НӘСӘФИ АҚИДАСЫ. Әлемнің жаратылысы (2-тарау)
НӘСӘФИ АҚИДАСЫ. Әлемнің жаратылысы (2-тарау)
9 жыл бұрын 9151
Абдусамат Қасым
 
Әлемнің жаратылысы
(2-тарау)

Бисмилләһир рахманир рахим

وَالْعَالَمُ بِجَمِيعِ أَجْزَائِهِ مُحْدَثٌ. إِذْ هُوَ أَعْيَانٌ وَأَعْرَاض فَالْأَعْيَانُ: مَا يَكُونُ لَهُ قِيَامٌ بِذَاتِهِ. وَهُوَ إِمَّا مُرَكَّبٌ وَهُوَ الْجِسْمُ، أَوْ غَيْرُ مُرَكَّبٍ كَالْجَوْهَرِ: وَهُوَ الْجُزْءُ الَّذِى لَا يَتَجَزَّأُ. , وَالْعَرَضُ: مَا لَا يَقُومُ بِذَاتِهِ وَيَحْدُثُ فِى الْأَجْسَامِ وَالْجَوَاهِرِ كَالْأَلْوَانِ وَالْأَكْوَانِ وَالطُّعُومِ وَالرَّوَائِحِ

Имам Нәсәфи (р.а.) былай дейді:

Бүкіл әлем бөлшектерімен қоса жоқтан бар етілді. Неге десеңіз, әлем – субстанция және акциденциядан тұрады.

Субстанция дегеніміз – (жаратылғаннан кейін) кеңістіктегі белгілі орнын алуы үшін, өзге денені қажет еттірмейтін нәрсе.

Субстанция я құрамалы болады, оны «жисм» дейміз, немесе құрамалы емес болады, оны «жауһар» дейміз. Бұл – бөлшектерге бөлінбейтін (ең кіші) бөлік.

Акциденция  – бар болуы өздігінен жалғаспайтын нәрсе (немесе бар болуын жалғастыру үшін өзге денені қажет ететін нәрсе). Акциденция – түстер, күйлер, дәм және иіс ретінде «жисм» және «жауһарларда» көрініс табады.  (Күйлері: бірігу, бөліну, қимыл, қимылсыздық).

Түсіндірме:

- «Әлем» деп нені айтамыз?

- «Әлем» немесе «ғалам» араб тіліндегі «ъаалам-عالم» сөзінен шыққан. Арабшадағы түпкі мағынасы: «белгі», «таңба», «ишарат», «із», «дақ» деген мағыналарға саятын «ъаләм-عَلَمٌ» сөзінен туындайды.

Ғаламның өзі бір жаратушының бар екендігіне ишара етіп тұратындықтан араб тілінде «ъаалам» сөзі қолданылған.

Ақида ғылымында (кәләм ғылымында) әлем деп – Алла Тағаладан өзге барлық жаратылыстарды айтады. Мысалы, адамдар әлемі, жануарлар әлемі, өсімдіктер әлемі т.б.

- «Субстанция» деген не?

- «Субстанция» - философиялық термин. Арапша мәтінде «Аъян» деп келеді. «Аъян-أعيان» - кеңістіктегі белгілі орнын алуы үшін, өзге денені қажет еттірмейтін нәрсе.

- «Акциденция» деген не?

-«Акциденция» - философиялық термин. Оны кәләм ғылымында «араз-عرض» дейді. «Араз» - бар болушылығы жалғасымды емес деген мағынаға саяды. Бар болуы үшін өзге денені керек етеді. Мысалы, түрлі түстер, қимыл мен қимылсыздық, дәм, иіс, дыбыстар, күш-қуат т.б. осындай құбылыстар «аразға» жатады.

Қарапайым мысал берер болсақ, қауынның аңқыған иісін сезу үшін бірінші «піскен қауын» болуы тиіс. Піскен қауын болмаса, иісі болмайды. Осы жерде қауын – дене. Ал, иіс – араз.

Басқаша айтқанда, араз – жаратылыстардың бойындағы сипаттар.  

Денелер араздардан ада емес. Аразсыз дене болмайды.

- «Жисм» деген не?

- «Жисм» - «дене» дегенді білдіреді.

«Жауһар» - бөлшектенуге келмейтін ең кішкене бөлшек, яғни, атом.

(19-20-ғасырға дейін атом бөлінбейді делініп келді. Одан кейін, физика мамандары тарапынан "атомның" бөлінетіндігі дәлелденді. Бірақ, атомның бөлінетіндігі ғалымның негізгі тұжырымына қайшы емес деген ойдамыз).

Дене ең кем дегенде «екі жаухардан» құралады.

Денелер араздармен бірге бар болады, олардан бұрын болмайды.

- Бұндай философиялық түсіндірмелер не үшін берілген?

- Имам Нәсәфидің бұл тұжырымдамасын әлемнің жаратылғандығын жоққа шығарушы философтарға қарсы берілген жауап ретінде қарауға болады. Философтар айтады: «Өмір өткінші емес, ол мәңгі. Қайта тірілу, ақірет, о дүние т.б. дегендер жоқ» - дейді.

