ауылдың кәрі-жасына бірдей әсер етіп, бәрі Құдайдан толғақтың жеңіл болуын, туатын нәрестенің аман болуын жалбарына тілеген. Осы кезде босанып жатқан әйелдің ең жақын көршілері “жарыс қазан” деп аталатын тамақ  дайындайытын. Бұл ырым бойынша кімнің тамағы бұрын пісіп, дәмді болса сол сәбидің тез тууына себепкер болды деп, шілдехана да арнайы көрімдік-байғазы алатын болған. Әр үйде тамақ пісіріліп, жас бала, үлкен-кіші ары бері сабылысып жүрудің өзі — жаңа дүниеге келгелі жатқан баланың тек босанатын әйел ғана емес, бәрінің де жан тебіренісін тудыратын ортақ оқиға дәрежесіне көтерген. Осының арқасында қазақ даласында әйел босану деген ең ардақты, ең бір жүрек жарды қуанышты оқиға саналған. Соның нәтижесінде әйелдер аман-есен қол-аяғын бауырына алып, жұпар аңқыған шарана-сәбиі өмірге дін аман келетін. Әке де баласының өмірге қалай келгенін, әйелінің ащы толғақпен қалай қиналғанын жан-тәнімен сезінетін. Кейде әйелдің толғағы әлсіреп, босанатын күші қалмаған кезде күйеуін шақырып келіп толғатқан әйелдің белін ұстатып (әйелдің арқа жағынан отырып, екі қолын айқастыра ішін жоғарыдан төмен баяу сығып) көмектестіретін. 

Ал қазіргі заманда бәрі өзгеше болды. Оны тәппіштеп айтып жатудың қажеті жоқ. Тек айтарымыз әйелі перзентханада босанып келген еркектер өз әйелінің қалай босанып келгенінен еш хабары болмайды. Толғатып кетті, босанып келді, болды. Сондықтан мыңдаған жыл қалыптасқан жақсы дәстүрлерімізді қазіргі жаңа қоғаммен үйлестірсек еш айыбы жоқ, қайта жаңара, жаңғыра мазмұндана түсер еді. 

0 пікір