Ақида ілімінің тарихы
Ақида ілімінің тарихы
8 жыл бұрын 9217
Смайыл Сейтбеков

Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) пайғамбарлық кезеңінде ақиданың және өзге ислами ғылым салаларының қайнар көзін құрайтын уахилар келіп тұрды. Пайғамбарлықтың осы 23 жылдық кезеңінде ақида (саласын) ілімінің жазбаша болғандығын айту мүмкін емес. Өйткені, барлық сала мен сенімге байланысты сұрағы болғандар Пайғамбарымызға жүгінетін. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса, кез-келген мәселеге дер кезінде қанағаттанарлық жауап беріп, шешімін көрсетіп отырған. Сондықтан да Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) кезеңінде сенім мәселесінде толық мойынсұну қалыптасты. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін сенімге байланысты кейбір мәселелерде азды-көпті түсініспеушіліктердің пайда болғаны белгілі.

632  жылы Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) қайтыс болғаннан кейін ислам дінінің әкелген ой еркіндігінің нәтижесінде мұсылмандар Құран мен хадиске түрлі түсінік беріп, ағымдарға бөлінуге көшті. Бұған қоса сырттан түрлі тіл, дін, ұлт пен мәдениеттің адамдары исламды қабылдап, сан-алуан саяси идеологиялық әрекеттердің өршуіне де ұйытқы болды. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеден өткен соң халифалық мәселе төңірегіндегі жанжалдар шиит мәзхабының шығуын жылдамдатты. Кейіннен үшінші халифа Хазіреті Осман 656 жылы шейіт болғаннан кейінгі Жәмәл оқиғасы, 657 жылы болған Сыффин соғысы секілді өзара қақтығыстарға ұласты. Осы соғыстарда адам өлтіру, әсіресе мұсылманды мұсылман қолымен өлтіру әрекетінің ақыры үлкен күнәләрмен бетпе бет қалдырды. Осындай жағдайда үлкен күнә істеген пенденің халі не болады деген сұрақтар туындады. Иман мен күпірдің өлшемі қандай, сонымен қатар адамның қалау еркіндігі мен еркіндіктің шегі қандай деген бірқатар мәселелер де өз жауабын талап етті. Бұл мәселелер төңірегінде әртүрлі көзқарастар айтылып, ақырында Муржия, Харижит, Қадария, Муғтазила және Жәхмия секілді мәзхабтардың шығуына себеп болды. Сонымен қатар ислам халифатына қарасты жердегі түрлі дін мен мәдениет өкілдерімен мұсылмандардың қарым-қатынас құруы, пәлсафалық түсініктердің ислам әлеміне жайыла бастауы секілді сырттан келген әсерлер де, сенім мәселесінде түрлі көзқарас пен топтардың тууына бірден-бір ұйытқы болды.

Сахабалар дәуірінің соңына таман Мабәд әл-Жухани (өл.699 ж.) деген кісі алғаш рет тағдыр мәселесін талқылай келе адамның ықтиярымен болған істердің ерік қалауымен болатындығын айтып, тағдырды қабылдамағанымен қоймай оны теріске шығарды. Бұл ұстанымды жалғастырушылардың бірі Ғайлан әд-Димашқи (өл. 743 ж.) болды. Ол халифа Хишам ибн Абдулмәлик (724-743 ж.) кезеңінде тағдырға көбірек тоқталды. Осындай түбегейлі теріс пікірлерге байланысты Абдуллаһ ибн Омар (өл. 692 ж.), Жабир ибн Абдуллаһ (өл. 697 ж.), Әбу Хурайра (өл. 679 ж), Абдуллаһ ибн Аббас (өл. 687 ж) және Әнәс ибн Мәлик (өл. 712 ж.) сынды ғұлама сахабалар олардың көзқарастарын бірден жоққа шығарып, мұндай теріс пайымнан елдің аулақ болғанының абзал екендігін айтты.  Және де ондай теріс пиғылды кісілерге сәлем де берілмей, өлсе жаназа намазы да оқылмайтынынан елді хабардар етті .  Сол кезеңдерде Жағд ибн Дирхәм (өл. 736 ж.) деген кісі Құранның махлуқ (жаратылған) екендігін айтып, Алланың «кәләм» (сөйлеу) сипатын жоққа шығарады. Жәхм ибн Сафуан да (өл. 745 ж.) құлдың еркін қалауын қабыл етпей, ислам тарихында алғаш рет «жәбр» (мәжбүрлік) пікірін, яғни адам өз қалауымен емес мәжбүрлікпен әрекет етеді деген тұжырымын алға тартты. Оның түсінігі бойынша, адам робот секілді әрекет етеді. Тағдырына не жазылса, соны ғана істейді. Адам тағдырдан тыс әрекет етпейді. Сондықтан адамның басына келген нәрсенің бәрі тағдырында болғандықтан, адам бұған кінәлі емес дегенді айтады. Ол мұнымен шектелмей (өзге адасқан мәзхабтар сияқты) Алланың болмысы жаратылғандарға ұқсамайды деген түсінікті қалқан етіп, Жаратушының сипаттарын қабыл етпеді. Тіпті, ақыретте мұсылмандар Алланы көре алмайды дей келе, жәннат пен жәһәннам да мәңгілік емес деген мүлде қисынсыз пікірге барады.

