Алаша туралы не білеміз?
Алаша туралы не білеміз?
8 жыл бұрын 19233 el.kz/

Алаша – жүн немесе мақта жіптерден тоқылған тұрмыстық тұтыну бұйымы. Қолданылатын жіптері иесінің талғамына сәйкес тиісті бояулармен боялады. Негізінен төсеніш ретінде қолданылады. алаша қарапайым тоқыма станогы – өрмекпен тоқылады. Бүктеуге, жинауға ыңғайлы күрделі композициясы ісмерден үлкен шеберлікті, мол тәжірибені, көркемдік-шығармашылық талғампаздықты талап етеді. «Кілемге бергісіз алаша бар, Ханға бергісіз қараша бар» деген сөз орамы алаша бұйымдарының кейде, өзінің эстетикалық және композициялық шешімі жағынан кілем бұйымдарынан да артық бағаланғандығын аңғартады. Тоқылу техникасына қарай алаша тақыр (түксіз) және аралас (түкті-түксіз) деп екі топқа бөлінеді. Тақыр алашалардың кең тараған түрі терме алаша Оның ішіне кежім теру немесе бұқар теру, орама алаша, қайыра теру, бір түсті теру, тақыр тоқу сияқты түрлері жатады. Бұлармен қатар, алаша бұйымдарының техникасы мен өрнегіне қарай жолақ алаша, өрнекті алаша, жүн алаша, жіп алаша, мақта алаша, жол алаша, екі қабат алаша, жалаң қабат алаша, көмкерулі алаша, жиекті алаша, шашақты алаша деген түрлері де бар. Тақыр (түксіз) алашаны мейлінше жалпақ енді етіп тоқылған ұзын басқұрды бір-екі құлаш шамасында кесіп алып, өзара қосып тігеді (ені 35 см, ұз. 12 құлаш бау (өрмектің) қиындыларын бір-біріне қосып тіккенде, көлемі 150х420 см алаша шығады деген сияқты). Ал, аралас алаша деп құрамы түкті-түксіз жіптермен араласып, кілем принципімен, яғни желісі мен түгі қатар келетін кілем тоқу тәсілімен тоқылғандарын атайды. Алашаны тоқу барысында әртүрлі материалдар – иірілген жүн жіп, әртүрлі маталар, мақта-мата, кенеп, түрлі-түсті бояулар, кейде металл және т.б. қолданылады. Алдымен, шикізат көзіне қарай қой немесе түйе жүні іріктеп, дайындалады. Қойдың көктемгі жабағы жүні алынады. Оңтүстік өңірлерде қосымша мақта-мата жібі де пайдаланылады. Орта есеппен алғанда бір алашаға шамамен 3-4 қойдың жүнінен иірілген жіп жұмсалады.

Күрделі техникасыз, кез-келген жағдайда қолданылып, керекті жабдықтарды оңай табылатын өрмектің екі түрі бар. Оның біріншісі – аспалы немесе термелі өрмек оған кілем сияқты тұтас, енді заттар тоқылады. Ал екіншісі – жай өрмекті шекпен, алаша қап, қоржын, белбеу, басқұр сияқты енсіз нәрселерді тоқуға арналады.

 

Алаш ҚР МОМ қорынан (КП 22535)

 

Өрмек басындағы тоқымашы. Н.Г. Хлудов. 1905 ж.  ҚР МОМ қорынан (КП 3643)

ҚР МОМ қорында (КП 22535) алашаның бірнеше түрлері сақтаулы. Солардың бірі 109х372 см болатын терме алаша. Ол иірілген жүн жіптен термелеу әдісімен тоқылған, қызыл, сары түстерден құралған он бір жолақтан тұрады. Сары түсті жолақтарға қызыл түспен өрмекші бейнесі тоқылған. Ал, қызыл түсті жалпақ жолақ бетіне жасыл түспен жүз теру өрнегі (ішіндегі мотиві шаршыға ұқсас) салынған. Екі жаны көк түсті матамен көмкерілген.

 

Алаша тоқу

Алаша бүктеуге, жинауға, алыпсалуға қолайлы мүлік. Мұны ұсталатын орнына қарай әрі енді, әрі көлемді етіп жасайды. Өрмекпен тоқылған алашаның ені әдетте 40—45 сантиметрден аспайды. Сондықтан мұның бірнеше кесіндісін біріктіре құрауға тура келеді. Бұл үшін шебер тоқылған материалдың ұзына бойы мен енін өлшеп, одан кейін неше бой етіп кесіп, құрау қажеттігін есептейді.

алашаМОЙ.jpgӘдетте өрмек жіптерінің 35—40 сантиметрдейі тоқуға келмей қырқылады. Мұны «өрмектің қырқындысы» дейді. Алашаның бойларьін құрау үшін осы қырқынды жіпті пайдаланған жөн. Бұл жіптер ақ, қара, көк, қызыл — 4 түсті делік. Ендердің жапсар бойын осы 4 түсті жіпті кезектестіре отырып бұзау тіс тігісімен аралықтарын 1 — 2 сантиметрдей етіп қосымша сыналана енгізіледі де алашаның көлемі үлкейе түседі.

