Жүйрік жылқының терін алу
Жүйрік жылқының терін алу
3 жыл бұрын 3026 islam.kz

Жалпы ат баптау барысында тер алудың маңызы зор. Тері дұрыс алынбаған жүйрік тер буып шаба алмайды, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Тер алуды білмеген адам атбегі бола алмайды. Тер алуды ауызекі тілде арам терін шығару  деп де айтады. Жүйріктің терін алу үшін атбегілер қаражарыс жасайды. Тер алудың мән-маңызы: жүйріктің денесіндегі артық заттарды шығарып, организмін тазалау және қан айналымын жақсарту. Тер алудың түрлері көп. Атап айтқанда:

Арам тер. Жаратуға, яғни байлап-баптауға қойылған аттың алғашқы терін айтады. Кейді май тер депте аттайды. Арам тер қою, жабысқақ болады. Тер тым майлы болса жүйрік әлі де семіз, іш майы көп деп бағалайды.

Ащы тер. Арам терге қарағанда сәл тазалау болады. Терді татып көрсеңіз сортаң-ащы дәм шығады. Кейбір жағдайда жүйріктің ащы тері екінші, үшінші қаражарыстан кейін шағады.

Батпақ тер. Жарату жылқы етінен арыла бастағанда арқасынан шығатын лай терді баспақ тер деп атайды. Ол қою, жабысқақ келеді. Бұл тер арқылы жүйріктің терісіне сіңіп қалған шақ-тозаң шығады. Аттың тынысы ашылады, терісі кеңиді, мінезі жайдарланады. Сергек күйге енеді. Жүні жылтырайды.

Ет тер. Жүйріктің денесі майдан арылып, еті қата бастағанын білдіретін тер. Ет тер арқылы жүйріктің бұлшық еттеріндегі арам сулар сығымдалып сыртқа шығады. Тердің дәмі кермек, өңі бұлыңғыр болады. Осы ет терден кейін жүйрік бабына келе бастайды.

Көбік тер. Үш-төрт қаражарысқа қатысқан жылқы бабы қанған жағдайда сауырынан көбік терін тастайды. Белгісі: шауып келген жылқының тері түйіршік көбіктеніп тұрады. Көбік тері шыққан жүйріктің несебі бозғылттанып, тезегі қатаяды.

Моншақ тер. Қаражарысқа көп қосылып, бабы келіскен жүйріктің арам терлері толық шығып болып, тазарады. Одан кейін шыққан терді моншақ тер деп айтады. Сипаты: таза мөлдір болады, тұнық судың тамшысына ұқсайды, жылқының денесінен домалап түседі. Бұл аттың бабы қанғанын білдіретін басты белгі. Кейде бұны су тер деп те айтады.

Мөлдір тер. Тердің өңі күмістей мөлдіреп тұрады. Мөлдір терді тану үшін жүйрікті күн көзіне ұстағанда мөлдір тер күнге шағылысып жылтырайды. Атбегілер мөлдір тері шыққан атты бәйгеге қосуға болады деп есептейді.

Сүйек тер. Бабы әбден қанған жүйрік тез терлегіш келеді. Атбегілер жүйрікті қинамай денесін қыздыру үшін соңғы терін алады. Бұны сүйек тер дейді.

 

0 пікір