Хижри жыл санауы І ғасырының соңы мен ІІ ғасырының басында осы мәселелерге орай Муғтазила мәзхабы пайда болды. Құрушысы Уасыл ибн Ата (өл. 748 ж.). Бұл ағым сенім мәселелерін талқылау мен діни үкімдерді түсінуде ақылға көбірек басымдық береді. Ақылға көбірек мән бергендігі соншалық, ақыл қамти алмайтын (олардың тілінде «ақылға қайшы келген») аят пен хадистерді  қисынмен түсіндіруге тырысты. Уасыл ибн Ата Құран махлуқ дей отырып, пенде іс-әрекетті өзінің ерік қалауымен жаратады деген пікірді қолдап, үлкен күнә істеген кісі иманнан шыққанымен, кәпір болмайды деген түсінікті ұстанды. Муғтазила ғалымдары өздеріне пікірі қарама-қайшы келген, кейбір адасқан мәзхабтармен және өзге дін өкілдерімен күресу жолында көптеген еңбектер жазды. Осы ғасырларда жазылған ақидаға байланысты еңбектердің мазмұны негізінде Алланың сипаттары; Тағдыр; Үлкен күнә істегеннің жағдайы; имамдық (халифалық) мәселесі төңірегінде болды.

Әһли сүннет ақидасының іргетасы хижридің I ғасырында қаланды. Бірақ, бұл кезеңдегі шығармалар ақида тақырыбына байланысты мәселелердің бәрін толығымен қамтымай, әсіресе адасқан ағымдарға қарсы жауап беру мақсатымен кішігірім шығармалардан тұрды. Ал ақиданы біршама толық қамтитын негіздер – Хижридің ІV ғасырында Имам Әшғари (872-936) мен Имам Матуриди (852-944) сынды ғалымдардың есімдерімен байланысты. Бір жағынан бұл имамдар кәлам ілімінің ұстаздары болғандықтан, әһли сүннет ақидасын түсіндіріп, үйрететін кәлами ерекшеліктерге ие болды.

Ал фиқһ ғалымдарынан ақидаға байланысты алғашқы еңбекті Имам Ағзам Әбу Ханифа (өл.767 ж.) жазды. Ислам ғұламасының «Әл-Фиқһул әкбар», «Әл-Фиқһул әбсат», «Әр-Рисәлә», «Әл Алим уәл-мәтәаллим» және «әл-Уасия» атты әйгілі шығармалары осы ақида мәселелеріне арналған .

Аббасидтер кезеңінде (750-1258) ислам ақидасына тағы бір ушыққан мәселе тудырған сала – пәлсафа болатын. Пәлсафалық еңбектер әсіресе Халифа Мәмунның (813-833 ж.) әмірімен грек тілінен араб тіліне көптеп аударылды. Көп ұзамай-ақ, мұсылман пәлсафашылар дүниеге келді. Олар ақида тақырыптарын пәлсафалық тұрғыдан қарастырып, яғни сенім негіздерін ақылға жүгіне отырып дәлелдеуге тырысты. Өкінішке қарай, мұндай әдістердің көпшілігі Құран мен хадиске қайшы келіп отырды. Пәлсафашылардың мұндай әрекеттері ислам ғалымдарының оларға қарсы шығуына, керек болса кейбіреуін кәпір деуге дейін алып барды. Бір жағынан ақылды бірінші негіз етіп алған Муғтазила мен ислам пәлсафашыларының ғылыми әрекеттері әһли-сүннет ғалымдарының жүйелі жұмыс істеуіне септігін тигізді.

