Жанында серігі жоқ, дара Құдайым!
Жанында серігі жоқ, дара Құдайым!
2 жыл бұрын 1331

Шал ақын бір өлеңінде:

Жарлығы екі болмас хақ құдайым,

Жанында серігі жоқ, тақ құдайым.

Жанымды алсаң, құдая, иманмен ал,

Шайтанның қазасынан қақ, құдайым, – деп Жаратушыны бір деп танитынын анық білдірген.   

Иә, ислам сенімі Жаратушы иені жалғыз деп қабылдайды. Әсіресе, Меккеде түскен аяттар негізінен осы монотеистік сенімді (тәухид) нықтауға арналған. «Құдайларың бір ғана Алла, басқа тәңір жоқ. Ол рахман әрі рахим» (Бақара сүресі, 163). Алла танымы әсіресе «Ықылас» сүресінде анық білдірілген. Ол бойынша, Алла жалғыз, ештеңе өзіне тең келмейді, барлық нәрсе өзіне мұқтаж. Туылмаған әрі тумаған. Бұған қоса, Құран аяттарында егер басқа тәңірлер болғанда әлемнің жүйесі дәл осы қалпында тұра алмайтындығы айтылған. «Шынтуайтында, көк пен жерде Алладан басқа тәңірлер болғанда, ғалам жүйесі бұзылар еді» (Әнбия сүресі, 22). Ал көпқұдайшылдық жүйелер расында шым-шытырық. Айталық, көне египеттіктерде мысыр патшасы Рамзес ІІ мен Хет патшасы арасында өткен халықаралық келісімде көптеген құдайлар және Мысырдың әйел құдайшасы туралы сөз етілген. Ол  уақыттардағы халық сеніміне тотемизм ықпал еткенін де көреміз. Құдайлар сұңқар, өгіз, сиыр, қой т.б. аң кейіптерінде қабылданатын. Бірте-бірте тотемизм іздері жоғалып, құдайлар енді жартылай адам, жартылай аң бейнесін ала бастаған. Мысалы, Ра құдайы басы сұңқар, денесі адам кейпін алды. Хнум құдайы болса, қой басты адам кейпін алды. Хор құдайының (аспанға жауапты) рәмізі қанатын жайған сұңқар мен күн бейнесі еді. Құдайлар жергілікті құрметке ие не жалпы құрметке ие болып бөлінетін. Құдайлардың көптігі сонша, қызметтері бір-бірімен шатаспас үшін олардың әрбірінің қызметін реттеу қажеттілігі туындаған. Ол істі абыздар атқарған. Нәтижеде египет құдайларының пантеоны қалыптасып, олардың иерархиясы да бекіді. Ең құрметті құдайлар көкті еркін шарлап жүретін күн құдайы Ра, жаратушы-құдай Птах, ол өзінің құдіретті сөзімен тәңірлер мен адамдар әлемін жаратқан. Көне мысырлықтар перғауынды да құдайға айналдырған. Олардың сенімінше, перғауын құдайдың адам кейпіне енуі, яғни құдай-адам болатын. Ол құдай әке Ра (немесе Амон Ра) мен жер ананың қасиетті некесінен туылды-мыс. Перғауынның есімі қасиетті саналып, патшаға залал тигізбеу үшін ешкім атын атамады. «Перғауын» деген сөздің өзі патшаның басқа аты еді (ұлы үй деген мағынада). Перғауынның берген үкімдері құдайлық жарлық ретінде қабылданды.

Шамамен осы уақыттарда көне Месопотамияда, Тигр мен Евфрат өзендерінің арасында ірі Шумер мемлекеті құрылып, ол да сенім жүйесінде көпқұдайшылдықты негізге алды. Әрбір шумер қаласын қорғайтын өз құдайы болды. Бұдан бөлек, мемлекетті қорғайтын құдайлар да болды. Әрбіріне бөлек табынылды. Аспан құдайы Ану, жер құдайы Енліл, ай құдайы Наинар, Күн құдайы Уту және т.б. Келе-келе Ану құдай жоғарыдан басқаратын құдайлар пантеоны қалыптасқан.     

Көне дәуірде индуизмде де Индра соғыс, жаңбыр, найзағай құдайы ретінде қабылданды. Онымен бірге Күн құдайы Сурая, от құдайы Агни т.б. жиі аталды. Құдайлар көкте мекен етеді деген түсінік болды. Бір ерекшелігі, индуизмде тотемистік түсініктен гөрі құдайлар антропоморфты (адам бейнесінде) қабылданды. Қазірде де индуизмде Шива құдайы еркектік бастаманың өмірлік күші ретінде, Вишну құдайы әлемдік тәртіпті сақтап тұрушы, ал Брахма адамзатты жаратушы ретінде қабылданады.

Байқағанымыздай, көпқұдайшылдық және оның аңыз-әпсаналары жатқан шым-шытырық, ұғымға ауыр әрі қисынсыз. Ал исламдағы тәухид түсінігі барынша ұғынықты әрі қабылдауға да жеңіл. «Лә иләһа илла Алла» деген сенім барлық мәселеде Алланың жоғарғы күш екенін мойындаудан, әсмаи хұсна (көркем есімдер) деп аталған Алланы өзіне тән бүкіл есімдері және сипаттарымен қабылдаудан тұрады. Яғни, Алла тек жаратушы ғана емес, мейірімді, әділетті, марапаттаушы, жазалаушы, барлық тіршілік иелеріне ризық беруші, оларды қорғаушы, қолдаушы, көмек беруші, тура жолға салушы, барлығын бақылаушы, көруші, естуші т.б.

«Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деген қазақ халқы әу бастан негізінен монотеистік сенімді бойға сіңірген. Ұлт зиялылары Ы. Алтынсариндер сол үшін «Бір Аллаға сиынып, Кел, балалар, оқылық!» деп өлеңдерін жазған.

0 пікір