Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Ақыреттік амалдар үш түрлі (2-ереже/1-бөлім)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Ақыреттік амалдар үш түрлі (2-ереже/1-бөлім)
2 жыл бұрын 3101
Абдусамат Қасым
Әбу Ханифаның «әл-Уасия» атты  ақида  кітабының түсіндірмесі.
2-ереже/1-бөлім.

 

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді:
•  Ақыреттік іс-амалдардың үш түрлі екеніне сенеміз: Парыз, қосымша (фазилә) және күнәлі істер. «Парыз амалдар – Алланың бұйрығынан, Оның қалауымен, (Алла) жақсы көріп, риза болған күйі (туындайды). (Және парыз амалдардың орындалуы) Алланың жазмышынан (қаза-القضاء) және Оның тағдырынан (қадар-القدر) туындайды. Оның (біліуіне сай) жаратуынан, үкім қылып, (мұсылманға) тауфиқ беруінен, Лаухул махфузда (алдын ала) жазуынан туындайды.

Түсіндірме:

Ақыреттік іс-амалдар үш түрлі болып келеді:

1. Парыз. Парыз – бұлтартпас дәлелдермен бекітілген үкім. Парызды орындаған адам сауапқа бөленсе, себепсіз орындамаған адам күнәға батады, ал оның парыздығын өтіріксініп жоққа шығарса, Исламнан шығады.Парыз амалдарға намаз, ораза, зекет беру т.б. жатады.

«Бұлтартпас дәлелдер» деп – Құран аяттарын, мүтәуатыр хадистерді және мәшһүр хадистерді атауға болады.

Дегенмен, атап өткен дәлелдерде келген үкімдердің қайсы парыз, қайсы уәжіп, қайсы мубах (міндет емес) екендігін анықтау фиқһ ғұламаларының, оның ішінде усулул фиқһ (үкім шығару әдістемесі) саласындағы ғалымдардың еншісінде. Өйткені, Құранда «бұйрық раймен» келген кейбір үкімдер парыз емес, мубах болатынын білдіріп жатады. Оны анықтау үшін ғалым біріншіден, араб тілінің қыр-сырына қанық болуы тиіс, екіншіден, фиқһ пен усулул фиқһ саласының майын ішкен маман болу керек, үшіншіден, хадис пен тәпсір ғылымдарының білгірі болуы қажет. 

2. Қосымша. Қосымшаға сүннет және нәпіл ғибадаттар жатады. 

3. Күнәлі істер. Бұған харам немесе харамға жақын мәкрүһ істер жатады. Мысалы, ұрлық жасау, зина жасау, өсім жеу т.б. мәкрүһ істер болып табылады.

Парыз

Ал, енді, ұлық имамның жоғарыда парыз жайында айтқан сөздеріне түсініктеме берелік. 

«...(Парыз амалдар – Алланың бұйрығынан, Оның қалауымен, (онысын  Алла) жақсы көріп,  риза болған күйі (туындайды)...»

Түсіндірме:

Парыз амалдар – Алланың бұйрығымен бекітіледі. Сондай-ақ, Оның қалауымен жүзеге асады. Алла Тағаланың «Ирада»,  яғни, бір нәрсенің жүзеге асуын қалау сипаты бар. Әрбір орындалған істің пәленше уақытта, пәлен сипатта жүзеге асуы Алланың рұқсатымен, оның мақұл көруімен, солай болуын қалағандығынан болады. Мысалы, адамның бесін намазын оқуы да Алланың қалауымен жүзеге асып отыр. Құран Кәрімде: «Алла қаламайынша сендер қаламайсыңдар», – деп осы мәселеге ишара етіп тұр (Инсан сүресі, 30-аят).

Іс-амалдардың пенде тарапынан жүзеге асуының негізінде Алланың қалауы жатыр дедік. Егер, сауапты іс болса, Алла Тағала разы болған күйі, жақсы көрген күйі оның жүзеге асуын қалап, оны жаратады.

Әбу Ханифаның жоғарыдағы «...жақсы көруімен және разылығымен...» деген сөзінің төркіні осында жатса керек. 

«...(Парыз амалдардың орындалуы) Алланың жазмышынан (қаза-القضاء) және Оның тағдырынан (қадар-القدر)... туындайды...»

 Түсіндірме:

Алла Тағала қияметке дейінгі туындайтын жаратылыстардың жаратылу уақыттарын, орындарын, қандай ерекшеліктерде болатындықтарын т.б. әр нәрсенің егжей-тегжейін алдын ала біліп, оларды «лаухул махфуз» деп аталатын тағдыр тақтасына жазып қойған. Мұны «қаза» дейміз. Ал, кейіннен олардың біртіндеп жаратылуын «қадар» дейді[1].

Демек, жазмышты – қаза, ал жазмышқа сай жаратылуын – қадар дейді екенбіз.

