Құдалыққа кімдер барады?
Құдалыққа кімдер барады?
11 ай бұрын 5652
Марат ТОҚАШБАЕВ

Құдалық – қазақ халқының әдет-ғұрпында ерекше орны бар дәстүр. Ол құдаласу арқылы жегжаттық қатынастарға бастайтын алғашқы ресми қадам. Құдалық ата-аналардың алдын ала келісімі бойынша болсын немесе қыз бен жігіттің уәделесуі арқылы болсын байланыстардың басы. Қазақтың дәстүрлі некелесу салтында ата-аналардың ризашылығы – ең басты шарт.

Құдаласу – ата-аналардың қалыңмал, той мәселелерін өзара келісе отырып шешуінің кілті. Қазақтың құдаласуы әдетте үкі тағу дәстүрінен басталады. Тіпті бесікте атастырылған күннің өзінде де үкі тағу рәсімі жасалады. Үкі тағу басы бос бойжеткен қызды меншіктейтін, оның айттырылған жері бар екендігін көрсететін дәстүр. Үкі тағуға әдетте жігіт жағының ең жақын үш-төрт туысы барады. Ата-анасының бірі болады. Екі жақ келісімге қол жеткізген жағдайда құдалық уақыты белгіленеді.

Құдалық – қызды айттырғаннан кейінгі екі жақтың қарым-қатынасындағы ең бір шоқтық рәсім. Халқымызда бұл рәсімге айрықша мән берілген. Өйткені, құдалықтың қалай өткені екі жақтың қарым-қатынасына ғана емес, екі жастың келешек тағдырына да әсер ететін болған. Жігіт жағы ұялмайтындай “мығым” болып баруға тырысса, қыз жағы құдаларын лайықты күтіп алуға ұмтылған. Әрине, екі жақ та көрпесіне қарай көсіледі.

Жігіт жағынан құдалыққа баратындардың саны әдетте 3, 5 немесе 7 адам болады. Одан көбейту әбестік саналады. Құдалық құрамын әдетте бірінші кезекте үйленетін жігіттің әкесі мен шешесі, атасы мен әжесі, ағалары мен жеңгелері, жалпы қан жағынан немере туыстары қосылады. Олар құдалық құрамын толтырмайтын жағдайда алыс ағайындар мен нағашылары шақырылады. Оның да реті болмаса, жігіт әкесінің сыйлас достары қосылуы мүмкін. Құдалықты бастап баратын беделді, жасы үлкен адамды бас құда деп атайды. Ол мүмкіндігінше сөзге шешен, арғы-бергі жағдайды жетік білетін көшелі адам болады. Құдалыққа барғанда көсемсөзді ұстайтын сол кісі. Жігіт жағынан жолы үлкен құда бауыздау құда аталады. Жігіт әкесінің одан кейін жолы үлкен аға-інілері барған болса, ол – омыртқа құда деп аталады. Жігіттің нағашылары жағынан келген адамдар – қабырға құда аталады. Ал жігіт әкесін әдетте бел құда деп атайды. Құдаласатын тараптардың әйелдері бір-біріне құдағи, қыздары – құдаша болады. Үйленетін қыз бен жігіттің інілері қарсы жаққа – құда бала.