Әйгілі ғұлама Имам Ғазали (өл.1111 ж.) ислам әлеміндегі пәлсафаның 20 мәселеде дінге қайшы келетіндігін «Тахафутул фәләсифа» атты еңбегінде дөп басып көрсетті. Имам Ғазали бұл мәселелерді жан-жақты зерттеп барып, қорытынды жасай келе дінге қайшы келетін 20 мәселенің үшеуінде ислам пәлсафашылары үлкен қателікке ұрынғандығын айтады. Осы қателіктерінінің маңыздылық деңгейіне байланысты оларды кәпір деп айыптауға дейін барады. Қалған 17 мәселе бұл үш мәселеге қарағанда айтарлықтай қауіпті емес. Бірақ, түптеп келгенде осы 17 мәселенің өзі адам санасын адасушылыққа жетелейтіндігіне тоқталады.

Ғалымның пікірінше пәлсафашыларды күпірлікке апаратын төмендегідей үш мәселе бар:

1. Әлем Алла сияқты әзәли, яғни әуелден бері бар. Пәлсафашылардың айтуынша әлем заттық тұрғыдан хадис (кейіннен жаратылған), заман тұрғысынан ғана әзәли, яғни әуелден бері бар. Бұлай болғанда, мұның мағынасы Алла заман және уақыт тұрғысынан емес, заттық, материалдық тұрғыдан әлемнен бұрын болған дегенге саяды.

2. Алла жузи (кішкентай, бөлшектер) нәрселерді білмейді. Өйткені, оқиғалар мен жағдайлар сәт-сайын өзгеріс үстінде. Оқиғалар өзгерген кезде оған байланысты мәліметтің де, білушінің де өзгеруі тиіс. Егер, Алла жүзиятты біледі дейтін болсақ, Алланың болмысы да өзгеруі тиіс. Алайда Алланың болмысында өзгеріс болмайды. Себебі оның заты, болмысы әртүрлі өзгерістерден пәк дейді.

3. Ақыретте өлгеннен кейін қайта тірілу кезінде адамдардың махшар алаңына жиналуы рухани тұрғыдан болады. Яғни, пәлсафашылар ақыретте өмірдің  болатындығын қабыл етеді, бірақ ондағы өмірдің тәнмен емес, тек рухани тұрғыдан болатындығын айтады.

Имам Ғазали осы үш мәселенің Құран аяттары мен Пайғамбар хадистеріне қайшы келетіндігін айта келіп, ислам пәлсафашыларын күпірлікке жол берді деп тұжырым жасаған. Адасушылыққа апаратын қалған 17 мәселенің басты-бастылары төмендегідей болып келеді:

1. Әлем мәңгілік, жоқ болып кетпейді (дініміз бойынша Алла Тағаладан өзге ешнәрсе мәңгілік емес).

2. Алланың ілім, құдірет деген сипаттары жоқ (суннит мұсылмандардың көзқарасы бойынша Алланың зати және субути сипаттары бар. Алланың өздігінен бар болуы, ешнәрсеге мұқтаж болмауы мен мәңгілік болуы зати сипаттары болып табылады да ілім, құдірет, басар секілді сипаттары субути сипаттарына жатады).

3. Жарықтың күннен еріксіз шыққаны тәрізді, әлем де Алланан шыққан. Қалайша күннен жарық сәуле өздігінен шықса, әлем де Алланан сол секілді өздігінен пайда болған. Күнмен бірге жарықтың да болатыны секілді, Аллаһпен бірге әлем де болады (Алла Тағала Құранда аспан мен жерді алты күнде жаратқандығын айтады. Олай болса, әлем Алланан шыққан болмайды, Алла оны жаратқан болады).

4. Адамның рухы мәңгілік, ол ешқашан жоқ болып кетпейді (асылында, мәңгілік тек Алла Тағала ғана).

5. Аспан әлемі тірі болып, қозғалыс әрекетімен Аллаға ғибадат етеді, әрі мойынсұнады .

Жоғарыдағы күпірлікке апаратын үш мәселені ислами тұрғыдан ашып, талдайық:

1. Алланың зати сипаттарының біреуі «Қидәм». Қидәмнің мағынасы – бастауы жоқ. Алла әуелден бері бар және бұл сипат тек Аллаға ғана тән. Әуелде, минус шексіздікте Алланан басқа ештеңе жоқ еді. Аятта да бұл мәселені былай келтіреді: «Ол Алла әуелгі әрі соңғы» (57. Хадид-3). Ал әлем болса Алланың жаратуымен кейіннен болған материя. Сондықтан әлем ешқашан әуелгі бола алмайды. Себебі, әлемнің жаратылуына байланысты Құранда көптеген аяттар бар екендігі баршамызға мәлім. Мысалы:

«Көктер мен жерді жоқтан бар етуші» (6. Әнғам-101).

