Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Иман артпайды және кемімейді (2-бөлім)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Иман артпайды және кемімейді (2-бөлім)
2 жыл бұрын 4541
Абдусамат Қасым

Иман артпайды және кемімейді
(1-ЕРЕЖЕ/2-бөлім).

Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла оған разы болсын) былай дейді: 
• Иман артпайды да, кемімейді де! Өйткені, иманның кемуі тек күпірліктің артуымен ғана жүзеге асады, ал иманның артуы күпірліктің азаюымен ғана болмақ. Бірақ, адам қалайша бір мезетте мұсылман әрі кәпір болуы мүмкін?! (яғни, адам қалайша жартылай кәпір, жартылай мұсылман болуы мүмкін?).
Иман келтірген кісі ол – шынайы (жүрегімен) сенген кісі. Кәпір ол – анық жоққа шығарушы. Иманға күмән араласуы мүмкін емес. Тура сол секілді, күпірлікке де иман араласпайды. (яғни, кәпір ол – кәпір. Жартылай мүмін болуы мүмкін емес). Себебі, Алла Тағала (мүміндер жайында): «Міне олар шынай иман еткендер», – десе, кәпірлер жайында: «Міне олар анық сенбейтіндер», – деген.

 

Түсіндірме:

Осының алдында жазғанымыздай, иман – тасдиқ және иқрардан, яғни, жүрекпен растап, тілмен айтудан тұрады. «Растау ісі» өз алдына алып қарағанда артуды немесе кемуді қабыл етпейді. Бұл жердегі айтпағы иман сан (мөлшер) жағынан артпайды және кемімейді. Осы тұрғыдан қарағанда, барлық мүмін-мұсылманның иманы тең дәрежеде. Біреуінің иманы екіншісінен көбірек немесе азырақ деп айта алмаймыз. Имам Ағзамның «иман артпайды және кемімейді» деуінің мәнісі осында.

Бұған былай мысал келтіруге болады: Біздің елордамыз – Астана қаласы. Бұған ешкімнің күмәні жоқ, бәріміз бұл мәселеде сеніміміз нық, оны бәріміз растаймыз, мойындаймыз. Ешкімнің растауы, ешкімнен артық немесе кем емес. Солтүстікте тұратын қандастарымыздың бұл тұрғыда сенімдері, оңтүстіктегілердің сенімдерінен артық дей алмаймыз. Екеуі де бірдей дәрежеде Астананы еліміздің бас қаласы екеніне нанады, растайды. Иманның сан (мөлшер) жағынан артпауы және кемімеуі осындай секілді.

Бірақ, иман сапа жағынан қарағанда әлсіз немесе күшті (қуатты) болуы мүмкін. Мәселен, біздің иманымыз сапа жағынан қарағанда Әзіреті Әбу Бәкірдің иманынан төмен. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әбу Бәкірдің иманымен барлық адамдардың имандарын жинап таразыға тартса, Әбу Бәкірдің иманы ауыр басады», – деп ардақты сахабаның иманы өзгелердің иманымен салыстырғанда күшті әрі қуатты екендігін білдіреді. Бұл иманның сапа жағынан әртүрлі болатынын меңзейді.

Сондықтан да болар Имам Тахауи бұл мәселеге қатысты былай дейді:

«Иман ол – біреу. Иман иелерінің сенімдері де бірдей. Ал бірін екіншісінен (иман мәселесінде) артық етіп, бір-бірінен үстем етіп тұрған нәрсе, ол – тақуалығы, нәпсіге берілмегендігі және үнемі ең абзалын орындағандығы болып табылады».

Ханафи ғалымы Мулла Алиюл Қари бұл мәселені былай түсіндіреді:

«Келіспеушілік иманның азаюы мен көбеюі төңірегінде туындайды, яғни иманның «сандық (кәммият)» жағынан әртүрлі болуы мүмкін бе, мүмкін емес пе деген мәселе төңірегінде өрбиді. Өйткені, арту мен кему сөзі көбіне мөлшерді білдіреді. Ал «сапа (кәйфият)» мәселесінде, яғни иманның қуаттылығы мен әлсіздігі мәселесі тұрғысында, мұнда ешбір талас жоқ...»

Демек, иман сан (мөлшер) жағынан артпайды және кемімейді. Бірақ, сапа жағынан иман «әлсіз» немесе «күшті» болуы мүмкін.

Иманның сапа жағынан артуы мен кемуіне қатысты мына бір мысалмен тарқатып айталық. Жер бетіне жылу мен жарық тарататын күннің бар екендігіне соқыр адам да, көзі көретін адам да сенеді. Бірақ, көзі көретін адамның сенімі сапа жағынан соқыр адамның сенімінен артық. Сол секілді Пайғамбарымыздың иманы сапа жағынан, біздің иманымыздан әлдеқайда күшті, қуатты. Бірақ сан, мөлшер мәселесінде иманымыз тең.

Осы тұрғыда Әбу Ханифаның шәкірті, беделді ғұлама Имам Мұхаммедтің мына сөзі тақырыбымызды аша түсері анық:

«Әлдекімнің «менің иманым Жәбрейіл періштенің иманындай» деген сөзін құптамаймын. Бұның орнына «Жәбрейіл періштенің иман еткен нәрселеріне мен де иман еттім» деуі – дұрыс», – дейді ғұлама.
АУЫР КҮНӘ ЖАСАҒАН МҰСЫЛМАНДЫ КӘПІР ДЕМЕЙМІЗ 

Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла оған разы болсын) былай дейді:
Мұхаммед Пайғамбардың (ғ.с.) үмметі ішінде иман етіп, бірақ ауыр күнә жасағандардың бәрі шындығында мүмін-мұсылман болып табылады. Олар (күнәһәр болғанымен) кәпір емес.

