Жетісу қырандарының сипаты
Жетісу қырандарының сипаты
10 жыл бұрын 5022
Бекен Қайратұлы

Алтай-Тарбағатай жоталарының әйгілі Жоңғар Алатауымен түйіскен тұсынан бастап, Тәңір шыңына дейінгі теріскей алқапты георафиялық тұрғыдан Жетісу өңірі деп атайды. Тарихи деректер мен зерттеулердеЖетісу атын құрайтын 7 өзен туралы түрліше пікір бар. А.К.Гейнс бұлардың қатарына: ЛепсіБасқанСарқанАқсуБүйенҚаратал және Көксу өзендерін жатқызса, тағы бір зерттеуші А.Влангали жоғарыдағы Басқан, Сарқан өзендерінің орнына солтүстік-шығыстағы Аягөз, оңтүстік-шығыстағы Іле өзендерін атайды.

Жетісу жерінің дені таулы аймақ болғандықтан бұл өлке де құсбегілік дәстүр жақсы дамыған. Атап айтқанда, атақты құсбегі Жалайыр Шорадан бері үзілмей келе жатқан өнерді Совет заманында Дембосын Дүзелұлы дейтін адам жалғастырады. Осы кісінің ауызша айтуымен 1992 жылы желтоқсан айында «Шалқар» газетіне жарияланған «Жетісу қырандарының сипаты» атты шағын жазбаны қайта өңдеп ұсынып отырмыз.

Жетісу аймағы бүркітінің негізі – қоңырала келеді. Олар: Ақкөз қоңырала, Сукөз қоңырала, Алдамбал қоңырала деп үшке бөлінеді және бұл құстарды мойын жүнінің бітіміне қарай: Ұзыншуда, Үзбешуда деп атайды. Құсбегілік ғұмырымда қоңыраланың 22-ін түлеттім. Әрқайсысы бір-бір алтын жүзігімдей жадымда қалды. Осы қолыма түскен құстардың ішіндегі ең қыраны – Қандыбауыр қара бүркіт. Бұл құстың бұты қызыл, көзінің түбі көк түтін буалдыр болып біткен еді. Жетісуда екінші бір өте көп тараған бүркіттің түрі – Күйсіз қоңыр деп аталады. Бұл құс өз ішінен: Қойкөз қызыл және Көлкөз ұршықбас деп бөлінеді. Қойкөзі асылдау да, Көлкөзі масылдау болады.

Жетісу жерінде бүркіттен басқа да аушы құстар өте көп. Мысалы, қазақтың,  «Ителгінің қызығына құмартсаң, қаршығаны қамшы етерсің» деген тәмсілі бар. Көк ителгі дәу болады. Өте ұшқыр келеді. Ұшқанда құйрығының қысқа ұшы көзге анық көрініп тұрады. Бабы  қанса қоянға да түсе береді.

Ал, қаршыға қойдың асығындай жеңіл қолбала құс. Бұның тұқымы да, түрі де көп кездеседі. Қаздан бастап, қоянға дейінгі жануарлардың кез келгенін алады. Өте олжалы құс. Қазанды ортайтпайды. Түсі өзі жүрген ортасына қарай құбылып тұрады. Жетісу қаршығасының дені көкшұбар алқымы ақшулан болады. Түр-түсі жасына және түлеуіне қарай өзгеріп отырады. Ұясын талды, тоғайлы жерге ағаш басына салады. Мінезі адам сияқты. Досқа – дос, қасқа – қас. Тым сезгіш, байқағыш құс.

Лашын – өте жүректі, өте ұшқыр, өте сұлу, сері құс. Лашын лашындап ұшқанда ауада жалын исі шығады, бүркіттің өзі бұғып қалады. Бұл бәс жүрмейтін құс.

Жетісу өңірі құсбегілері бір жасар бүркітті – бала деп атайды. Екі жаста – қантүбіт, үш жаста – тірнек, төрт жаста – тастүлек, бес жаста – мұзбалақ, алты жаста – көк түбіт, жеті жаста – қана, сегіз жаста – жаңа  деп атайды. Кей  жерлерде алты жасар бүркітті «Бозым» деп те атайды. Бұл жастағы бүркіт ең шеткі екі қауырсын құйрығын тастайды. Түзден ұстаған бозымды үйрету қиын. «Бозымға жеткен құс екен, үйрене ме, жоқ па?» - деп күдікпен қараймыз. Себебі, алты жыл еркін жүрген құс еркіндігін ұмытпайды, иесін тастап кете береді. Тағы екі жыл бозыммен жүреді. Бозымнан асқан құсты ұстап әуре болмаған дұрыс.

Тоғыз жаста «Оба» делінеді. Үш жыл обамен жүреді. Әрекетінде өзгеріс болмайды, екпіні кемімесе артпайды. Он екі жаста – қутүлек. Үш жыл қутүлекпен жүреді. Он бес жаста – сұмтүлек. Ықтай қонады. Бес жыл сұмтүлекпен жүреді. Күш-қуаты кеми береді. Жиырма жастан әрісін «Мола» дейді. Құйрығы қысқарады, жаурауық, жігері кемшін, молаға ықтағыш келеді.

Жас бүркіттің санғырығы аппақ болады. Қазір жегенін, қазір жояды. Алысқа саңғытады. Орта жастағы бүркіттің саңғырығы ақ сары, ақ жасыл келеді.  Кәртең құстікі – жасыл сары, көк жасыл болады. Жақын тастайды.

1 пікір
  • осындай танымдық дәстүрлі дүниелерді беріп тұрғандарыңыз дұрыс. бұл жазбалар қазақы түйсіктің мұрасы гой
    10 жыл бұрын