Қыранды қолға түсіру тәсілдері
Қыранды қолға түсіру тәсілдері
3 жыл бұрын 1849
Арманбек Күнтуған

Қазақ бүркітті: «Құстың төресі», - деп әспеттеген. Оны қолға түсірудің сан қилы айла-тәсілдерін білген. Атап айтқанда: киіз үйдің керегесіне салмағы жеңіл адамды таңып-байлап, оған арқан тағып биік құзда орналасқан бүркіттің ұясына төбеден салбыратып түсіру арқылы балапанын алу, тор құру арқылы түз бүркітті ұстау, тояттаған бүркітті атпен бастырмалатып қуып ұстау, қақпан немесе тұзақ құрып қолға түсіру, жемтұзақ құру, сусоқты құсты қуып ұстау, қолбала мен түз бүркітті шеңгелдестіріп ұстау, шырақ жағып немесе жаба тоқып ұстау сияқты көптеген әдіс-тәсілдері бар.

Ұядан балапан алу. Бұл ең көп тараған әдіс. Оның бір түрі жоғарыда айтқанымыздай керегеге адам таңып ұяға түсіру арқылы іске асады. Екіншісі, құс ұя салған аумақтың ыңғайына қарай беліне арқан байлап, ұяға адам түсіріп балапан алуға да болады. Ол үшін желсіз тымық күн таңдалады, әрі өте епті адам ұяға түседі. Арқан байлап түскенде оның төменгі ұшындағы адам айналып кетпес үшін қолына қысқа бақан ұстатып қояды. Ұяға түсуші адам балапанды орап құндақтап алып шығады. Қазақ ұядан алынған құсты «Қолбала» деп атайды.

Ұядағы балапанды үркітіп ұстау. Бұл тәсілді қолдану үшін балапанның қанаты қарайып, марқайған кезін күту керек. Сол сәтте төбеден арқанға байлап, балапанды шошытып-үркітетін заттар түсіреді. Ол көбінесе салдырлаған ыдыс-аяқ, жеңіл темір-терсек болып келеді. Темір-терсектің салдыр-күлдірінен үріккен балапан ұядан құлап ұшады. Оны етекте, яғни төменде күтіп тұрған адамдар ұстап құндақтап алады. Егер де балапан тым жас болса, сол маңдағы адам аяғы жетерлік биікке жаңадан ұя салып, балапанды аяғынан арқандап тастап қояды. Ұябасар анасы балапанын тауып  асырай береді. Балапан қара қанаттанған тұста ен салып, иелік еткен адам алып кетеді. Мұндай жағдайда құсбегілер балапанды қанаты қарайғанға дейін маңында күзетіп қонып жүреді.

Шырақ жағып ұстау. Ол үшін айсыз қараңғы түнде қонағында ұйықтап отырған түз бүркітке аса ептілікпен дыбыс шығармай таяп келіп, қолдағы ұзын сырықтың ұшына өткір шырақ жағып ұйқылы бүркіттің көзіне ұстайды. Бүркіт есін жия алмай отырып қалған сәтте мойнына құрық салып ұстап алады.

Тор құру әдісі. Бұл өте кең таралған тәсіл және тор құрудың көптеген түрлері бар. Тор аспандағы құсқа айқын көрінетін ашық, ұрымтал жерге құрылады. Торға бүркіттің көзіне түсе бермейтіндей берік, әрі жіңішке жіп таңдап алынады. Тордың көлемі: биіктігі – 1-2 құлаш, шеңберленген түрде диаметрі – 10-15 құлаш болады. Ішіне тірі аң-құсты байлап қояды. Тәжірибелі құсбегілер көбінде құзғынды тордың ішіне байлайды. Себебі, құзғын бүркіттің ұясына түсіп, жұмырқасын тесіп, сарыуызын ішіп кететіндіктен екеуі бір-біріне өте өш келеді. Әрі құзғын аштыққа шыдамды, ұзақ уақыт байлаулы күйінде тұра береді. Сонау биіктен  жердегі құзғынды көрген бүркіт шүйіледі, сол сезде құзғын жанұшыра далпылдап тордың ішінде қашады. Құзғынды шүймекке төніп келген бүркіт торға шырмалып ұсталады. Торға шырмалған бүркітті жазып алу үшін де ептілік қажет. Оның қанат-құйрығын сындырып алмай өте еппен қимылдаған дұрыс. Сондай-ақ бүркіт пен үкі бір-біріне өш болғандықтан торға үкіні байлайтын құсбегілер де кездеседі.

