Алланың сипаттары жайында (әл-Фиқһуль Әбсат)
Алланың сипаттары жайында (әл-Фиқһуль Әбсат)
4 жыл бұрын 3612

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деді:

«Алла Тағала жаратылыстардың сипаттарымен сипатталмайды. Алланың ашуы мен ризалығы – Оның сипаттарынан болған «кәйфиәті жоқ» екі сипат. Бұл – Әһлу сүннә уәл жамағаттың сөзі. Алла Тағала ашуланады, әрі риза да болады. «Ашуы – жазасы, ал ризалығы – сауабы» деп айтылмайды. Ол өзін қалай сипаттаған болса, біз де Оны солай сипаттаймыз. Ол – жалғыз. Ол мұңсыз. Тумаған да, туылмаған. Оған тең келер ешкім жоқ. Ол - тірі. Әр нәрсенің бар болуы оған байланысты (Қайюм). Әр нәрсеге Қадір. Естуші. Көруші. Білуші.

«Алланың қолдары олардың қолдарының үстінде» (деген аяттағы Алланың қолдары ) – адамдардың қолдары сияқты емес және ағзадан тұрмайды. Алла - қолдардың жаратушысы.

Алланың жүзі – адамдардың жүздері сияқты емес. Ол – барлық жүздердің жаратушысы.

(Әнғам сүресіндегі «Алла өзіне (аля нәфсиһи) мейірім етуді жазды» деген аяттағы) Алланың өзі (заты, болмысы) – адамдардың «өзі» (болмысы) сияқты емес. Ол барлық заттардың, болмыстардың жаратушысы. Құранда: «Оған еш нәрсе ұқсамайды. Ол естуші, көруші», - делінген[1].  

Әбу Мутыйъ әл-Бәлһи (рахматуллаһи алейһ):
-Алла қайда делінсе, оған не айтар едіңіз?

Әбу Ханифа:
- Оған былай делінеді: Жаратылыстар жаратылмастан бұрын Алла Тағала бар еді, алайда, мекен, орын жоқ еді. «Қайда» болмай тұрып (мекен болмай тұрып) және жаратылыстар, еш нәрсе болмай тұрғанда Алла Тағала бар еді. Ол – барлық нәрсенің жаратушысы.

«Қалаушы бір нәрсенің (болуын) қалағанда, не нәрсемен қалады?» – деп сұралса, «Сипатымен қалады» деп айт. Ол (Алла) құдіреті күшті, әр нәрсеге «құдіреттілігімен» қадір. Ол – білуші, (әр нәрсені) «білуші» сипатымен біледі. Ол (барлық нәрсенің) қожайыны, «мәлик» сипатымен иелік етеді...

«әл-Фиқһул Әбсат» атты кітаптан үзінді.
Аударған: А. Қасым.


[1] Құран Кәрім, «Шура» сүресі, 11 аят.

0 пікір