Қасқырлар мен жылқылар хикаясы
Қасқырлар мен жылқылар хикаясы
8 жыл бұрын 10958 argymaq.kz/
Қасым Тәукенов
Құлын үшін шайқас

hulyn ushinМенің жас кезімде біздің үйде құлақасқа бие болды. Өзі жуас еді. Кешке құлынын ағытып, жайылымға жібереміз, таңертең бие байлар уақытта үйге өзі келетін.
Бір күні бие уақытында үйге оралмады. Атам тауып алып кел деп мені жіберді. Есілдің жағасындағы талға жақындағанымда біздің биенің қасында бір иттің шоқшиып отырғанын көрдім. Онда жұмысым болған жоқ. Биені тез тапқаныма қуанып, үйге жеткізуді ойлап келемін.
Мен жақындағанда бие оқыранып қоя берді. Өзі әбден қара суға түсіп терлеген, қалш-қалш етеді.
Дәл жанына келіп, биенің түрін көргенде барып әлгі шоқшиып отырған ит емес, қасқыр екенін ұқтым. Сірә, таң атқанша бір орнында тұрып, теуіп, тарпып, құлынын бауырына таяу ұстап, анау жауызға бермегенге ұқсайды.
Құлын да қалш-қалш етеді. Байғұс аузын ашып, малжаңдап бірдеңе дегендей болады. Бөтен жылқы тістегенде құлындар тура осылай аузын қаяздап, жалынғандай белгі жасайтынын бұрын талай көргенмін.
Биеге жетіп келісіммен-ақ жүгенсіз, ноқтасыз ырғып мініп, енді жүргізейін десем, жануар аяғын әзер-әзер басып орнынан қозғалды.
Қазір кейбір айғырлардың өз үйірінен қасқырға жылқы бермейтіндері бар. Ондай айғырлардың үйірін қасқырлар да біледі.

 

Қасқырға тасталған бұғалық

kaskyr 2…Осы жерде әкейдің басынан кешкен бір оқиғасы ойыма келеді. Әкей аңшылықты кәсіп еткендіктен де болар, бір жүйрік кер атты өз меншігінде ұстады. 1950 жылы қыстың басында бір қасқыр қайта-қайта жылқыға шауып, маза бермейді. Әбден ызасы өтіп, қолға түспей жүрген қасқырдың соңына кері атпен құдиып береді ғой. Содан қайда қашса да құтқармайды, Ыбырайдың қорасының маңында қасқырды қуып жетеді. Жыртқыштың ызасының өткендігі сондай, оны сойылмен соқпай, құрықпен бұғалықтап ұстап алады. Сол күйінде жылқышылардың ортасына алып келген ғой. Әбден тістерін қайрап жүрген жылқышылар жырынды жыртқыштың терісін тірідей сыпырып алып, өзін қоя берген. Қасқыр сонда да қасқырлығын жасап, отыз метрдей жерге барып жығылыпты.
Бұл әкейдің жылқышылар ызасын бір бассын деп әдейі тірі қолға түсіру үшін құрықпен ұстап жүргені ғой, әйтпесе кері атпен талай қасқыр соққанын көріп жүрдім.
Бірде Аққошқар маңында кері атпен қуған қасқырын әдейі біздің алдымызға көрсетуге әкелгендей көлденең өте берді де, жанасалай түсіп, арланды аяғынан сілтеп қалды. Қасқыр домалап кетті. әкей қайрылып келді де алдыңғы жіліншігі үзіліп жатқан қасқырдың тұмсығынан тағы соқты. Бұл жолы бөрі сеспей қатты. Мұндай әдісті әкей әдейі қапы кетпес үшін жасайды екен.

 

