Бәсіре деген қандай салт?
Бәсіре деген қандай салт?
5 ай бұрын 1581 egemen.kz/
Байқал БАЙӘДІЛОВ

Жалы құлағымен бірдей, оң жақ жамбасында бұршақ таңбалары бар құла тай атам берген бәсіре еді. Құлын күнінен қант беріп үйреттім. Таңғы шай үстінде ап­пақ, дәмді шақпақ қанттың екі-үш түйі­рін қалтама сала салатынмын. Құла тай өзге жылқылардан бөлек, қайың сыр­ғауылдармен қоршалған бұрышта тұрады. Мен кіріп барғанда қос құлағын қай­шылап, алдыңғы аяқтарымен жер тарпып оқыранатын. Көздеріне қарасаң, күліп тұрған тәрізді. Жылқы баласы күлуді біле ме, жоқ па, ол арасын ажырата алмаймын. Әйте­уір, қолымнан қант жеп үйренген құ­ла тай мені көргенде қуанатын тәрізді еді.  

Атам берген бәсіре. Өзін мен де жақ­сы көремін. Мал жайлағанда атам жылқының ал­дына қойдан қалған, сиырдан қалған қыр­қындыны тастай салады. Кісі бойы ақ қар даланың қолат-қойнауын кептеп толтырып тастаған кезде тісіне тиер бір тал шөп таба алмайтын жылқы жарықтыққа қырқынды да жарайды дейтін шығар. Ал мен болсам бәсіре тайыма төлдерге деп сақтап қойған жоңышқадан бір қолтық әкеліп тастай саламын. Ерігіп тұрған құла тай иісі бұрқыраған жоңышқаны күтірлетіп әп-сәтте тауысады. Содан соң басын көтеріп тағы қарайды. Жоңышқа тілеп тұрғаны. 

Былтыр жабағы күнінде мінуге үйрет­кенмін. Ер салмай, жайдақ. Осындай қыстың күні еді. Қораның алдындағы қалың, жұмсақ күртіктің жанына алып келдім де, ауыздығын салып қарғып міндім. Құла жабағы мөңкіген жоқ, тіпті айдалаға алып қашпады да. Бірер мәрте тулап, тоңқаңдады да қойды. Сәлден соң бас білген. Ауыл ортасындағы құдық­қа дейін барып келдім. Күн суықта үйле­рінен шықпайтын сыныптастарым көрсе екен деймін. Қырау қатқан терезенің арғы бетінде олар қарап тұр ма, жоқ па бел­гісіз. Ішімнен ойлап қоямын. Қар көбесі сө­гіл­­ген соң тай мінген балалар жарыс өт­кізеді. Сол кезде құла жабағымды ойнақ­татып мен де қосыламын. Қыс бойы жоңышқаға семірген  әрі қант жеген құла жабағы бірінші келуге тиісті.

Қысқы ұзақ-ұзақ кештерде атамның күпісін жамылып ұйқылы-ояу жатып қиялға шомыламын. Міне, көктем де келді. Ауыл іргесіндегі жазық қара тақыр. Өзім сияқты қыс бойы тай-жабағысын үйреткен 20-30 бала жарыс жолына шығамыз. Сыныптас қыздар қарап тұрады. Айгүл мен Гүлмара да. Мен бірінші келемін. Жарыс соңын ешқашан аяқтаған емеспін. Қой терісінен тігілген жұмсақ әрі жылы, атамның иісі аңқитын қалың күпіні жамылып жатып ұйықтап қала беремін. Сөйтіп қиялымдағы бәйгенің біреуін де аяқтай алмадым. 

Келер жылы атам құла тайды соғым­ға соймақшы болды. Ол кезде ауылдағы адамдар жылқыны көп ұстамайтын. Әр үйде бір биеден. Асса екеу. Ал үш бие ұстаған ешкім жоқ. Шамасы сол кездегі үкімет малды көп ұстауға тыйым салды ғой деймін. Неге көп ұстамаймыз деп атамнан да сұрағам. "Үкімет жақтыр­майды" деген атам сақалын саумалап отырып. Ел малды көп ұстаса, қоғамның жұмысын істемей қояды. Істесе де жандарын салып істемейді. Үйіндегі қора толы малға алаңдайды ғой, сосын әдейі ұстатпайды. Бәлкім солай да болған шығар, біз ұға бермейтін едік. 

