"Кім күнә жасаса, сол кәпір болады" деген сөзді қалай теріске шығаруға болады? ("әл-Фиқһул Әбсат" атты кітаптан үзінді)
"Кім күнә жасаса, сол кәпір болады" деген сөзді қалай теріске шығаруға болады? ("әл-Фиқһул Әбсат" атты кітаптан үзінді)
12 күн бұрын 871
Абдусамат Қасым

әл-Фиқһуль Әбсат кітабы - Әбу Ханифаның шәкірттерінің бірі саналатын Әбу Мутыйъ әл-Бәлһиден жеткен Имам Ағзамның ақида негіздерін қамтитын шағын еңбек. Шәкірт пен ұстаз арасындағы сұхбат түрінде жазылған бұл кітап, әсілінде «әл-Фиқһуль Әкбар» атты ақида кітабының Әбу Мутыйъ әл-Бәлхиден риуаят етілген нұсқасы болып табылады. Ал, бізге белгілі «әл-Фиқһуль Әкбәр» кітабы болса, ол – Әбу Ханифаның ұлы Хаммад ибн Нұғманның әкесінен риуаят еткен нұсқасы. Екеуін шатастырмас үшін ғұламалар Әбу Мутыйъ әл-Бәлхиден жеткен нұсқаға «әл-Фиқһул Әбсәт» деген атау қойған.

Әбу Мутыйъ әл-Хәкәм ибн Абдулла әл-Бәлһи (ө.ж.х 199) – Имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірттерінен саналады. Ибн Ъауннан, Һишәм ибн Хассаннан, Мәлик ибн Әнәстан хадис риуаят еткен. Одан Ахмад ибн Муниъ және Холид ибн Сәлим ас-Сафар хадис алған. Бәлх өңіріндегі көптеген адамдар одан фиқһ тәлімін алған. Ол жайында Имам Зәһәбидің мынадай сөзі бар: «Ол тапқыр, зерек еді. Мәртебесі биік ғұлама тұғын. Бірақ, риуаятты (айнытпай) жадында сақтау жағы нашарлау (уәһин фи добтыйль әсәр).  Абдулла ибн Мүбәрак оның тақуалығы үшін, әрі ілімді болғаны үшін ұлықтап, мәртебесін көтеріп отыратын».

Кейбір дін ғалымдары арасында Әбу Мутыйъты сынға алғандар болды. Оны мүржиялық пікірі бар деп айыптап, «жәһмия» ағымына тән еткендер де болды.

Әбу Мутыйъ әл-Бәлһи хижри жыл санауы бойынша 199 жылы, 84 жасына келген шағында бақиға аттанады. Алла разы болғай!

Төмендегі жазбада "әл-Фиқһул Әбсат" кітабынан үзінді ретінде Әбу Мутыйъ әл-Бәлхи мен ұстазы Әбу Ханифаның "Күнә жасаған адам кәпір болады дейтіндерге жауап" тақырыбы төңірегінде әңгімелескен қысқаша сұхбатын қазақшаға аударып беріп отырмыз. Алла зейіндерімізді ашсын!  

Әбу Мутыйъ әл-Бәлһи (рахматуллаһи алейһ):
- Қалай ойлайсыз, бір адам «Кім күнә жасаса, сол кәпір болады» десе, оны қалай теріске шығаруға болады?

Әбу Ханифа (радияллаһу анһ):
- Ол адамға былай делінеді: Алла Тағала Құран Кәрімде: «Балық ішіндегі адамды есің ал (Юныс пайғамбарды). Сол уақытта ашуланып, кетіп қалды да біздің оған шамамыз жетпейді деп ойлады. Сонда қараңғылықтар ішінде (балықтың қарнында): "Сенен басқа ешбір тәңір жоқ. Пәксін. Шын мәнінде мен залымдардан болдым" деп, жалбарынды», - деген. (Юнус сүресі, 87).

Осы аятта «Залымдардан болдым» деп айтқан Юнус пайғамбар - өз-өзіне зұлым еткен мұсылман еді. Кәпір емес еді. Мұнафиқ та емес еді.

Юсуф пайғамбардың бауырларын алалық. Олар былай деді: «Уа, Әкеміз! Біз үшін кешірім тіле. Шынында біз қателесушілерден болдық». (Юсуф сүресі, 97 аят). Яғни, олар күнә жасаған күнәхарлар еді, бірақ кәпірлерден емес еді. (Егер, күнә жасаушыны кәпір десек, Юсуф пайғамбарға жасаған қылмыстары үшін оның бауырларының тілімен «Шынында біз Кәпірлерден болдық» делінер еді аятта. Бірақ Алла Тағала «Шынында біз қателесушілерден болдық» деп отыр).

Сондай-ақ, Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Сенің өткен және келер күнәларыңды кешіру үшін», - дейді. (Фатх сүресі, 2 аят). Осы аятта «күнәларыңды» деп тұр, «күпіріңді» деп тұрған жоқ.

Және де Мұса ғалейһиссәләмның (әлсізге жақтасып, абайсызда) адам өлтіріп қоюы күнә саналған. Күпірлік саналмаған. 

0 пікір