Кек солай қайтты

shalmaЖасымда көп жылдар жылқы бақтым. Үйірден таңдап тобылғы торы деген жүйрік атты мініп жүрдім. Сол кездің бір қысқы күнінде әлі де есімнен кетпейтін оқиға болған еді.
Сырғыма жүріп жатқан болатын. Жылқының сыртын айналып жүрмін. Бір мезгілде оң жағыма, далаға қарасам, тойып алған нән қасқыр кетіп барады. Бір жердің малын жайратып барасың-ау, жауыз, деп ойладым.
Қууға ыңғайланып қарманғанда барып есіме түсті. Сол күні бір жолдасым мылтығымды қоярда-қоймай сұрап әкеткен. Енді не амал жасауым керек? Қолымда құрығым ғана бар, әрине, құрық қасқыр соғатын сойылдай болмас.
Дегенмен тобылғы торыны қасқырдың соңына салып, басын жібердім. Қасқыр да мені көре сала жөнеп берді. Қуып келемін, нән бөрі анда-санда тұра қалып, лоқсып-лоқсып жіберіп, ішіндегі етін жентегімен түсіріп жеңілденіп алады.
Жүйріктің аты жүйрік қой, тобылғы торы қыза келе бауыры жазылып шапты. Қасқырға жетіп те алдым. Құрықты бір-екі рет сілтеп едім, тұмсығына дәл тигізе алмадым. Үшінші рет пәрменмен сілтесем керек, қасқыр бұғып қалғанда, құрық екпінімен қолымнан шығып кетті.
Енді тіпті жалаңқол қалдым. Қасқырдың әбден еті үйреніп алды ма, қолымда қаруым жоғын білді ме, әйтеуір бағанағыдай ышқына қашпай, қасымда жанасалап келеді. Әбден ызамды келтірді. Мынадай қолға түсіп тұрған қасқырдан айырылып қалу мен үшін кешірілмес күнә. Сонда не істеуім керек деп ойладым.
Бір кезде «әй, не болса да!» — деп, үзеңгіден аяғымды шығарып алып, дәл жанымда келе жатқан қасқырдың үстіне секіріп түстім.
Ұмар-жұмар құлағанмен, қас қағымдық қана әрекет, қолым қасқырдың құлағына тиді. Екі құлақтан қарыстыра ұстасаң бұл бөрі дегенің неше жерден алып болса да тырп ете алмайды екен. Мінез-құлқы жылқы малы тәріздес пе деп қалдым, асауды қыл арқанмен құрық салып ұстағанда, екі құлақтан шап беріп қысып, төмен тұқыртқанда күшіңнің артықтығын білдіре алсаң, қара терге түсіп, қалшылдап, сасқанынан енді саған қарсылық білдірмей, ыңғайыңа қарай беріле бастаушы еді. Мынаны да сол күйде атша үстіне мініп, тақыммен қысып алғанмын, екі аяғыммен оның алдыңғы екі аяғын бүктіріп, тұмсығын жерге тигізе басып тұрмын. Ақырын шыжымдап, бір қолыммен белімдегі белбеу жіпті шешіп алып, қасқырды ноқталап байладым. Кім біледі, тартынғанда шығып кетер деп, қалтамнан пышағымды алып, артқы екі тілерсегін қиып жібердім. Жауыз, қайсар ғой, қыңқ етпеді.
Сол жерде қасқырды байлап-матап тастап кеттім. Қосқа барып, шана жегіп алдым да оны жылқышылардың ортасына әкелдім.
Өзге жұрт та қасқырды онша жақсы көре қоймас. Ал жылқышы қауымның ең қас жауы, ең аңдысатын бірінші жауы осы қасқыр. Солармен аңдысып, қандай түтеген боранда аттан түспей, айсыз түнде жылқымен бірге тебінде түнейміз. Ел бетін көрмей, далада жүріп тағылық өмір өткіземіз. Сөйтіп жүргенде еңбегіңді еш қылып, қапысын табады. Бағып жүрген малыңды жайратып кетеді. Сондықтан бізде оған деген кек еш таусылмайды. Әлгіндей оны қорлауымыз сондай ызадан туып жатса керек. Ол да бізді оңдырмайды, біз де қолымызға түскенде оны оңай өлтіре салмай, жазалап барып өлтірдік.
Енді бірде, аң аулап жүріп, аяғынан жараланған қасқырдың үстіне, баяғы сол әдетім бойынша, секіріп міне берген кезімде, балтырыма бас салды. Кигенім қалың мақта шалбар, аяғымда пимам бар еді, сонда да тістері батып жанымды сығымдап әкетіп барады. Тұмсықтан ұрып, аузын ашпақ болған әрекетімнен ештеңе шығатын емес. Осы өмірімде мұндай ағыл-тегіл терлеп саспаспын, жаныма батқаны сондай, жылап жіберіппін. Не істеу керек?! Әйтеуір, абырой болғанда, қалтамда өткір пышағым болатын, ала салып қасқырды бауыздай бастадым. Жаны шығып, есінен танған кезде ғана ауызы босаңсып, «уһ!» — деп, аяғымды суырып алдым-ау. Құдай сақтап, бір ай емханада жатып, әзер тәуір болдым.