Философтардың пайымдауынша әр нәрсенің бастапқы түбірі – материя. Ол ескі арапша кітаптарда «Һәюлә- هَيُولَى » деп келеді. Материя – мәңгі. Осы әлемнің негізі «бастапқы материядан» тұрады-мыс. Оның басы жоқ, соңы жоқ. Ал, әлем сол материяның формалық көрінісі-мыс. Материяның әртүрлі кейіпте болуы – ондағы акциденциялардың өзгеруімен байланысты.

Бұған қарсы былайша жауап беруге болады:

Біріншіден – әлемнің құрылымы үшеу:

  1. Жауһар – ары қарай бөлшектерге бөлінбейтін ең кішкене бөлік.
  2. Жисм - жауһардан құралған дене.
  3. Бар болушылығы денеге байланысты араздар.  

Араздар, басқаша айтқанда, «сипаттар» - жауһар мен жисмға бағынышты. Олардан бөлек, өз алдына дербес емес.

Ол екеуі де, аразсыз бола алмайды. Өйткені, ең кішкене бөлшектердің бірігіп дене болуының өзі қимыл-әрекеттен туындап отыр. Қимыл-әрекет болмаса, дене пайда болмас еді. Ал, қимыл-әрекет - жаратылған, мәңгі емес.

Мәңгі емес, кейіннен пайда болатын сипаттардан дара өмір сүре алмайтын материяны қалайша мәңгі деуге болады?

Мәңгі емес, кейіннен пайда болатын сипаттармен бірге ғана бар бола алуы – оның мәңгі емес, жоқтан бар болғанын көрсетеді. 

Екіншіден – бөлшектерден құралған дененің кеңістікте орны бар. Бұл - оның көлемі бар деген сөз. Көлемі бардың шектеулі, өзінің көлеміне сай орны да болады. Кеңістікте белгілі орын алатын барлық нәрсе – жаратылған. Демек, «материя» да жаратылған.


Пайдаланған әдебиеттер:

  • Тафтазани, Шарху ъақидатун Нәсәфия; 
  • Имам Нәсәфи, Табсиратуль Әдилла;
  • Имам Сабуни, әл-Бидая;
  • Бәздәуи, Усулуддин.

 

«Нәсәфи ақидасы» - әһли сүннет сенім негіздеріне қатысты мәселелерді қысқа әрі нұсқа беріп өткен кітапшаның аты. Бұл кітап - қысқалығына қарамастан Матуриди ақида мектебінің негізінде жазылған «Ислам сенімі» туралы маңызды еңбектердің бірі болып есептеледі. Күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтпаған бұл кітапқа көптеген ғалымдар тарапынан түсіндірмелер жазылды.«Нәсәфи ақидасы» атты кітапшаның авторы - Орта Азиядан шыққан Ханафи мәзхабының беделді ғұламасы, фиқһ әрі хадис ғылымының білгірі және тәпсірші ғұлама Әбу Хафс Нәжмуддин Омар ибн Ахмәд ибн Лұқман ән-Нәсәфи әл-Ханафи. Миләди жыл санауы бойынша 1067-1142 жылдары аралығында өмір сүрді. Туып өскен жері Нәсәф қаласы (қазіргі Қарши қаласы, Өзбекстан). Кітаптың аты автор атымен байланыстырылып «Нәсәфи ақидасы» деп аталған. Яғни, «Нәсәфи жазған ақида кітабы» дегенді білдіреді.

 

2 пікір
  • Сенім тұрғысында матурилилік мектеп бойынша қисын мен нақылды сабақтастырған Имам ан-Насафидің таным концепцияларының мәтіні қазақ тіліне жақсы аударылған. Бір-ақ, жерде қателік бар - ол - "араз", яғни акциденцияны "сипат" деп аударған екенсіз. Дұрысы - "күйі", "күй" деп аударған дұрыс. Себебі, сипаттар тек Аллада ғана боады. Сонымен қатар, кәлам еңбектерінде Алла Тағалаға АРАЗ емес деген үлкен бөлімдер емес. Егер сипат деп аударатын болсаңыз - онда Алла сипат емес деген мағына шығады. Сондықтан Алла Тағала "Араз" емес деп айтуды - Алла КҮЙ емес деген дұрыс. Мұндағы күй деп отырғанымыз, яғни акциденция - жоғарыда түсіндіргенге сәйкес - қауынның піскен, иісі аңқыған КҮЙІН айтып тұр! Жалпы түсінікті болған шығар?!
    6 жыл бұрын
    • Рақмет. Негізгі мəтінде аудармамда "күй" деп тұр. Содан оқып отырған шығарсын "күй" деген сөзді.
      Одан төменгісі менің түсіндірмем... Ұсынысыңды ойланып көру керек. Сөзіңнің жаны бар.
      6 жыл бұрын