Өрмекке жеңіл әрі жиі қолданылатын өрнектің екі түрі бар. Оның біріншісі «су» өрнегі де, екіншісі «тіс» өрнегі. «Су» өрнегін өрмектің белгілі бір шетінен ерсі жіппен қарсы жіптің өнбойын бір түсті етіп жүгірту арқылы тоқиды. «Тіс» өрнегін осы екі жіптің екеуін екі түсті түрмен жүгіртіп (астыңғы жіп қара, үстіңгі жіп ақ) тоқиды. Өрмекте мүйіз, өсімдік, геометриялық фигуралар тәрізді күрделі өрнектер тоқу кездеседі. Мұндай тоқуды «терме» деп атайды. Термелеп тоқу әдісі қазақтың өрмек өнерінің ең бір көп тараған және көркем дүниелерді тоқуға ең бір қолайлысы деп саналады. Термелеп тоқу әдісі, әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде жақсы дамыған өнері. Көркем өнердің осындай тәсілімен тоқылған бұйымдар (басқұр, қоржын, алаша, кілем және т. б.) Қазақстанның Қарағанды, Павлодар облыстарында жиі кездесетін өте ертеден келе жатқан өнер. Олардың өз аймақтарына қарай, өрнек мәнерінде, тоқу әдістерінде өздеріне тән ерекшеліктері бар. Оңтүстік Қазақстанда терме тоқудың неше түрлі тәсілі бар және олардың атаулары да әр түрлі.

Қайыра теру тәсілімен құрылатын өрмектің ерсі жібі мен қарсы жібі 3-4 түсті бояулармен боялады, екеуі бірдей теріліп, өрмектің екі жағынан (ерсі  мен  қарсы жағынан) тоқылып шығады.

«Кежім теру» немесе «бұқар теру» тәсілі көп түсті және әр түрлі өрнектен теріліп жасалатын басқұр мен алаша тоқу үшін қолданылады.

«Орама теру» тәсілдерімен де басқұрлар, алашалар тоқылады. Мұндай жағдайда өрмектің ерсісі, қарсысы және арқауы (ерсі мен қарсы жіптердің  арасына көлденең түсіп отыратын жіп) бәрі бір түсті жіптен құрылып тоқылады. Бұған көбінесе ақ не қызыл түсті жіптер қолданылады. Тоқу барысында әр түсті жіптерден өрнек салынып, оның жібі өрмектің ерсісіне қолмен оралып, арқаумен бекітіліп отырылады.

Бір түсті теру тәсілі тек қана басқұр тоқуға қолданылады. Мұндай басқұрлардың ерсі мен қарсы жібі көбінесе бірыңғай ақ жіптен, кейде қызыл жіптен құрылады да, өрнегі қызыл, қара, көк және басқа түсті жіптермен теріледі.Мүның бәрін қазақтың қарапайым өрмегімен жіңішке лента тәріздендіріп тоқиды.

такыр-килем.JPGТақыр тоқу немесе тақыр кілем тоқу әсіресе Қызылорда облысында көп дамыған өнер. Оған түк орамай, өрнек беретін жіпті ерсі мен қарсының өз бойында бояп алады да, жай өрмек әдісімен тоқи береді. Тақыр кілемді кейде жіптерін боямай-ақ, ақ жіп пен қара жіпті кезек келтіріп тоқиды. Сөйтіп кейде көлденең жолақ, кейде ұзын жолақ, сондай-ақ кеңірдек өрнектер тоқылып шығады.Түктеп теру әдісімен енсіз шағын кілем, кілем қоржын, түрлі төсеніштер тоқылады. Мұндайда өрмектің өрнектеуіш жіптері ерсі мен қарсыға аралас бойлай тоқылады. Бой жіптер қатарында тұрған өрнектеуіш жіп өрмек бетінде бос қалып отырады да, соңынан ол кесермен қырқылып тасталады. Осыдан өрмек бетінде түк пайда болады.

Әдеб.: Маргулан алашаХ. Казахское народное прикладное исскуство. В трех томах: т.1. Алматы: Өнер, 1986; Муканов М.С. Казахские до- машние художественные ремеслалаша Алма-Ата: Казахстан, 1979; Жүннен жасалатын бұйымдар. Құраст. К.Мұқанов. Алматы: Қайнар, 1990; Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Қайнар, 1995; Хлудов Н.Г. Шығармалар каталогы: кескіндеме және графика (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Жобаның жетекшісі, кіріспе сөзінің авторы Нұрсан Әлімбай. Алматы: Эффект, 2003; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

3 пікір