Түсіндірме:

Әбу Ханифа «Әл-Фиқһул Әкбәр» атты кітабында осы мәселені былай тарқатады:

«Мұсылманды қандай да бір күнә жасағаны үшін кәпір демейміз. Тіпті ауыр күнә жасаса да үкім осындай. Оны иман шеңберінен шығарып тастамаймыз, шын мағынада мүмін-мұсылман деп есептейміз, бірақ ол «күнәһәр мүмін» болып саналады. Дегенмен кәпір емес. Ал жасаған күнәсін халалға шығарса, онда кәпір болады» [4].

Имам Ағзам бұл мәселені тілге алуының да өзіндік себебі бар.  Өйткені, сол замандары бой көрсеткен Мұғтәзилит* ағымындағылар үлкен күнә жасаған мұсылмандар бұл дүниеден тәубе етпей өтер болса, кәпірлер секілді мәңгі тозақта қалады деп сенген. Бірақ ондай мұсылмандар кәпірлерге емес, күнәһарларға арналған азапты тартады-мыс. Яғни, оларға кәпірлерге арналған азап таттырылмайды екен. Мұғтәзилиттер үлкен күнә жасаған мұсылманды иманнан шығады, бірақ кәпір болмайды деп есептейді. Дәлірек айтқанда, иман мен күпірдің ортасындағы бір орынға ие болады деп сендіреді. Ал харижит* ағымындағылардың сенімі бойынша, мұсылман күнәнің мейлі үлкені, мейлі кішісі болсын, қайсысын жасаса да, ол – кәпір. Ол мәңгі тозақта күйеді.

Аталмыш екі ағымның алға тартқан пікірлердің екеуі де, Құранның ашық аяттары мен Пайғамбардың (с.а.у.) хадистеріне теріс. Құран Кәрімде келтірілген кейбір аяттарда күнә жасаған мұсылмандарды «мүмін-мұсылман» деп атаған. Мысалы, Тахрим сүресінде «Әй мүміндер! Аллаға шынайы тәубе қылыңдар. Раббыларыңның жамандықтарыңды жойып, астарыңнан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізетінінен үміт етіңдер...», – делінеді. Осы аятта күнә жасаған мұсылмандарды кәпір деместен, «Иман еткендер» деп, күнәлары үшін Ислам шеңберінен шықпағанын, бірақ жасаған күнәсі үшін шынайы тәубе етуі керек екендігін ашық баян етілуде.  Осындай дәлелдерге сүйене отырып Әһлу сүннет ғалымдары, оның ішінде Әбу Ханифа да бар (р.а.):  жасалған күнә мұсылманды иман шеңберінен шығармайды. Жүрегінде иманы бола тұра, үлкен күнә жасап, тәубе етпестен о дүниеге аттанған адам, Алланың алдында жауап береді. Жаратушымыз қаласа оны кешіріп, тозаққа тастамай пейішке кіргізуі мүмкін немесе жасаған күнәсінің жазасын тартқанға дейін белгілі бір мерзімге тозаққа тастап, кейін ол жерден шығарып жұмаққа кіргізеді. Күнәһәр мүмін тозақта мәңгі қалмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) да: «Жүрегінде зәредей иманы болған адам тозақта мәңгі қалмайды», – деген.

Бұл айтылғандардан шығарылатын қорытынды:

1.Адамның иманы сан (мөлшер) жағынан артпайды да кемімейді. Осы тұрғыда барлық мүмін-мұсылмандардың иманы бірдей.

2.Иман сапа жағынан әртүрлі болуы мүмкін. Мұны жүректегі тақуалық пен ықылас-ынтаның әлсіздігі мен күштілігі жағынан қараған дұрыс. Тақуа жанның жүрегіндегі иман нұры өзгемен салыстырғанда қуаттырақ.

3.Күнә істер адамды иманынан айырмайды. Аллаға сеніп, өзін мұсылман санайтын адам үлкен күнәға барғандығы үшін кәпір болмайды. Оны күнәһәр мүмін-мұсылман ретінде есептейміз. Ол жасаған күнәсі себепті Алланың алдында жауап береді.

________________________________________

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Али ибн Султан Мұхаммед әл-Қари – Минах ар-Раудил әзхар фи Шархил Фиқһил Акбәр. «Дәрул Бәшәир әл-Исләмия». Бейрут-Ливан, 1998 ж.
2.Әбу Юср Мұхаммед Әл-Бәздәуи – Усуллуддин. «әл-Мәктәбату әл-Әзхария әт-Турас», Каир-Египет,  2005 ж.;
3. Әкмәлуддин Мұхаммед Әл-Бәбәрти әл-Ханафи - Шарху Уасыяти Әби Ханифа. «Дарул фатх», 2009 ж.
4. Фиқһул Акбар
*Мұғтәзилия-ақылды аят және хадистен үстем тұтатын діни-философиялық ағым. Кәләм ғылымының тууына септігін тигізді.
*Харижия-Әзірет Алидің халифалығы кезеңінде туындаған діни-саяси ағым.  

1 пікір
  • ма ша Аллах. "Періштеде ұялатын адам' туралы толық білгім келеді.


    4 ай бұрын