«Күдіксіз Раббыларың сондай Алла көктер мен жерді алты күнде жаратқан. Сонан кейін ғаршыны меңгерген. Бірін-бірі қуалап, күндізді бүркеген түнді және күн мен айды, жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату мен бұйрық беру Оған тән» (7. Ағраф-54), (10. Юнус-3).

«Ол Алла, қайсыларың жақсы амал істейді деп, сынау үшін көктер мен жерді алты күнде жаратты» (11. Худ-7).

«Әуелде көк пен жер бір тұтас еді. Біз екеуінің арасын ажыраттық, жанды мақұлықтың барлығын судан жараттық. Кәпірлер осыны қалай білмейді. Оған неге сенбейді?» (21. Әнбия-30).

Осы айтылған аяттардан шығатын қорытынды, әлем кейіннен 6 күнде жаратылған, оның ешқандай да әу бастан бері болмағандығы айдан анық (қосымша мағлұмат үшін мына аяттарды қараңыз: Хижыр-85; Нахыл-3; Фурқан-59; Фуссилат-11; Қаф-38; Хадид-4).

2. Алланың жузи нәрселерді білмеуі мүмкін емес. Өйткені, Алла бүкіл мақлұқатты жаратқандықтан барлық нәрсені біледі. Яғни болғанды, болатынды, ашықты, жасырынды, құпияны, адамның не істегенін, керек десеңіз жер бетіндегі бір ағаштан түскен жапырақты да біледі. Себебі, Алланың «алим» деген сипаты бар. Аятта бұл мәселені былай келтіреді: «Ғайыптың (көместің) кілттері Оның жанында. Оны Ол өзі ғана біледі. Және құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де Алла оны біледі» (6. Әнғам – 59). Ендеше, Алла қалайша жузи (кішкентай, бөлік пен бөлшектерді) нәрсені біле алмайды дейміз? Әлбетте, бұл қисынсыз тұжырым. Басқалай болған жағдайда Алланың сипаттарына нұқсандық келтірген болып шығамыз.

3. Өлгеннен кейін қайта тірілудің тәнмен емес, жанмен болатындығын айту шынында да аса қауіпті күпірлік. Өйткені, ислам дінінің иман негіздерінің бірі өлгеннен кейін қайта тірілуге иман ету болып табылады. О дүниеде адамның әрі тәнімен, әрі жанымен тірілетіндігін баяндайтын көптеген аят пен хадистер бар. Қайта тірілудің тәнмен, әрі жанмен болатындығына мына аят айқын дәлел бола алады: «Олар өздерінің қалай жаратылғанымен жұмыстары жоқ. «Міне, мына шіріген сүйектерді кім тірілтеді?» - деп бізге дәлел айтпақшы болады. Сен оларға айт: «Оны тірілтетін (сол адамды) әу баста жаратқан құдіретті Аллаһ. Ол бар нәрсені біліп тұрады» (36.Ясин 78-79). «Негізінен ондай аяттарымызға қарсы шыққандарды жедел тозаққа саламыз да, олардың терілері жанған сайын азапты татулары үшін, оны басқа терілерге ауыстырамыз. Шәксіз Алла тым үстем, хикмет иесі» (4.Ниса-56).

Екінші айтылған аят тозақтағы адамның халін бейнелеген кезде оның тозақ отында жазалануы тәнімен, әрі жанымен болатындығын ашық түрде білдіруде. Иә, бұл аяттың түсуіне Меккелік мүшріктер себеп болған еді. Олар Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, о дүниедегі азаптың болмайтындығын, әрі болған күннің өзінде отқа бір-ақ рет жанған соң, азапталмаймыз деп, ақырет өмірін жоққа шығарған еді. Сонда Алла Тағала өзіне қарсы келушілердің тозақта бір рет жанып, азаптан құтылып кете алмайтындығын, керісінше жанған тәнге ет пен тері қайта кигізу арқылы одан әрі азаптайтындығын, бұл процесс пенденің жазасы біткенге дейін мәңгілік жалғаса беретіндігін осы аят арқылы ескертеді.

0 пікір