Қорқыныш пен үміт (Әбу Ханифа мен шәкіртінің әңгімесі)
Қорқыныш пен үміт (Әбу Ханифа мен шәкіртінің әңгімесі)
4 жыл бұрын 4391

 Шәкірт (Әбу Мұқатил):
- Ғибадат дегеніміз не, айтып беріңізші! Оның тәпсірі қалай?  

Ұстаз (Әбу Ханифа):
- Ғибадат дегеніміз, бойсұнушылықты, шынкөңілмен орындаушылықты және «рубубиятты» иқрар етуді (Алланың әр нәрсенің иесі, қожайыны екендігін мойындауды) қамтитын кең мағыналы атау. Егер пенде иман ете отырып, Аллаға итағат етсе (бойұсынса), ол пендеде Аллаға деген үміт пен қорқыныш пайда болады. Қашан пендеде осы үш ерекшелік пайда болса (иман, үміт және қорқу), ол шынайы тұрғыда ғибадат еткен болады.

Пендеде Аллаға деген үміт пен қорқыныш болмаса, ол (толық) мүмін болып саналмайды.

Бірақ, қаншама мүміндер бар, кейбірінде Аллаға деген қорқынышы қатты болса, кейбірінде Аллаға деген қорқынышы аз.

Егер әр нәрседе тек итағат ету арқылы әлдебір істелген іс «ғибадат» ретінде есептелгенде, онда Алладан басқа біреуге бойсұнушы кісілер де оған ғибадат еткен болып саналар еді. (Яғни, ғибадат тек бойсұнумен емес, Алланың рахымынан үміт етіп, Оның қаһарынан қорқу арқылы ғибадат саналады, ғибадат үшін – иман (немесе ниет), үміт және қорқыныш керек).

Шәкірт (Әбу Мұқатил):
-Жақсы түсіндірдіңіз. Мынаны да айтыңызшы, егер біреу бір нәрседен қорықса немесе бір нәрседен пайда күтсе (одан пайда үміт етсе), онда күпірлік туа ма (Ол кәпір бола ма?)

Ұстаз (Әбу Ханифа):
- Қорқыныш пен үміт екі деңгейлі:

Біріншісі – кімде-кім Алладан басқа біреудің оған зарар немесе пайда тигізе алатындығына нанып, одан пайда үміт етсе (пайда күтсе) немесе одан қорықса, ол адам кәпір болады.

Екінші деңгейі – кімде-кім жақсылық та, жамандық та Алладан екендігіне сене отырып, Алла Тағала зиянды оның қолымен тигізеді деген оймен біреуден қорықса немесе Алла Тағала жақсылықты оның себепкерлігімен жеткереді деп Алладан басқа біреуден үміт күтсе, бұндай үміт пен қорқыныш күпірлікті тудырмайды.

Себебі, әрбір әке баласының өзіне пайдалы болуын үміт етеді (баласынан үміт күтеді) және біреу өзінің көлігінің оны діттеген жеріне апарады деп үміттенеді. Немесе біреу көршісінің оған жақсылық жасайтындығын үміттенуі мүмкін, яки, патшаның оны қорғайтындығын үміттенуі мүмкін. Ол үшін ол кәпір болмайды. Өйткені, әкенің негізгі үміті Алладан, бірақ Алла оған баласы арқылы ризығын беруі мүмкін деп ойлайды. Көршісінен жақсылық күткен адам да солай. Және де біреу дәрі ішкенде, Алла Тағала сол дәрі арқылы шипасын беруі мүмкін деген үмітпен ішеді. Ол үшін ол кәпір болып кетпейді. Адам кейде әлдебір жамандықтан қорқып, Алла Тағала оны сол жамандықпен сынайды деп қашуы мүмкін. (Бұл да күпірлік емес).

Бұл мәселеде мысал ретінде, Мұса пайғамбарды (ғалейһиссәләм) айтсақ болады. Алла Тағала оны пайғамбар ретінде таңдап, өзгелерден ерекше онымен араға ешбір елші салмастан сөйлесті.

Сол Мұса ғалейһиссәләм: «Олар мені өлтіріп қоя ма, деп қорқамын» деген еді[1]. (Мұса пайғамбар бұл аятта адамдардың оған зиян тигізуінен қорқатындығын айтып отыр, оның бұл қорқынышы күпірлікті тудырмайды, өйткені олардың оған Алланың қалауымен зиян тигізетіндіктерін біледі).

Мырзамыз Мұхаммед ғалейһиссәләм да (Мекке мүшріктерінен қашып) үңгірді паналаған кезінде, оның көкейінде күпірлік тумаған етін (яғни, ол әрекеті үшін Ол (ғ.с.) кәпір саналмаған).

Сондай-ақ, адам баласы жыртқыш аңнан немесе жыланнан, яки сарышаяннан қорқуы мүмкін. Не болмаса, үйдің құлап кетуінен, су-топан басудан, жеген асының, ішкен суының зияндығынан қауіптенуі мүмкін. Шүбәсіз, бұндай қорқыныш себепті ол адамға (оның жүрегіне) күпірлік кірмейді. Бірақ қорқақтық пайда болуы мүмкін...

"әл-Алим уәл-Мәтәъаллим" атты кітаптан.
Аударған: А. Қасым.


[1] Құран Кәрім: «Шуғара» сүресі. 14 аят.

0 пікір