Қыранның қазасы
Қыранның қазасы
10 жыл бұрын 5282 islam.kz
Бекен Қайратұлы

Қытай қазақтары арасынан шыққан үлкен ғалым, зиялы тұлға Нығмет Мыңжани (1919-1993 ж.ж) 1979 жылы Үрімжі қаласында шығатын «Шинжан әдебиет - көркемөнері» атты журналдың  12-санына  «Тінейдің сары құсы» атты этнографиялық жазба жариялаған екен. Осы туындыны қайтадан редакциялап, өңделген нұсқасын оқырмандарға ұсынып отырмыз.

Ертеде Алтай өлкесін мекен еткен Тіней атты атақты құсбегі  өтіпті. Бірде осы кісінің жалғыз тұяқ құла биесі бошалап кетіп,  Ертістің мұзының үстіне барып құлындаған екен. Қара құйрық, қара жал, еркек құла құлын туыпты. Иесі іздеп барса, жарықтық құла бие қамыс құлағын қайшылап елеңдеп өзеннің жағасына жалтақ-жалтақ қарай беріпті. Бұған не болды деп қараса: жағада құла биенің шуын жеп тояттап, қанаты суға малынып сауыс-сауыс боп қатқан сары бүркіт отыр екен. Тіней құсбегі бүркітті ұстап күпісіне орап алады да, жаңа құлындаған биесін айдап үйіне келеді. Бұл бүркіттің бітімі бөлек, тегеуірін тұяғының жебесі жырты қарыс екен. Құсты көргендердің бәрі: «Ақиық, қандыбалақ қыранның өзі екен!» деп мақтасады. 

Ғайыптан пайда болып қолына түскен сары құсты Тіней үш жыл түлетіп барып салады. Бірақ үміті ақталмайды. Тағы екі жыл түлетеді. Бұл кезде баяғы қаражал құла құлын бесті шығып, жақсы ат болады. Тіней құсбегі құла атына мініп, сары бүркітін көтеріп қыс бойы салбурын құрса да, ештеңе алдыра алмайды. Мұны көрген басқа саятшы-қүсбегілер: − Ей, Тіней құсың түлкі алса бүркіт, алмаса лау мінген шүршіт дейтін сөз бар, жалғыз атыңды қинап әуіре болғанша, аяқ бау, томағасын сыпырып қоя бер! - деп ақыл айтады. Сары құстың бітімі мен көрік-келбетінде бір кереметтің барлығын байқаған Тіней оны босатып қоя беруге қимайды, есік алдындағы қу түбірге қондырып байлап қояды. Сары құс анда-санда мыңқылдап шақырып қойып отыра берді.

Осы кезде елдің көп жылқысы жоғалып абыр-сабыр күн туады. Іздеушілер із кесіп жүріп, бейсауыт бір адамды «жылқы ұрыларымен сыбайлас» деп ұстап әкеліп, аяқ-қолына ауыр кісен салып қояды. Ол сорлы кісенін сүйреп үйлерді қыдырып тамақ асырап жүреді. Бірде әлгі адам кісенін салдырлатып Тінейдің үйіне келеді. Есік алдында қу түбірге қонып отырған сары құстың мыңқылдап шақырған  үнін естіп: 

− Қайран қыраным-ай, Алтайдың алты асқарын асып сен қайдан келіп едің, алты қабат Алатауды басып мен қайдан келіп едім? – күңіренеді. Бұл сөзді естіген Тіней:

− Ей, сорлы сен бұл құстың тегін танып, тілін білетін кісідей сөйледің-ау, бұл саған «Алтайдың алты асқарын асып келдім» деп тіл қатты ма?- деп сұрайды.  

− Күллі құсбегілердің атасы жалайыр Шора:   

Ақиық Алтайға кетті,  

Ақшегір Нарынға кетті,

Қарагер  Боғдаға кетті.