Құдалыққа баратындар алдын-ала ақылдасу арқылы анықталады. Бұл үшін міндетті болмаса да көп жағдайда жақын туыстар “ақылшайға” шақырылады. Құдалыққа баратын адамдар іріктелетін кезде туыстық жолы катаң сақталады. Жігіт ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың баруы парыз. Ағайын арасында ренішті жағдайлар орын алып жүрсе де жолына қарай әулеттегі осындай елеулі окиғаға қатысуға; шақыру міндетті. Осындай қадам арқылы ағайындар бір-бірін құрметтейтіндігін білдіріп, ренішті жуып-шайып жатады. Кей жағдайда осындай шараларды орынды пайдалана отырып, туыстық қатынастарды біріктіре түсу ақылдылық болып табылады. Ағайындардың татулығы құдалардың алдыңда да сын екендігін естен шығармау керек. Бұл ғасырлардан бері тіні үзілмей келе жатқан туыстық институтының жазылмаған алтын заңдары. Жақын туыстар өз еркімен бас тартқан немесе реті болмай калған жағдайда оның жолы одан кейінгі адамға ауысып отырады. Бұл тәртіп бұзылған жағдайда ағайын арасында өкпе-реніш туындайды, алауыздық қоздайды. Ағайын арасы ашылып кетеді. Жөн-жосық білмейтін адам ретінде туысқа құрмет сезімі кемиді немесе жойылып кетеді. Құдалыққа қан туыстығы жоқ адамдарды ертіп бару жігіт жағының туыстарға кемдігін, ағайынының аздығын, басына күн туғанда демейтін жақындарының жоқтығын көрсетеді. Сондықтан құдалыққа баратын адамдарды іріктеудің өзі туыстық саясатты ұстану деген сөз. Қарсы жаққа өздерінің жан-жақты, ағайын-туыстарының мол екендігін көрсететін ишара.

Бұл айтылған жайттардың барлығы қазақ халқының ежелден келе жатқан құдалыққа адам іріктеу дәстүрінің жөн-жосығы. Кеңестік империяның бодандық саясаты қазақ халқының туыстық институттарының іргетасын шайқалтуға тырысты. Алкогольді ішімдіктерге нысаналы түрде үйрету арқылы адамдардың азаттыққа ұмтылысын тұсау, құдалық қадір-қасиетті ескіліктің қалдығы ретінде жоюға ұмтылу көрініс берді. Осының салдарынан бірқатар буын халықтың ғасырлар бойы жалғасқан әдет-ғұрып, салт-санасынан адасып қалды. Қазақтың ағайын-туыстық, жегжаттық байланыстары әлсіреді. Дәстүрлі әдет-ғұрыптарымыздың реті шатасып, әркім ойына келгенін істейтін жағдайға жетті. Жөн-жосық білетін адамдар азайды. Соның сал дарынан ұлтымызда жоқ, ешқашан болмаған кейбір ғұрыптар “ойдан шығарылып” қосылды. Бүгінгі таңда қазақтың құдалық дәстүрінің тіні сақталғанымен, оның ұзынырғасы көптеген өзгерістерге түсіп кетті.

Келе жатқан жаһандану үдерісіне қай ұлттың да қарсы қоятыны ұлттық құндылықтары, әдет-ғұрпымен дәстүрлері. Жұтылып кетпей, сақталуы үшін жандандыратыны да осы дүниелер! Ескіліктің сарқын шақтары деп дәстүрлерімізді шетінен ысырып тастасақ немесе өзгертеміз деп дала заңдары мен имандылыққа жат нәрселер қосып жіберсек, ұлт мәдениеті жойылып кетпек. Ең бастысы, көне дәстүрлеріміздің бүгінгі күнге лайықты дәнектерін қалдырып, оған үйлеспейтін кебектерін тастауға болады.

Құдалыққа кімдер барады? Басты тақырыбымызға оралар болсақ, жоғарыда келтірілген негізгі қағидаларды ұстанған жөн. Құдалыққа бірінші кезекте үйленетін жігіттің әкесі жағынан қан туыстары барады. Жақын туыстары тұрғанда атақ-абырой үшін құдалықты бөгде адамдардан жасақтау – туыстарын менсінбеушілік пен тәкаппарлықтың белгісі.

1 пікір
  • ★★★★

    ✅✅✅✅ 15 ООО рублей в день работая 15-20 минут за компьютером или ноутбуком!

    ✅ Pабoта для жeлaющих сaйт http://delocentr.ru

    ★★★★
    11 ай бұрын