Қақпан құрып ұстау. Ұсақ аңдарға (суыр, түлкі, тараққұйрық т.б.) арналған қақпаның серіппесін бостау етіп, (қыранның аяғын қиып кетпес үшін) қандыаузына жұмсақ зат (киіз, мата) орап биік жерге құрады да, қақпанның маңына жем тастап, қасына сарша, қыранқара, кезқұйрық сияқты бүркіт тектес құстарды байлап қояды. Ол құстардың алдындағы жемді жұлмалап жеп отырғанын сонау биіктен көзі шалған бүркіт іркілмей келіп жемге (қақпанға) түседі. Кейбір жағдайда құсбегілер түз бүркіттің жеп отырған жемін көрсе оны үркітіп жіберіп жоғарыдағыдай қақпан құрып кетеді. Тастап қашқан олжасына қайта оралған бүркіт қақпанға түседі. Бұл тәсілді құсбегілер «жемтік айыру» деп атайды.

Бүркітті тояттатып ұстау. Кәнігі құсбегілер бүркіт жиі көрінетін аумаққа арнайы жемтік тастайды. Жемтікті тастау үшін де жердің ыңғайы таңдап алынады. Бір жағы жазық, келесі жағы өрлеуіт болуы керек. Аш бүркіт жемтікке түсіп, әбден тойған кезде ұшқыр жүйрік атты әзірлеп дайын отырған құсбегі еңіс жақтан келіп, тұра ұмтылады. Тояттаған құс өрлеуіт жаққа қарай ұша алмай қанаты далпылдап жер бауырлап қашады. Сол кезде қуып жетіп ұстап алады. Сол сияқты кейбір бүркітшілер далаға кесек-кесек ет тастап, оның ішіне жұмыр тас салып қояды. Етті көрген бүркіт көктен шүйгіп келіп, жағалай қылғытады. Тас толы ет құстың асқазанын керіп ұша алмай қалады. Кәнігі құсбегілер құсты ұстап алған соң, ішіндегі тасты әдіс қолданып қайтадан құстырып тастайды.

Жем тұзақ құру. Өлген малдың ойынды еттін сылып алып, оны жіңішке жіппен орап домалақтайды. Жіптің бір ұшын қазыққа байлап тастайды. Аш бүркіт алыстан келіп домалақ етті жұтып жібереді. Асқазанға түскен жұмыр еттің қазыққа байланған түбі бүркітті ұшырмай ұстап қалады.

Жаба тоқып ұстау. Бұл тәсілді жазық өлкенің құсбегілері көп жасайды. Өйткені, бүркіт жазық жерге қона бермейді, сол себептен құсбегілер дала бүркіт көп жүретін аумаққа биік оба (тас үйіп) тұрғызады. Оған бүркіт міндетті түрде келіп қонады. Сол обаның қасына киізден үйшік тәрізді жаба жасап, ішіне қоян немесе түлкінің күшігін бос қояды. Оны көрген бүркіт жабаның ашық төбесінен түсіп аңды ұстайды. Сол сәтте арнайы жіптер босап, жаба құстың үстіне құлап, басып  қалады.

Шеңгелдестіріп ұстау. Түз бүркіті көрінген кезде қолға әбден үйренген қолбала бүркіттің шеңгеліне түспейтіндей етіп жем байлап, қатар ұшырады. Қолбала өзінің тектесімен жұптасып ұшу үшін қасына барады. Сол кезде түзде жүрген аш бүркіттің көзі қолбаланың аяғындағы жемге түседі. Екі құс шеңгелдесіп бірін-бірі сүйреп жерге қонады. Сол сәтті аңдып отырған құсбегілер түз бүркітті ұстап алады.

Шалғысын қырқып атып ұстау. Бұл өте-мөте мерген адамның қолынан келетін шаруа. Мерген жақын маңына қонған түз бүркітті аңдып отырып, оқпен шалғысын қырқып  атады. Кенеттен шалғысы қылқынған құс бастабында ұша алмай қалады. Сөйтіп қолға түседі. Құстың шалғысы кешікпей жетіліп кетеді.

0 пікір