Сабалақ сары сауырға кетті, - деген екен, мына қолыңдағы құс сол жалайыр Шора айтқан «Алтайдың ақиығы». Құстың оң иығындағы ақ жүн адам алатындығының нышаны, сол иығындағы ақ жүн аң алатындығының айғағы. Бұны аңға салмай тұрып оң иығындағы ақ жүнді қиып тастау керек. Әрі бұл қыранның ер сүйегі бармақтай екі топшысының ұшында екі тегеуір тұяғы бар, бұл қатардағы құс емес, Ақиықтың ішіндегі қыраны. Бұл сөзді естіген Тіней:

− Рас айтасыз. Бұл құс қолға түспес асыл қыран деп өзімде ойлаған едім, бірақ үш жыл түлетіп салсам да, тышқан мұрнын қанатпады!

− Аң алмайтын құс жоқ қайыруын тапса деген, бұл құсты қалай түлетіп, қалай қайырып едіңіз? Бұл сұраққа таңданған Тіней:

− Құсты қалай түлетіп, қалай қайырудың баяғыдан келе жатқан дәстүрі бар емес пе, жаздай суыр етімен түлетіп, бөртпемен жүндетіп, ақ жеммен қайырдым, - дейді.

− Бұл әдеттегі құс емес, өзгеше құс, мұның бабы да өзгеше - дейді тұтқын. – Жаз шыққанда аяқ бауын алда қоя бер, жаз бойы емін-еркін шалқып ұшып жүрсін. Қашып кетер деп қорық па, сен оған сенсең, ол саған сенеді, сені тастап кетпейді. «Қазанның қара дауылы» түскенде ұстап тұғырына қондыр да, ту биенің қазысымен қайыр, қыс бойы жерге түспейді, көзіне көрінген аңды жібермейді. Мұның тағы бір шалт мінезі кешке аңнан қайтқанда елігіп кез-келген адамды көкке көтеріп ұшып ойнайды, қасыңдағы қағушыңа құлын жарғақ кигізіп арқасына ергеншек таңып қойғайсыз...

Тіней құсбегі тұтқынның ақылына сүйсініп, оны кепілдікке алып,  аяқ-қолын кісеннен босатып еліне аттандырады. Осы тұста баяғыда бес жыл бұрын қаражал құла құлын тапқан Тінейдің құла биесі қатарынан бес жыл қысырап, семіздіктен шайлап жүре алмай, күздің қара суығы түскенде жон арқасы жарылып өледі. «Іздегенге, сұраған» дегендей Тіней құсына осы биенің семіз қазысын беріп қайырады. Күйі келген сары құс қыстағы салбурында көзіне көрінген аңды қалт жібермей ұстайды. Күн батып аңнан қайтқанда елігіп ұшып қолға қонбай кергіп, кұлын жарғақ киіп арқасына ергеншек байланған қағушыны қағып алып көкке ұшып, құмары қанған соң қайта әкеліп жерге қойып ойнайды.

 Қыс өтіп саятшылық маусымы аяқтаған соң Тіней құсының аяқ бауын алып қоя береді. Ол күні бойы емін-еркін ұшып жүріп, кеш бата кез-келген үйдің шаңырағына барып қонады. Сары құстың шаңыраққа келіп қонуын «құт қонудың нышаны» деп білген жұрт оған қонағасы беріп, мейман ететін дәстүр қалыптасады.

Содан күндер өтіп сары құстың атағы ат жетер жерге жайылады. Бірде Тіней құсбегі салбурынның соңғы қызығын көрмек болып аңға шығады. Биікке шығып томаға тартқаны сол еді, қолындағы құсы тілеп ұшады да, бір терең шатқалдың үстіне барып тік шаншылып құлдилап кетеді. Тіней атымен шауып жетсе, шатқалдың іші астан-кестен. найзағай жарқылдап сарала сағым ойнайды. Барайын деп ұмтылса астындағы құла аты ышқынып үркіп, апыр-топырдың маңын жоламайды. Кешікпей күн ұясына батып, жұлдыз жамырап, жер жаһанды қараңғылық бүркейді.