Бұл қос терминнің бірін екіншсінің орнына қолданған ғалымдар да бар.

Осы тұрғыда Имам Мәтуридидің бұл қос терминге берген анықтамасын бере кетелік:

 «Қаза (القضاء)» сөзінің Құранда келген әртүрлі мағыналарын [2] тілге тиек ете отырып, мынандай да анықтамабереді: «Қазаның (القضاء) мағынасын былай деп түсіндіруге де болады: Әлдекім пәлен уақытта, пәлен істі орындайды деп Алла Тағала үкім етеді. Ол іс айтылған уақытта, айтылған күйі орындалады. Бұл (وحقّ هذا) – Алла Тағаланың ол істің болатынын алдын ала білді және соған орай (солай болады деп) үкім берді деген сөз...», – деп пайымдайды. «Ал, қадардың (тағдыр) екі мағынасы бар: біріншісі, жаманның жамандығын, жақсының жақсылығын, ақылдының ақылдылығын, ақымақтың ақымақтығын т.б. жасауды айтамыз (жасау – جعل)... Екіншісі, әр нәрсенің болатын уақыты мен туындайтын жерін және дұрыс немесе бұрыс, сауапты немесе күнәлі екендігін белгілеу» [3]. (Имам Мәтуриди, Китабут таухид). 

 «...(Сондай-ақ парыз амалдардың орындалуы) – Алланың тауфиқ беруінен...»

 Түсіндірме:

Тауфиқ – дегеніміз жамандық жолын жауып, жақсылық жолын ашу дегенді білдіреді.

Немесе тауфиқ – күнәдән жиреніп, сауапты іске ұмтылуға жол ашу. Мысалы, намаз, ораза сияқты парыздарды орындап жүрген болсақ, ол үшін Жаратушыға міндетсінбей, керісінше осы жолға бастап, өзінің бұйрықтарын орындауды бізге жеңілдетіп қойған Аллаға шүкір етуіміз тиіс. Құран Кәрімде осы жайында: «Олар саған мұсылман болғандығын міндет қылады. "Исламға кіргендеріңе міндетсінбеңдер, - де сен оларға.- Керісінше, сендерді имандылыққа бастаған Алла міндет қылсын. Егер, сендер анық шыншыл болсаңдар», – делінеді[4]. 

«..және Лаухул махфузға жазуынан туындайды».

 Түсіндірме:

Пенденің тура жолды таңдап, дін бұйрықтарын орындайтынын Алла Тағала алдын ала біледі және оны тағдыр тақтасына жазып қояды. Бірақ «дін бұйрықтарын орындасын» деп емес, «дін бұйрықтарын орындайды» деп жазады. Себебі, «дін бұйрықтарын орындасын деп жазады» десек, онда құлдың таңдау еркіндігін жоққа шығарған боламыз.

Тарқатып айтар болсақ, Алла «шексіз білім иесі» деген сипатына сай қияметке дейін болатын дүниелерді біледі. Мысалы, әлдекім өзінің бойындағы таңдау еркіндігіне сай дін жолын таңдап, құлшылығын орындап жүрген болса, оның осылай болатынын Алла Тағала алдын ала әзәлден біледі. Және солай болатындығын лаухул махфузға жазып қояды. Бірақ ол амалының лаухул махфузда жазылып қойылуы пендені ол амалды атқаруға мәжбүр етті деген түсініктен аулақ болуымыз керек.  Осы мәселені ұмытпау керек.

Осыған орай Әбу Ханифаның басқа бір кітабында былай делінген:

«Осы дүниеде және ақіретте болатын жағдайлардың барлығы Алланың қалауымен жүзеге асып, оның білуімен (пайда болады). Жазмыш пен тағдырға (сай жаратылып), Лаухул махфузға (алдын ала) жазылып қойылады. Лаухул махфузға «солай болсын» деп емес (үкім ретінде емес), сипаттамасы жазылады (қалай және не себепті болатыны жазылады. Яғни, былай болсын деп емес, былай болады, мынандай себептер арқылы болады деген секілді)» [5].   

________________________________________

[1] Әл-Бәбәрти, Шархуль Уасия, 81-бет.; әл-Жәуһаратул Мунифа, 8-бет.
[2] «Қада (القضاء)» сөзінің мағынасы: Алланың жаратуы (Сәжде сүресі, 12-аят), Алланың үкім қылуы (Таха сүресі, 72-аят) және Алланың әмір етуі (Әли Имран сүресі, 47-аят) деген мағыналарда қолданған.
[3] Имам Мәтуриди, Китабут таухид, «әл-Қаза уәл Қадар». 395-396-бет. Араб тілінде зерттеп-зерделеп баспаға дайындаған Б.Топалоғлу. Бәйрут-Ливан. Ыстамбұл-Түркия.
[4] Хужурат сүресі, 17-аят.
[5] Фиқһул Әкбәр, 133-бет.

0 пікір