Сыбызғы сыры
Сыбызғы сыры
10 жыл бұрын 9016
Жағда Бабалықұлы, этнограф-ғалым

Жайлау кезі еді. Әкем Бабалық Бессала жайлауының Шымдыбейіт дейтін салқар қонысында отырған, жастабанның Пышан әулетінен тараған дәулескер сыбызғышы Ақымжан Болдырған баласы қонаққа шақырылып келді. Байқайым недәуір шау тартқан, алпысты аралаған кезі шығар. Арнайы қонақтар мен күй тыңдауға жыйылған жұрт көп, сегіз қанат үлкен үйден сұңқылдаған  сыбызғы үні үзілмеді. Мен онда қолдаяқты бала едім. Әйтеуір әкейдің ымдауымен Ақаңның алдына сыбызғы сарығын басарлық бір тостаған суық су құйып қоюды бұлжытпай орындаймын. Одан бері талай заман өтті. Сондағы сыбызғы үні құлағымда қалыпты. Әжептәуір жасқа келдік-ау, бірақ ондай сыбызғышыны әлі көргем жоқ.

Сол жолы Ақымжан бар өнерін төкті. Ел не тарт десе, соған көніп айтқанын екі етпеген. Ондағының бәрін айтуға шама келмес. Тек ерекше есімде қалғанын сөз етсем: «Айдауықтың ащы күйі», «Балжыңгер», «Шыңырау», «Қыз күйдірме», «Тайшының тарғыл бұқасы», «Еужалған» күйлері дәл сол жолы тартылған еді. Әсіресе, «Тарғыл бұқаның» әуен-ырғағын есіме алсам, өткен күндерді қайта кешкендей аласапыран күй кешем. Қазақ өмірінің сан қилы қыры мен сырын осы аталған сыбызғы күйі сырбаз әуеніне түгел сидырғандай.

Күйдің тууы былай екен: Жау шауып елдің жылқы, сиырын қуа жөнеліпті. Бірнеше күн қуғын көрген мал әбден қалжырайды. Сол кезде бір дөнен бұқа артына бұрылып тұра қашпай ма. Күй осы оқиғадан басталып, бұқаны қайырмақ болған «қайт, қарасан, қайт!» деген біреудің жарқышақ дауысы мен бұқаның келсаптай төрт тұяғының дүрсілімен, сойылдың сартылы кеп қосылады. Бой бермей қуғыншыдан сытылып кеткен бұқаның солқыл қаққан желіс-жүрісін айт. Бүйірінің бүлкілін-ай! Жұртына таяғандағы кезең жерге келгендегі ышқына мөңірегенін айт! Одан кейін де үзбей желген желіс, жанкешті тыныс сезіледі. Мұндай жағдайды өлеңмен де, қаламмен де қалай жеткізерсің? Тек мұндай тылсым халды сыбызғы сазы мен сол сыбызғыны сұңқылдатудың шыңына жеткен Ақымжандай дарындар ғана өрнектеп бере алса керек.

Оның қара қурайдан істеліп, езуінен түспес сұңқыл үнді сыбызғысының терең сырынан шет қаларлық ештеңе жоқ. Өзіне тән тілмен нені болса да жеткізер еді. Сол күй тартқан жарты айда Ақымжан дана мұңлысы бар, шуақтысы бар, зарлы бар, арлысы бар, ащысы бар, армандысы бар... 120-ға тарта күй орындағанын кейін білдім. Соның бәрін кейін Құсайын ағамыз түгел нотаға түсіріп те кеткен-ді. Демек, Ақымжан сыбызғы тарту бәсіресі жөнінен тұрғысы ерек, орны бөлек тұлға десек жөн болар.

Ақымжанның жігіт шағында өткен бір тойда сыбызғы күйлерін домбырамен де алма-кезек орындау үстінде «Бұлғы сусарды» кезектестіре тартып, алдына жан салмапты. Ал күні бүгін талай қырнау, өңдеуге ұшырағанмен «Жорға аю», «Ақсақ аю», «Емен толқын», «Көк төбет», «Сары өзен», «Салкүрең», «Жалғыз қаз», «Беген шапқан», «Өрелі кер», «Майда қоңыр», «Дайынкөл», «Ұранқай мерген зары», «Кермарал», «Кер бұғы», «Қоңыр құлжа», «Жетім қыз», «Қоңыр күй», «Бөкен жарғақ», «Қалмақ қыз», «Күң зары», «Жалқы жігіт», «Алшаң кер», «Шыңырау», «Боз інген», «Майда жал», «Көк серке» сынды күйлер сол жолы тартылған көп күйдің ұзынырғасымен үзілмей келе жатқан асыл қазыналар. Осыларды домбырашы, зерттеуші Уәли Бекеновтің орындауымен де, сазгер Долдахмет Қасенұлының орындауымен де талай тамсана тыңдадық. Өз басым Шыңжандағы Іле қазақ автономиялық облысының төрағасы болып тұрған кезімде сыбызғышылардың санын анықтамақ болып тізім жасап едім. Сонда ең үздік делінген 42 күйшінің аты тіркеліпті. Оның ішінде Тарбағатай аймағында тұратын Ақымжанның жалғыз ұлы Алдажардың да аты анық жазылған еді. Қазір бүкіл қазақтың ішіне сыбызғы күйшілерінің тізімін жүргізсек осындай сан шыға қоюы екіталай. Осындай төлтума өнерімізді қайта қалпына келтірмесек мүлде көз жазып қалу қаупі бар.

Енді осындай ғажап сазды шығаратын сыбызғының жасалуынан да бірер сөз айтсам деймін. Сыбызғы негізінен қара қурайдан жасалады. Оны «сыбызғы қурай» деп те атайды.  Ұзын қурайдан жарты құлашқа жетпейтін мөлшерде кесіп  алады. Ол бунақсыз, жұқалтаң, сөйте тұра қатқыл берік келеді. Кепкен сайын ішкі үлбіреуік қабаты қураймен бірге кебеді де, дыбыс қашпайтын, қоңыр үн шығады. Осындай оңай аспаптың ортан белінен бір сызықтың бойында перне тесіктерін тесіп жасайды. Сол арқылы таңдаған үнді сыңсытып шығаратын саз сезімталдығы қажет. Бұл ерекше өсімдік Алтай тауын да ғана өседі. Осыған қарағанда Алтай тауынан алыстағы елде сыбызғы өнері болмаған. Ал Алтай тауындағы қазақтан басқа түркі тектес халықтарда осы сыбызғыға өте ұқсас саз аспаптары бар.

Міне, бұл елеусіз болса да еске алып, ерекше орынға қоярлық ерек өнеріміздің бірі.

0 пікір