Сәбидің тұсауы неліктен ала жіппен кесіледі?
Сәбидің тұсауы неліктен ала жіппен кесіледі?
4 ай бұрын 1352
Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ
Бауырынан табақ жүгірту


Туылғанына 5-6 ай болып, талпына бастаған сəбиді тез аяқтансын деген мақсатпен туыс-туған, көрші-қолаңды шақырып, баланың «бауырынан табақ жүгірту» ырымын өткізеді. Онда ауылдың өнегелі, инабатты кісілерінің бірі арнаулы дайындалған бір табақ асты қолына алып, оны талпынып тұрған баланың оң жа ғы нан сол жағына, сол жағынан оң жағына қарай өткізіп:

– Балапандай талпын да,
Аршында, бөпем, аршында!
Желмаядай желгек бол,
Қас тұлпардай сергек бол! – деген игі тілек білдіріп, табақтағы астан алдымен баланың өзіне дəм татқызып, қалған асты жиналған жұрт бөлісіп жеп, балаға ақ баталарын береді. Міне, бұл «бауырынан табақ жүгірту» деп аталады. «Бауырынан табақ жүгіртудің» де өзіндік мəн-мағынасы, ойға алған мақсаты бар. Талпынып тұрған бала бауырын ыстық тамақтың лебі шалғанда, жүйке клеткалары тітіркеніп, бойын тік ұстап, тезірек аяқтануға ұмтылады. «Ас – адамның арқауы» деп, омырау сүтіне қоса нəрлі тағаммен азықтанған бала тез жүріп, буыны тез бекиді.

Тұсау кесу

Баланың «бауырынан табақ жүгірту» ырымынан кейін, арада біраз уақыт өткен соң бала қаз тұрып, жүруге бейімделеді. Міне, осы кезде сəбидің ата-анасы «тұсау кесер» салтын өткізеді. Онда баланың аяғын ала жіп, майлы ішек жəне шөп тектес заттармен (орап) тұсап, білімді, өнегелі немесе ұзақ сапарларда көп болған жəне жүйрік, аяғы жылдам адамдардың біріне:

– Жүйрік бол, шауып кет! Қадамың сəтті, бақытың тəтті болсын, бісміллə! – деп тұсауды кестіріп жібереді.

Тұсауы кесілген баланы ата-анасы немесе жақын туыстарынан екі адам екі қолтығынан демеп ұстап:

– Қаз-қаз балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мəз болам.
Қаз-қаз болып, тез басып,
Қадамыңды жаз, балам!
Тұсауыңды кестік біз,
Күрмеуіңді шештік біз.
Қадамыңа қаз басқан, 

Құтты болсын дестік біз.
Қаз-қаз балам, жүре ғой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Шауып бəйге ала ғой!
Жүгір, жылдам, құлыным!
Желбіреп бір тұлымың.
Елгезек бол, ерінбе,
Ілгері бас, шегінбе!
Ала жіпті алайық,
Ақ əжеңе барайық.
Ержетті деп айтайық,
Шашуын жеп қайтайық, – деп жетелеп ары-бері жүргізіп мəре-сəре болады. Тұсау кесудің де өзіндік үлгі-өнегесі жəне ғылыми мəні бар. Тұсауы кесілген сəбиді сол күннен бастап үлкен-кіші бірінен соң бірі жетелеп, ұдайы машықтандырып отыратындықтан, бала тез аяқтанады. Ал, ала жіп орап кесу – балам адал болсын, арлы болсын дегені.

Қазақ салтында ала жіпті аттамайды. Шөп орап кесу – ұрпағым шөптей көп болып өсіп-өнсін дегені. Ал, майлы ішек орап кесу – балам бай-бақытты болсын, қадамы жайлы, қазаны майлы болсын деген игі тілегін бейнелейді.

0 пікір