Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиетінің түсіндірмесі: Мәсіге мәсих тарту - уәжіп (9-ереже)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиетінің түсіндірмесі: Мәсіге мәсих тарту - уәжіп (9-ереже)
9 жыл бұрын 22723
Абдусамат Қасым

Бисмиллаһир рахманир рахим

әл-Уасия, ТОҒЫЗЫНШЫ ЕРЕЖЕ: 
«Мәсіге мәсих тарту жайында»

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді:

  • Біздің сеніміміз бойынша, жолаушы емес адамға бір күн және бір түн, жолаушы адамға үш күн және үш түн мәсіге мәсих тарту - уәжіп. Хадисте осылай айтылған. Кім оны қабыл етпесе кәпір үкіміне кіріп кете ме деп қорқамын. Себебі хадистің дәрежесі мүтәуәтір хадис деңгейіне жақын.

  • Жолаушы кезде намазды қысқартып оқуға және ораза айында ауыз бекітпеуге рұқсат. Оның рұқсатттығы Құран аятымен бекітілген. Намазды қысқартып оқу жайында Алла тағала былай дейді: «Қашан жер жүзінде сапарда болсаңдар, сендерге намазды  қысқартып оқуларыңда күнә жоқ...»[1]Ауыз ашуға қатысты Алла тағала былай дейді: «Сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде (қазасын) өтер...»[2]

 

Түсіндірме:

Мәсі киюдің үкімі  рұқсатқа байланған. Оның рұқсат екендігіне сену уәжіп. Ұлық Имамның жоғарыдағы «уәжіп» сөзі осыны білдіреді. Әһлу сүннет ғұламалары мәсіге мәсих тартудың рұқсат екендігіне сенеді. 

Мәсінің уақыты - жолаушы емес кісіге бір тәулік. Жолаушы кісіге - үш тәулік. Әзіреті Әли және одан басқа бір топ сахабалардан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Мәсіге жолаушы емес адам бір күн және бір түн мәсих тартады. Ал жолаушы үш күн, үш түн мәсих тартады»,[3] - деген.

«Мәсіге мәсих тарту деген нәрсе дінде жоқ» деген кісінің кәпір болу ықтималдығы басым. Олай болуының себебі, мәсіге қатысты хадисті риуаят етушілер саны өте көп. Табиғин (сахаба көрген адам) ғалым Хасан Басри былай дейді[4]

«Мен жетпіс шақты сахабаны жолықтырдым. Олардың барлығы мәсіге мәсих тартуға қатысты хадистер риуаят етті». 

Ханафи мәзхабының XI-ғасырда өмір сүрген ғалымы Имам Сәрәхси[5]:

«Мәсіге мәсих тарту үкімі мүтәуәтір деңгейіне жақын  мәшһүр (кең таралған) хадисімен бекітілген», - дейді. 

Мәшһүр хадиспен бекітілген үкімді жоққа шығарған кісі кәпір болмаса да, адасушылар қатарынан орын алады[6].

Хадистерді үш түрге бөлсек болады: Мүтәуәтір, Мәшһүр және Ахад хадистер.   

Мүтәуәтір хадис деп – пайғамбарымыздан бастап, соңғы естуші кісіге дейін өтірік деуге мұрша бермейтіндей көпшілік тарапынан жеткен риуаятты айтамыз. Мысалы, бес уақыт парыз намаздары, зекет беру т.б.   

Мәшһүр хадис деп – алғашқы буынғы (сахабалар кезеңі) хадисті риуаят етушілер саны аз. Бірақ одан кейінгі екінші және үшінші дәуірде (табиғин және атбәғут табиғин кезеңінде) олардың саны күрт көбейіп, мүтәуәтір деңгейіне жеткен хадисті айтамыз.

Ахад хадис деп – риуаят етушілердің саны жағынан алдыңғы екі хадис (мүтәуәтір және мәшһүр) деңгейіне жетпеген хадистерді айтамыз[7].

Мүтәуәтір хадиспен бекітілген үкімді жоққа шығарған кісі кәпір болады. Мәшһүр хадиспен бекітілген үкімді жоққа шығарған кісі кәпір болмаса да, адасушылар қатарынан орын алады[8].

Мәсіге мәсих тартудың рұқсаттығы жайында айтылған хадистер осы мәшһүр хадис қатарына кіреді. Сол себепті, әлдекім шығып мәсінің рұқсаттығы жайында айтылған хадисті қабыл етпеймін, мәсіге мәсих тартуға болмайды дейтін болса, ол адам адасқан, бидғатшы болады. Тіпті, кәпірлер қатарынан орын алуы да ықтимал. Өйткені, мәсіге қатысты айтылған риуаяттардың көптігі соншалықты, мүтәуәтір дәрежесіне жақын. Ал, мүтәуәтір хадиспен келген үкімді жоққа шығару адамды кәпір етеді.

Шииттердің «Имамия» тармағы және «Харижит» ағымдағылар[9] мәсіге мәсих тартуға қарсы шыққан еді[10].

Қорытынды:

  1. Әһлу сүннет сенімінде мәсіге мәсих тартуға рұқсат.
  2. Мәсіге мәсих тартуды жоққа шығарған адам – адасқан, бидғатшы.
  3. Мәсіге мәсих тарту мүтәуәтір дәрежесіне жақын мәшһүр хадиспен бекітілген.
  4. Мәсіге мәсих тартудың рұқсат екендігіне сену – уәжіп.

[1] Ниса сүресі, 101-аят.
[2] Бақара сүресі, 184-аят.
[3] Мүслім; Нисаи; Ибн Мәжә; Әбу Дәуід; әт-Тирмизи; Ахмәд.
[4] Әл-Бәбәрти – Шархул уасия. 115 бет.
[5] Имам Сәрәхси – әл-Мәбсут 1/97-99 беттер.
[6] Әл-Фурфур – әл-Мүзһәб фи Усулил Мәзһаб , 1 том. 435 бет. Имам Әбу Юсуф сынды ғұламалар мәшһүр хадисті жоққа шығарған кісі кәпір болады десе де, ханафи мәзхабында қабыл етілген пікір бойынша, кәпір емес, адасушылар қатарынан орын алады. Имам Әбу Юсуф оны мүтәуәтір хадистің деңгейінде көрген. 
[7] Нурал Әнуар шархул Мәнәр, «әс-Сүннә». Кәшфул әсрар – 2/4-13 беттер.
[8] Әл-Фурфур – әл-Мүзһәб фи Усулил Мәзһаб , 1 том. 435 бет.
[9] Әзіреті Әлидің кезеңінде бой көрсеткен радикалды діни-саяси ағым.
[10] Әл-Бәбәрти – Шархул уасия. 116 бет.

1 пікір