– Сойсаң соя бер, – дедім атама өкпе­леп,– біз апам екеуіміз аштан өлсек те құла тайдың етін жемейміз.

– Соғымға жұмсайтын басқа тай жоқ қой, – деді атам, –  ешбір реті келмей тұр. Ке­­лесі жылы анау қарагер жабағыны ала­сың. 

– Керегі жоқ, – дедім мен, – қарагердің де, шабдардың да.

Ақыры атам көңілімді қимады ғой деймін, өзімнің бәсірем – құла тайымды соғымға сойған жоқ. Үйдегілерден жасырып қант апарып берген сайын іші сезгендей басын шұлғып-шұлғып қоятын. Рахмет айт­қаны. 

Құла тай жылдар өте келе есік пен төрдей ат болды. Бірақ мен құла тайды мініп қия­лымдағыдай бәйгеге қатыса алмадым. Ауылдағы мектеп бар-жоғы бастауыш қана болған соң сыртта оқыдық. Құ­ла тай ауылда қалды. Кейін ұмытып та кетіппін.  Өз балаларымыз да дүниеге келді. Бі­рақ  бұл кезде бәсіреге тай атау ырымы жоқ еді. Тіпті  қазіргі жас толқын бәсі­ренің не екенін біле қоймауы да мүмкін. Тай орнына тайпалған шетелдік машина мін­гізе бастадық. Қандай берік, мықты машина болса да бірер жылдың ішінде сау-тамтығы қалмайды. Өз еңбегіне алма­ған соң, тиын­дап теңге жимаған соң қаді­рін қайдан біледі дейді жұрт. Бәлкім солай да шығар. 

Ал бәсіре деген - халқымыздың ғажап сал­ты. Шаңырағын шаттыққа бөлеп мы­нау жа­рық дүниеге ұл келгенде дәл сол мезетте төлдеген құлынды бәсіре етіп атайды екен. Ілкідегі ұғым бойын­ша нәрестенің бола­шағы да бәсіре құлын­шақпен тығыз бай­ланысты. Арыдағы қазақ менің соғым сой­ғыш атам құсап бәсірені соймаған, сатпаған.  Бәсіре тайдың тұқымын да сұрыптап, електен өткізген екен. Жүйрігін, әйт­песе жорғасын. Желмен жарысқан жүй­рік мінген, үстіне мінген адамның қолын­дағы тостағаннан су төгілмейтін, төрт аяғын тең басқан жорға мінген баланың да малға деген мейірі сәби кезінен қалып­тасып, арта түседі екен. Ықылас-пейілі де түзу болмақ. Өзі құралпы балалармен бірге жалтаң қақ­тырып мініп шықса мәртебесі өспек. Бәлкім бәйге дегенді, өмірдің өзі жарыс екенін осы бастан санасына сіңіретін шы­ғар. Қатарынан қалып қоймай, алдыңғы лек­тен табылу, алдыңғы лекті айтасыз, оқ бойы озық отыру, тұщы етіне ащы қамшы сал­дырмау әдеті қалыптасатын шығар. Әрі тех­никаның түр-түрі қоңыздай жорғалап жүр­ген бүгін­гі заман емес, ат жалында өс­кен бұла жұрт атты ер қанаты санаса ке­рек. Той­ға барса, мақтаныш, жауға мінсе, серігі.  Баланы айтасыз, немере де табалды­рықтан аттаған. Ат ұстар. Биыл жаз бәсі­­ре­ге бір тай сатып алып берейін деп жүр­мін. Баяғы өзім аңсаған, бірақ соңы­на дейін жете алмаған ұлы бәйгеге қаты­с­сын.   

0 пікір