Ертеңінде таң сәріде Тіней ел-жұртты жинап барса, сары құс тастың үстінде түк болмағандай таранып отыр.  Сөйтсе, адам бармайтын терең шатқалда алып айдаһар жылан бар екен бүркіт соған барып түскен де, оны өлтіріп, басын мүжіп тояттап отырған түрі екен. Айдаһардың жайрап жатқан жемтігін көрген жұрт еріксіз таңдай қағады.

Тағы бірде сары құс балдақтан тіленіп ұшады да, самғаған бойы жапан түздегі жалғыз теректің ұшар басынан шүйіліп екі түсіп, екі рет қайта  шығады. Тіней атына қамшы басып, әлгі құс шүйіліп жүрген жалғыз теректің қасына келсе, еңгезердей бір адам теректе қыл арқанмен байлаулы тұр. Сөйтсе әлгі адам көптен бері көтеріліп ауырып, ешқандай дауасы табылмаған соң, ағайындары бір бақсының нұсқауымен осы терекке әкеліп байлаған екен. Бұл арада қанша уақыт байлаулы тұрғанын оның өзі де білмейді. Есін бір жиса аспаннан бір бүркіт шүйіліп келіп, әуелі оң иығыма қонып, одан қайта көтеріліп сол иығыма қонғанын көріпті. Содан арада сүт пісірім уақыт өткенде құлантаза сауығып кеткен.  Бұл оқиғаға куә болған құсбегі қынынан пышағын суырып қыл арқанды қиып, ауруды босатып үйіне апарып салады.

Сары құстың арқасында Тінейдің де атағы аспандайды. Бірақ жазымыштан озымыш жоқ құсбегі кенет айықпас дертке шалдығып, төсек тартып жатып қалады. Дауасыз дертке тап болғанын сезген құсбегі, туған-туыстарымен арыздасып: «Мен өлген соң жаназаға жиналғандарға құла атты сойыңдар. Бүркітке осы аттың қазысын жегізіп, аяқ бауынан босатып қоя беріңдер» деп көз жұмады.

Құсбегінің өсиеті бойынша сары құстың аяқ бауын алып, бостандыққа қоя береді. Бүркіт самғап ұшып, ақша бұлтқа сіңіп көзден ғайып болады. Келесі жылы ел-жұрт жиналып Тінейге ас береді. Сол сәтте ақша бұлтты қақ жарып сорғалап жеткен сары құс жер ошақтың басына келіп қонады. Жер ошақтың басындағылар оған асқа сойған жылқының өкпесін лақтырады.  Оны іліп алып аспанға көтерілген бүркіт әбден биіктеп алған соң шеңгеліндегі өкпені  жемей жерге тастай салады. Шырқау көкте қалықтап әрі-бері ұшады. Кенет қанатын қомдап, ас беріп жатқан ауылдың шетіндегі зиратқа қарай атқан оқтай шүйіледі. Тарс еткен дыбыс, бұрқ етіп көкке көтерілген шаңнан кейін, жиналған қауым зират жаққа жүгіреді. Олар Тінейдің зиратына соғылып өлген сары құстың  талқаны шыққан жемтігін көрді.

1 пікір
  • Аянышты екен. . . Менің әкем де бір кездері құсбегілікпен айналысып, бүркіт баққан. Балапан кезінен баптаған әкем, бүркітті аңға шығар жасында обалына қалмас үшін ауданымыздағы (Алматы обл. Райымбек ауданы) құсбегілікпен айналысып, жарыстарға шығып жүрген Сейітжан ағаға тапсырған болатын. Бұл 2000-жылдар еді. 2008 ж естігенімізде біз баққан бүркіт жарыстарға шығып, жүлделермен оралып жүр екен. Әкем бүркітті берген сол әрекетіне қуанды. . .
    10 жыл бұрын