Жүкті әйелді неліктен ренжітпеу керек?
Жүкті әйелді неліктен ренжітпеу керек?
26 күн бұрын 7466
Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

«Жүкті əйелді жүгенсіз адам ренжітеді» деп қарайтын қазақ халқы, жүкті əйелдерді ерекше құрметтеп, оларды мүлде ренжітпейді, үрейлендіріп, қорқытпайды. Керісінше, жүкті аналардың көңілді, қам-қайғысыз, шат-шадыман жүруін дəріптейді. Себебі, қазақ халқы жүкті аналардың көңілді-көңілсіз болуы ана құрсағындағы болашақ ұрпақтың тағдыр-тəлейіне саятын өте маңызды іс деп қарап, жүкті аналарды ренжітетін, қорқытатын, үрейлендіретін, сондай-ақ, уайымға батырып, қайғы-қасіретке салатын қандайда іс-қимыл мен сөзге қатаң тыйым салады. Сонымен бірге, жүкті аналарға үнемі көңіл көтеретін қызықты əңгімелер айтып беріп, көрші ауылдарға ертіп барып көңілін көтеріп, емін-еркін күліп-ойнауына жағдай жасап беріп отырады. Тəжірибелі енелер ауыл əйелдері мен əнші-жыршы, əзілқой адамдарды жиі-жиі қонақ етіп, келініне əн-жыр, əзіл, əңгіме тыңдатып, оның көңіл-күйі көтеріңкі, рухы сергек болуына шарт-жағдай жасайды.

Қазақ ұғымында жүкті ана көңілді, рухты, сергек болса, сондай-ақ, əн-күй, өлең-жыр, əзіл, əңгімелерді көп тыңдаса, болашақ ұрпақ сезімге бай, өжет те өнерлі, ақ көңіл, ашық-жарқын, ақылды, білімді, өнерсүйгіш болады. Ал, құрсақтағы кезінде анасы көп ренжісе, үрей мен қорқыныш, қайғы мен қасірет ішінде жүрсе, жылап-сықтаса, ұрыс-керіске көп ұшыраса, онда, болашақ перзент қатыгез, қаныпезер, дөрекі, арсыз, ұятсыз, мейірімсіз, қайырымсыз, ата-анаға опасыз болады деп қарайды. Сол себепті, жүкті аналарды үлкен-кіші түгел сыйлап, құрметтеп, дау-жанжал, ұрыс-керіс, уайым-қайғыдан аулақ ұстап, оларды ренжітпеуге күш салады. Қорықса, шошынса түсік тастайды, бала ақаусыз өсіп-жетіле алмайды деп, жүкті əйелдерді қорқытпайды, түнде далаға жалғыз шығармайды, жалғыз жолаушы жүргізбейді, т.б.

Жүкті əйелдерді ренжітпеу дағдысының ғылыми мəн-мағынасы өте терең. Ол жүкті аналардың көңіл күй тұрақтылығын сақтап, оларды уайым-қайғыдан арылтып, рухты, сергек жүруіне мүмкіндік жасайды да, құрсақтағы перзенттің ақаусыз өсіп-жетілуіне, дүниеге төрт мүшесі сау, ес-ақылы дұрыс сапалы ұрпақ болып келуіне ғылыми негіз қалайды.

Ал, жүкті аналардың көңіл күйі үнемі қобалжулы, үрейлі, қорқынышта болса, қам-қайғыдан арыла алмаса, онда ананың азықтануы да нашарлап, құрсақтағы перзенттің жетілуіне кері əсер жасайды. Уайым-қайғыны көп шегіп, көп ренжіген анадан туған баланың ес-ақылы мен зейін-зердесі өте əлсіз болады. Тіпті, дүниеге миғұла, меңіреу, сақау, керең, шұнақ, жырық сияқты мүгедек перзенттер əкеледі.

0 пікір