 

Бие жегіш жыртқыш

Bie zhegishҚарапайым еңбегімен осы өңірге атағы кең жайылған тәжірибелі жылқышы Сұлтанхамит ақсақалдың үйірінен әдейі өшіккендей дала бөрісі ылғи бір жылқысын жайратып кететінді шығарды. Соңғы екі-үш жылда оншақты жылқыны мерт қылды. Таң қаларлық жай, жас, тай-жабағыларға, құнан, дөнендерге тимей, жуан қарын мама биелерге ауыз салатындарын қайтерсің. Біздің таңданғанымыз, әлгі мама биелердің бүйір тұсынан, не шабынан жарып жіберіп, қартасын ғана жейді де, сан етінен азырақ сәл-пәл ойып алып, ауыз тиетіндей қылық жасайтындай көрінеді. Басқа еш жеріне тіс тигізбейді. Қасқыр тартып, мерт болған биелердің қай-қайсысын алма құлаштай ұзын құйырығы қашан келсең де дәл қасында, онша қашық емес жерде жұлынып жатқанын көресің. Үйірге жолаған сайынғы істейтін әдеті осы. Кешегі құлатқан биелерге бүгін жанынан өтіп бара жатып бұрылып та қарамайды. Қалайтыны жылы-жұмсақ, қарта мен бір кесек сан ет. Қасқырдың мұндай таңғажайып қылығын зерттей келе біздің анықтағанымыз оның жалғыз екендігі, тау жақтан бір ізбен келіп, сол ізімен кері қайтатындығы. Ерсілі-қарсылы жүрген ізіне қақпан құрып та көрдік, ештеңе шықпады. Өте сақ, сезімтал, қар астындағы қақпанды айналып кетіп отырады. Ыза кернеп, кіжініп, аңдып жүріп, соңына түскен жігіттер ақыры қоярда-қоймай соғып алды-ау, әйтеуір. Қаншық қасқыр екен. Жуан қарын биелерді әдейі таңдап алып, неге құлата береді екен десек, оның мәнісі олардың денесінің ауырлығында, салмағында болып шықты. Жалғыз болған соң бұл сұм келген бетте тебіндегі мама биенің құйрығына жармасып, сіресе тартып, әуіре-сарсаңға салады екен де, састырып, үркітіп қалың қарға омбылатып, содан соң жіберіп қалып, сүріндіретін көрінеді. Сол мезетте ол жалғыз өзі оп-оңай шабын жара салатынға ұқсайды. Бағанағы айтқанымыздай биелердің сала құлаш құйырығының да жұлынып жататыны содан болса керек. Тай-жабағы секілді кәкір-шүкірді қуып әуіре болып, машақатқа батып қайтсін, ту, нән, мамырлай басқан мама биелер тұрғанда. Бұл да оның көру тәсілі. Жалғыз болған соң тапқан жыртқышқа тән айласы ғой.

 

Тебіндегі қарақшы

TebindegiКөшербай қарттың меншікті бір үйір жылқысы қысы-жазы бағу-қағусыз жапан далада, Қоянды-қойтас өңірінде тебінде жүретін еді. Анда-санда жылқышылардан, жоқ іздеушілерден олардың қай жерде, қай шамада екенін сырттарынан жай ғана сұрастыратын да қоятын. Жоғалып кетеді-ау, ит-құсқа жем олады-ау деген қауіп жоқ бұл кісіде. Ұры-қары болсын, қасқыр болсын Көшекеңнің жылқыларына жолап көрген емес. Ол кісінің айбары мен ызғарынан қаймығып, беттей алмайды. Өйткені, бұлардың бірі оның атағына қанық болғандықтан әрі ығып, қадір тұтса, екіншісі сөзсіз қорқады. Қорықса олар қорыққандай еді. Оған Көшекеңнің өзі ойлап тапқан қуылығы бар. Ол жылқыларының ішіндегі ең жуастарының біріне қыста ер-тоқым салып, құйысқандап, өмілдіріктейді де, үстіне жұлқа-жұлқа ескі киімдерден қарақшы жасап, аумаған тірі кісідей қоқита отырғызып, малақайының құлақтарын ербитіп, құлақ бауын салбыратып қояды. Тебіндегі жылқылармен бірге жайылып, қозғалақтап оттаған сайын үстіндегі қарақшының құлақ бауы селтеңдеп, алыстан ит-құс түгілі жанай өткен жүргіншілердің өздері де «жылқы баққан адам болар» деп талай рет жаңылысып, шатасқан екен.

 

«Ынтымақ»

yntymaqҚасқыр тойып жүрсе және қыс жылы болса жылқыға тимейді екен. Біз мұндай бір оқиғаға тап болдық. Бірде қасқыр аулап жүріп көршілес Павлодар облысындағы «степняк» совхозының тебіндегі жылқысына кезігіп қалдық. Бытыраңқы жайылып тебіндеп жатқан жылқы арасында шоқиысып қасқырлар отыр. Мұндай «бейбітқатар өмір сүруді» бірінші көруім.
Кездескен бетте олар да жөңкіліп қашты, біз де қудық, сөйтіп біреуін атып алдық. Бұл не қылған тоқ қасқыр деп ішін жарып қарағанда асқазанынан үлкенді-кішілі оншақты тышқан шықты.
Сөйтсе тебіндеп жатқан жылқылар тұяғымен қарды қопарғанда оның астында жорғалап жүрген тышқандар кейде тұяқ тиіп өліп қалады, кейде қармен бірге лақтырылып сыртқа шығады. Мұндай нәпақа, тегін тамақ қасқыр, түлкі үшін таптырмайтын азық.
Табиғатта жануарлар мен жәндіктердің өзара селбесіп күнелту тәсілі бар, биологтар оны симбиоз деп атайды.
Мұндай мысал табиғатта көп-ақ.
Ал мына біз көрген де сол сияқты емес пе, тышқан көп болып, қасқыр жылқының тұяғы арқылы күнелтсе, қыс жылы болып, жылқыға қасқыр тимесе, одан артық не керек? Байқағаным – қасқыр көбінесе боранды күндері, сары аяз сақылдап қысқан кезде құтырынып кететін сияқты.

 

Көз майы

koz maiyЖасымда көп естігендерімнің бірі: ертеде жұт жылдары көтерем болып қалған жылқыларды қасқырлар әдеттегідей жарып жемей, ылғи көздерін ғана ойып алады, — дейтін аңыз сияқты әңгіме еді.
Қасқырдың осы қылығының қанша ойласам да себебін таба алмайтынмын. Ал себепсіз әрекет жоқ.
Кейіннен арықтап, ауырғаннан өлген жылқының өлімтігін қырға тастап, сол сұраққа жауап іздедім. Иә, тура солай, көзін ойып алып жеген. Баяғы үлкендердің айтатыны іс жүзінде дәлелденді. Енді арықтан өлген жылқының көз майы сақталатынын анықтадым. Қасекең жылқы жарықтықтың жағдайын оның етін жақсы көретін қазақтардан кем білмейді-ау, сірә, деген қорытынды жасамасқа болмады. Арық еттің қасиеті, мәні болмайды ғой.
О күнде елде аш-арық кездерде тамақ үшін ауыл кезген мүсәпірлерге де «көз майын сатып, телміреді» деген сөзді қолданатын. Сонда аш адамның бойында қалатын бар құндысы көз майы, соны сатып тұр дегені екен-ау.

 

 

Күрең айғырдың айбары

Kuren aigyrКөкек айы. Бір байтал үйірдегі айғырға жақындап, сипақтай берді. Ал ол болса, көзі аларып, алдыңғы аяғымен жер тарпып, тістелеп қуып, қасына дарытпады. Ақыры мазалай берген соң, жайшылықта бірде-бір жануарды өз үйірінен тырп еткізбейтін күрең айғыр әлгі байталды тістелей отырып, басқа үйірге қуып тықты. Сонда мен «бұл айғыр мал екеш мал да болса өзінен туғанын сезіп, біліп тұрғаны ма?» деп қайран қалдым.
Бұл жануардың тағы бір ерекшелігі – далада жайылған, не тебінде жүрген жылқыларға әлдекімдер оқыс келе қалса, алдын орай одырая қарсы шығып, ойқастап, ешкімді жолатпайтын қаталдығына шәк жоқ. Таныс адам, жылқышы болса, өз жайына жайылып жүре беретін де, бөгде біреуге кәдімгідей айбат шегіп, танауы делдие, көлденеңдей, жол бермеуге, жүргізбеуге тырысушы еді.
Әккі, жыртқыш деген ит-құстардың өзі бұл үйірдің маңайына жоламай, сол күрең айғырдың болаттай тұяғынан қорқатын, ызғарынан қаймығатын.

Қасым Тәукенов, жазушы
«Азулы арлан» күнделік-танымдық кітабы

2 пікір